Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алдымен өзіңізге төлеңіз

Алдымен өзіңізге төлеңіз

Жақында әлеуметтік желілердің бірінен төмендегідей жазбаны оқып қалдым. «Біз жұбайымыз екеуміз ғана осындаймыз ба? Алғашқы 5 күнде жалақының 90%-ын жұмсаймыз, қалған бір айға 10% -ын ғана жеткізуіміз керек болады...»

Бірер сағаттың ішінде жазба 18 000 лайк жинап үлгерді. Отбасылық бюджеттің жағдайынан хабардар ететін бұл постпен  18 000 адам келіссе,  18 000 отбасы осылай өмір сүреді деген сөз.  Бұл-тек аз ғана уақыттың ішіндегі жиналған цифрлар.  Шын мәнінде ақша жинай алмайтын адамдардан бөлек, қаржысын дұрыс жұмсай  да алмайтын жандар қаншама?! Кейбірі бар дәулетін жаратып әрі қарызға да батып үлгереді. Жазбаны оқып ойланып қалдым. Жалақысының 10 пайызын алдымен жинақ қаражатына салып яғни алдымен «өзіне төлеп», қалған 90 пайызын жұмсаса осы жазбаның авторы  қаржылық болашағы үшін уайымға салынбас па еді?

Біздің қоғамда «алдымен өзіңе төлеу» қағидасын ырым ретінде ұстанатындар да баршылық. Мысалы: көпшілік адамдар–жалақысын бірінші үйіне жеткізіп, сосын пайдалана бастайды. Тағы біреулер «егер үйде ақша болғанын қаласаңыз жалақыны бірінші өзіңізге, жақындарыңызға жұмсаңыз. Осыдан кейін ғана өзге қажеттіліктерге жарату керек» дейді.   Мұндай  ырым-тыйымдарға сену-сенбеу өз еркіңізде, бірақ жоғарыда біз айтқан «бірінші өзіңе төле» қағидасын бизнес алпауыттарының көпшілігі ұстанады. Бұл туралы Джордж Клейсоның «Вавилондағы ең бай адам» кітабынан, Бодо Шефер, Рэнди Гейдж, Роберт Кийосаки тәрізді әлемдік деңгейдегі бизнес-дәріс шеберлерінің бестселлерлерінен оқуға болады.

Өзінің қаржылық болашағын ойлаған кез келген адамға  дөңгеленген  сомадағы жинақ керек. Және оның инфляцияға құрбан болғаннан гөрі  иесіне табыс әкелетін іске жұмсалғаны дұрыс. Бизнес бастау әркімнің қолынан келмегенімен, кез-келген адам депозит аша алады. Бірақ, мүлдем депозит ашпайтындары да  бар ғой. Неге? Себеп: жалақы мүлдем жетпейді. Жоғарыдағы бизнес-дәріс мамандары мұндай жалақы жетпейтін адамдарды әрдайым «алдымен өзіңе төле» ережесін ұмыт қалдыратындар деп бағалайды. Олардың кеңесі бойынша көлеміне қарамастан әр жалақыңыздың 10 пайызын алдын-ала алып қалып отырған жөн.  Алайда адамдардың көпшілігі осы он пайызды барлық шығындардан құтылған соң, қалған сомадан алып қалуымыз керек деп есептейді.  Нәтижесінде әр айдың соңында (тіпті одан да тез) коммуналдық шығындарды төлеп, азық-түліктер алып және тағы да басқа керекті, керек емес заттарға ақша жұмсағаннан кейін әмиян түбінде нөлдер қалады. Тек қана нөлдер. Осылайша, әйтеуір бір күні ақша жинау керек деген ой айдан айға, жылдан жылға жалғаса береді.

Сеніңіз, мұндай әрекетіңізбен сіз ЕШҚАШАН ақша жинай алмайсыз.

Керісінше, әр айдың жалақысынан басқа шығындарды жабудан бұрын 10-15%  депозитке алып қоятын болсаңыз, біраз уақыт өткенде жинағыңызды қаншалықты  ұлғайғанына таң қаласыз. Таңертең тұрып тіс жуу, тамақ ішерден бұрын қол жуу және үнемі дәрігерге тексеріп тұру  тәрізді бұл әдет те  сіздің міндетті түрде орындалуы тиісті қағидаңызға айналуы керек. «Алдымен өзіңе төле» қағидасын  орындамастан ақша жинау мүмкін емес. Бұзылған көлігіңізге, жаңа гаджетті сатып алуға, мерекелік күндерге  және тағысын тағыларға қарамастан алдымен өзіңізге төлеңіз. Бұлардың барлығы қайталанып отыратын шығындар. Ал сіз дәулетті болғыңыз келсе, өзіңізге құрметпен қарауды үйренуіңіз керек. Иә, достарға, туыстарға, сіздің қажеттілігіңіз үшін жұмыс істейтін компанияларға, мемлекетке де төлеу керек. Бірақ ең алдымен - өзіңізге...

Ақша жинауды жалақы алған сәттен бастау керектігін білу үшін экономикалық білімнің  қажеті де жоқ. Тек мұқият болсаңыз жеткілікті. Қолда бар ақша міндетті түрде жұмсалады. Суретші болсаңыз бояулар бітеді, жаңа қылқалам немесе кенеп қажет болады немесе әлдебір кітапты  сатып алғыңыз келеді. Достарыңыз үшін шұғыл көмек керек болады,  тұрмыстық техника сынады немесе  тез арада бір жерге бару қажет болады.  Қаражатыңыз жұмсала береді. Сондықтан болашаққа қажетті жинақты қолыңызға ақша тиген сәтте-ақ бөлек алып қоюға тырысыңыз. Бұл өзіңізді, еңбегіңізді бағалау, құрметтеу. Алдымен «өзіңізге төлеуді» ұмытпаңыз!

Дінмұхаммед Алдаберген

Похожие материалы