Алматы. 20 шілде. 7kun.kz - БАҚ пен блогосфера өкілдері, сондай-ақ журналистика факультеттерінің студенттері үшін екінші рет «Қаржы журналистикасы бойынша жазғы мектеп» шарасы өткізілді. Бұл жолы Жазғы мектепке Іскерлік журналистика мектебінің түлектері де қатысты.
Шара Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және Іскерлік журналистика мектебінің қолдауымен өтті. Ондағы мақсат – журналистер мен блогерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру.
Биылғы жылғы оқу шарасына барлығы 30 адам қатысты. Қатысушылар бір күндік курстың бағдарламасы аясында әлемдік тәжірибеде зейнетақы жүйелерінің қандай түрлері бар екендігін, Қазақстанның зейнетақы жүйесі қалай құрылғандығын, сондай-ақ оның даму келешегі, жаңа енгізілімдер, зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілдері және БЖЗҚ баспасөз қызметімен байланыс орнату арналары туралы толыққанды мағлұматтар алды.
[caption id="attachment_74323" align="aligncenter" width="640"] Фото: enpf.kz[/caption]Қор қызметкерлері тыңдаушыларға көрнекі таныстырылымдарды көрсете отырып баяндама жасады. Зейнетақы жүйесінің деңгейлері, зейнетақы жарналары мен төлемдері, жинақтардың сақталу кепілділігі және басқа да тақырыптар туралы қарапайым тілмен әңгімелеуге тырысты. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілдері Қордың бастамасына қолдау білдіріп, тыңдаушыларға зейнетақы активтерін инвестициялық басқару, инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидалары және тәуекелдерді басқару жайында баяндады.
Курс материалдарын пысықтау және маңызды қағидаларды есте сақтауға ықпал ету үшін қатысушыларға төрт командаға бөлініп, тестілік сұрақтар түрінде әзірленген Kahoot желілік ойынын ойнау ұсынылды. Жеңімпаз атанған Іскерлік журналистика мектебінің түлектері әрі 7kun.kz ақпараттық агенттігінің штаттан тыс қызметкерлері Нұрила Әбдіманап пен Айару Өтенбаеваның командасы «БЖЗҚ-дағы бір күн» репортажын жасау және Алматы қалалық филиалының көшпелі мобильдік тобының жұмысын бақылау мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, бұл журналистердің қаржылай сауаттылығын арттыруға арналған, алғашқы жоба емес. Бұған дейін 7kun.kz ақпарат агенттігінің жанынан «Іскерлік журналистика мектебі» жобасы жүзеге асқан болатын. Үш айлық курста тыңдаушыларға ірі банктер мен қаржы ұйымдарының басшылары және тәжірибелі журналистер дәріс өткізді. Мектепті 32 жас журналист аяқтап, сегізі 7kun.kz ақпарат агенттігіне жұмысқа қабылданды. Жоба мақсаты — қаржы, экономика, бизнес тақырыптарында жазатын жас журналистер ортасын қалыптастыру.
Сондай-ақ осыдан 1 ай бұрын Қазақстанның қор биржасы мен Іскерлік журналистика мектебі қазақ журналистері үшін «Биржалық ақпарат көздері» тақырыбында семинар өткізген еді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024