Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық киімдер мен әшекейлерді қайдан алуға болады?

Ұлттық киімдер мен әшекейлерді қайдан алуға болады?

Күллі қазақ бар жақсысын киініп, жасанып шығатын бір күн бар. Ол - ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі. Наурыз тойы жақындағанда қазақы көйлек, шапан, камзол алу қарқыны күшейеді. Бірақ соңғы уақытта жақсы тренд байқалады дейді сатушылар. Олардың айтуынша, ұлттық киімдер мен әшекейлерді күнделікті өмірде киіп, тағып жүретіндер көбейген.

Ұлттық киімдерді Алматы қаласында қай жерден және қандай бағаға сатып алуға болады деген сұрақтың төңірегінде бірнеше жерді аралаған едік. Бірінші кезекте атақты "Барахолкаға" бардық. Ұлттық киімдерді ол жерде "Алатаудан" алуға болады. Қалауыңызға байланысты қымбатын да, арзанын да таба аласыз. Арзаны, әрине, көршілес қырғыз елінің өндірісі. Бір айта кетерлігі, Қырғызстан, Қытайда тігілген киімдер мен соғылған әшекейлердің арасында біршама айырмашылық болады. Ол тек сапасына ғана байланысты емес, ою-өрнектері де өзгеше. Елімізде әсіресе Батыс өңірде қазақылық көбірек сақталған. Содан да болар, Маңғыстау тұрғындары ұлттық киімдерді киюді әдетке айналдырған. 72

Жоғарыдағы көйлектерге қыз-келіншектердің қызығушылығы өте жоғары. Себебі мұндай көйлекті қонаққа барғанда, түрлі іс-шараларда киіп жүруге ыңғайлы. Бұлардың бағасы 28 мыңнан басталады. Ал егер кәжекей (жакет) киетін болсаңыз, бағасы - 18 мыңнан, камзолдар - 38 мың теңгеден жоғары.

73

Көпшілік камзол мен кәжекейді шатастырып, немесе барлығын камзол деп атап жүреді. Бұлардың өзіндік айырмашылықтары бар. Кәжекей - жеңсіз, жағасы кеңірек ойылған, етегі белден түсіп тұратын сырт киім. Қазіргі тілмен айтқанда, жакет десе болады. Ал, камзол - етегі кең әрі ұзын келетін жеңіл сырт киім. Бұл киімдерге тағылатын арнайы аксессуар бар. Ол - қапсырма деп аталады. Камзол , кәжекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асыл тасты, асты ілгекті әшекей. Оның астынғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. Олардың бағасы материалына байланысты әр түрлі. Күміс, асыл тасты болса бағасы жоғары. Ал, мелхиор сынды материалдан жасалғандары сәл арзанырақ.

84

Мынадай күміс қапсырмалардың бағасы 5000 теңгеден. Бұлар Түркияда жасалған. Кейде киімге әсемдік үшін олардың бірнешеуін қатар қадайды. Қамзолдың өңірінен сәл төмен олардың бір жұбын, кейде сәндік үшін бірнеше жұбын қатарластырып тігеді. Зергерлер қапсырмалардың гүл, жапырақ, таңба пішінді түрлерін жасаған. Оның жасауда талшықтап бұрау, өру, тоқу,түйіндеу, өріп шақшақтау, бунақтау, кесек металдарды ізбелестіру сияқты зергерлік әдістер қолданылады. Ел арасында қапсырманың үзбелі, жұмыр, жапырақша, көлемі теңге тәрізді түрлері кездеседі.

74

Жоғарыда жас қыз-келіншектерге арналған көйлектердің үлгісін көрсеттік. Енді орта жастағы әйелдерге арналған түрлері қанша тұратындығын анықтайық. Әдетте орта жастағылар көйлектің өзін ғана емес, камзолмен бірге кигенді жөн көреді. Сол себепті киім сататын жерлерде бұлар жинақпен жүреді. Жеке аламын дегендерге де қарсылық жоқ. Көйлектер 34 мыңнан, камзолдар 35 мыңнан жоғары. Бұдан бөлек белдемшелер де сатылымда. Олардың бағасы кем дегенде 18 мың теңге тұрады. Ал костюмімен бірге алар болсаңыз, 45 мың теңге шығаруға дайын тұрғайсыз.

- Наурызға дайындықты сонау жаз кезінен бері бастаймыз. Қандай киімдер сәнді, өтімді болар екен деп жан-жақты қараймыз. Бірақ осы жылы дағдарысқа байланысты сауда аса жүрмей жатыр. Былтырғымен салыстырғанда 15-20 пайызға сауда төмендеді. Ең арзан деген киімдердің бағасын қымбат санап, алмай кетіп жатқандар баршылық - дейді "Алатау" базарының сатушысы Аман.

75

Мектепте ұлттық киім кию міндетті. Сол себепті ұстаздар мен оқушылар ай бұрын дайындықты бастап кетеді. Бұл жердің киімдері көбіне Қырғызстаннан әкелінеді. Мәселен, мектеп және балабақша жасындағы балалар үшін асты-үстімен киім, бөрік пен сәукеле бағасы 3500-4500 шамасында.

79

Ал, сәукеленің өзі 2000 теңгеден жоғары. Тастарына, әдіптелген оюларына байланысты бағасы да өсе береді.

95

Сәукеле не бөрікпен қоса үкісін алу да міндетті. Сапасына орай 150-500 теңгеге таба аласыз.

