Жаңалықтар
Алматы жолдарының сапасы зертханада сыналады: Жолсапа 250 шақырым жөндеуді бақылауда
Жолсапа мамандары жөндеу барысын тікелей нысандарда бақылап, жол-құрылыс материалдарының сапасын, жұмыстардың технологиялық талаптарға сәйкестігін және асфальтбетон жабындысын төсеу сапасын тексеруде.
Сапаны бағалау тек көзбен бақылаумен шектелмейді. Дайын жол жабынынан керн сынамалары алынып, зертханалық зерттеуге жіберіледі. Бұл сынақтар арқылы асфальтбетон қабаттарының нақты қалыңдығы, тығыздығы және басқа да маңызды көрсеткіштері анықталады.
Яғни жаңа асфальттың сапасы сыртқы көрінісімен емес, нақты зертханалық нәтижелермен бағаланады.
31 тамыздағы жағдай бойынша ұзындығы 32 шақырым болатын 15 магистральдық көшедегі жұмыстар аяқталған. Ал Жұбанов, Өтеген батыр көшелері, Алтынсарин және Абай даңғылдарындағы учаскелерде асфальтбетонның төменгі қабаты төселді. Алдағы демалыс күндері жоғарғы қабатты төсеу және жол таңбаларын сызу жоспарланған.
Орташа жөндеу кезінде жол жабыны толық ені бойынша жаңартылып, бүлінген тротуарлар мен арық науалары қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар биыл аудандық маңызы бар 300-ден астам көше жөндеумен қамтылмақ. Жұмыстарды 31 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Ал Ақжар, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жаңа жолдардың құрылысы жалғасып жатыр.
Жолсапаның нысандардағы бақылауының мәні де осында: жолды бүгін сапалы салу – оны ертең қайта жөндеуге кететін шығын мен уақытты азайтудың басты шарттарының бірі.
Сондықтан Алматыдағы жол жөндеу науқанының басты көрсеткіші – төселген асфальттың көлемі ғана емес, оның сапасын дәлелдейтін зертханалық нәтиже.