77

Шапандардың да сапасына орай түр-түрін табуға болады. Жағалы түрлері, әрине қымбатырақ. Аман ағаның айтуынша, осы ұлттық киімдерді сатумен айналысуды жолдасы екеуі бірге бастаған көрінеді. 1994 жылдан бері осы салада келеді. Тауарларды тек көрші елдермен алып келіп қана қоймай, "Бейсерке" цехында өздері де тігеді. Олардың бағасы басқаларынан жоғары. Мәселен суреттегі шапандардың бағасы 12 500 теңге, ал Бішкекте тігілгендері - 4 500 теңге тұрады. 78

Made in Kazakhstan киімдердің ішінде қыз-келіншектерге арналған мынадай камзол бар. Ең көп сатылатындары да осылар. Сауданың жақсы жүргені сонша екі данасы ғана қалған екен. Бұларды 12 000 теңгеге сатып алуға болады. Әйелдердің камзолдары мен кәжекейлерінің бірнеше түрлері бар. Өздері "Бұқара" деп атап алған жылтыр сары оюлармен өрнектелгені 15 000 теңге тұрады. Бірақ бұл камзолдарды күнделікті өмірде киюге ыңғайсыз. Көбіне бишілер алады дейді сатушылар.

Түгелдей Қазақстанда жасалатын киімдер өте қымбат. Арнайы тапсырыспен, қолдан тігілетіндіктен бағасын арзан ете алмаймыз дейді өндірушілер. Осы ретте "Сымбат" сән академиясының киімдерін де шолып шықтық. Матаның сапасы, оюлар айтпай-ақ "қымбатпын" деп айқайлап тұр. Бұл жерде ұлттық киімдерді жалға да алуға болады. Өзінің құнына байланысты күніне 30-50 доллар шамасында. Ал, негізі оюлармен өрнектелген көйлек пен камзол бағасы 120-150 мың теңге. Кестеленбеген түрлері 80-90 мың теңге тұрады. 88

Камзолдардың бағасы ең кемі 20 мың теңгеден 350 мыңға дейін созылады.

90

Қаракүзен жағалы шапандар, құндыз бөріктер 350 мың теңге тұрады. Бұларды көбіне құдалыққа алады екен. Әйел адамдарға арналған камзол мен бөрік бағасы да шапанмен бірдей. Әжелерге арналған кимешектер 12 500 теңге.

89

Балаларға арналған кәжекей мен бөрік құны - 12 мың теңге. Сәукеле, бөріктердің бағасы 26 мың теңге тұрады.

Киімдерді реттеп алсақ, онымен бірге тағатын әшекейлер іздеуді бастаймыз. Соңғы кездері қазақы сырға, алқа, шашбау тағып жүрген қыздарды көзіміз көп шалады. Бұл жерде де сапасына байланысты арзан да, қымбаты да бар.

93

Мельхиордан жасалған мынадай жинақ (сырға, сақина, алқа) 4 500 теңге тұрады. Ал күміс жинақтар құны - 15 мың теңге.

92

Көшеден осындай сырға таққандарды жиі көреміз. Көк базарда бағасы 2 мың теңге тұрады. Ал, онлайн-дүкендерде (әсерісе Instagram желісінде) мың теңгеден де табуға болады. Дағдарысқа байланысты бағаларда аздаған өсім байқалады. Себебі жаз айында ғана осы сырғалар бағасы көк базарда мың теңгеден басталатын. Немесе сұраныс артуына байланысты да құны артуы мүмкін.

96

Наурыз күніндегі образыңызды ашатын, көрік беретін келесі әшекей - бесбілезік деп аталады. Бағасы 4 500 теңгеден жоғары. Ал, күміс білезіктер болса - 11-17 мың аралығында.

94

Сыңғыр шолпы шашбауың, Жарасады таққаның. Осы сәнің тұрғанда, Қаламаймын басқаны, басқаны деп әндетуші едіңіз бе? Шашбаулардың бағасы Көк базарда 5 500 теңгеден. Барахолка базарында 1 500 теңгеден басталады. Сонымен бірге мойынға тағатын үлкен алқалар құны 4 500 теңгеден жоғары.

Ұлттық нақыштағы әшекейлер, заттар көп сататын жерлерге "Алмалы" сауда орталығын алуға болады. Себебі қазақы заттар сататын дүкендер бір жерде шоғырланған. Десе де барлық дүкендерде тауарлар бағасы да, түрлері өте ұқсас. Сол тауарларды базардан да табуға болады. Ал Түркияда жасалатын әшекейлердің Алматыда бірнеше жерде нүктелері бар екен. "Алтын Тараз" сауда үйінде "Томирис" дүкені ұлттық әшекейлерге толы.

85

Мынадай сырғалар құны - 3000 теңге. Ал сақиналар болса - 2000 теңгеден.

83

Алқа, сырға және сақинадан тұратын жинақтар - 14-22 мың теңге аралығында.

81

Қолға тағатын браслеттер 5 мың теңгеден. Алқалар құны - 8-10 мың теңге аралығында.

87

Бес білезіктердің мынадай түрлері 9 мың теңгеден. Көріп тұрғаныңыздай, бұл жердегі әшекейлер басқаларынан өзгерек. Дүкен меңгерушісінің айтуынша, тұрақты келушілер көп. Бағалардың қымбаттау болуын бұл жерде де сапаға тіреп әкелді.

Наурыз мерекесі құтты болсын!

Дайындаған: Нұрбақыт ХАЛИ

Жадыра АҚҚАЙЫР

Похожие материалы