Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қалың қалай, Алматының хостелі?!

Қалың қалай, Алматының хостелі?!

Бір қарасаңыз, қонақүй. Ұсынатын қызметтері өте ұқсас. Ішіне енсеңіз, жатақхана сияқты. Яки бір бөлмеде алты-сегіз адам тұрады. "Хостел" деген атауға ие болған мұндай уақытша баспана туристер арасында сұранысқа ие. Шетелге шыққанда қалтамды қатты қақпайтын, қарапайым ғана бөлмені місе тұтамын десеңіз, сізге лайығы осы хостел. Соңғы кезде Қазақстанның ірі қалаларында көбейгені байқалады. Олардың ішінде ең көбі Алматыда. 7kun.kz тілшілері еліміздегі ең ірі қаланың хостелдерін аралап, жағдайымен танысып қайтты.

Хостел – ағылшын тілінен аударғанда «қонақ үй» дегенді білдіреді. Көпшілікпен бір шаңырақ астында тұруыңыз, ас үйде өзіңіз қожа болатындығыңыз студенттер үйін еске салады. Сонымен бірге туристік базаға да ұқсайды. Себебі туристердің көбі саяхат кезінде барынша үнемдеуге тырысады. Интернеттен ең арзан деген хостелдерді іздеп тауып, алдын-ала брон жасап қояды. Алматы қаласы бойынша жасалған жағдайына байланысты бағалары түрліше жүздеген хостелдер бар.

310Алматы қаласындағы хостелдер тәуліктік бағасы ең арзаны 1200 теңгеден басталады. Соңғы уақытта аталған бизнес трендке айналып келеді. Себебі бүгінде қалада жүзге жуық хостел бар. Өзіңізге ыңғайлы ауданнан, ыңғайлы бағаға іздеп таба аласыз. Бірінші болып бас сұққан жеріміз - "Ом" хостелі. Бағасы жөнінен ең арзан хостелдердің бірі.

301

Ас бөлмені еркін пайдалануға рұқсат. Өз үйіңіздей сезініп, тамағыңызды әзірлей беріңіз. Бұл хостел қонақтарына тек таңғы асты ғана ұсынады. Егер таңертең ботқа, шәй, салат пен тәтті жеймін десеңіз, үстіне 300 теңге қосуыңыз қажет. Ал түскі және кешкі астың қамын өзіңізге ойлауға тура келеді.

298

Бағасының арзан болғаны үшін бұл жерге келетіндердің көбі – туристер. Сол үшін де қаланың картасын іліп қойдық дейді хостел иелері.

300

Ал олармен қалай тіл табысып жүрсіздер деген сұраққа: «Google translate-тің көмегі орасан зор»-, деген жауап алдық. Біз барған сәтте қонақтардың көпшілігі түстен кейін демалып жатыр екен. Кіре берісте шетелдік жұпты көзіміз шалды.

309

Мэтью мен Сараның Қазақстанға келгеніне көп болмаған. Осы жерде екі аптадай тұрақтаймыз дейді. Хостел туралы интернеттен білген. Саяхаттау кезінде үнемі тиімді тәсілдерді іздейді екен. Аустралия азаматтарына Алматы бірден ұнаған. Нағыз туристер тамашалауға тұрарлық жер дейді. Әзірге мешіт, шіркеу, Шымбұлақ пен Көк базарды ғана көріпті. Алдағы аптада Астанаға, кейіннен Түркістанға арнайы баруды жоспарлап отыр.

Мэтью, хостел тұрғыны:

  • Біз көп саяхаттаймыз. Бұл біздің хоббиімізге айналып кетті. Сол себепті арзан әдісті іздестіреміз. Бұл хостел ұнады. Қазақстан да ұнады. Азия елдерін аралап шықсақ деген ниеттеміз. Күні кеше Бішкектен келдік, енді алда Қытай, Моңғолияға сапарлату жоспарымызда бар.

Хостел шағын ғана. Ерлерге арналған екі, әйелдерге арналған екі бөлме бар. Әр бөлмеде кондиционер қойылған. Бұл да болса иелердің жағдай жасауға тырысқаны деп ойладық. Ендеше бөлмесіне көз салып көріңіз.

305

A, B, C, D деп белгіленген бөлмелерде сәйкесінше нөмірленген сіздің жеке заттарыңыз болады. Яғни, С бөлмесінің заттары басқаларымен шатасып кетпеуі үшін белгі салынған. Барған кезде сіздің уақытша меншігіңізге гигиеналық заттар, төсек-жабдық және құпия коды бар темір сейф беріледі. Бұл келушілердің құнды заттарын қауіпсіздікте ұстауы үшін.

307

Сонымен бірге барша қонақтар бірінші кезекте сұрайтын дүние – тегін Wi-Fi. Бұл қызметтің болуы сіздің бизнесіңіздің қолдау табуына бірден-бір себепкер. Әр бөлмеде теледидар бар. Оның да болуы міндетті деп білеміз.

304

Ресепшн екінші қабатта орналасқан. Ол жер – әкімшінің бөлмесі. Барлық арыз-шағымдарыңызды тыңдап, қажетіңізді тауып беретін де  - сол адам.

297

Кез келген қызмет көрсететін орында мынадай кітапша болады. Пікір-тілектеріңізді осы жерге қалдырасыз. Көп нәрсеге мән беретіндер осы кітапшаны шолып шығып не интернеттегі пікірлерді оқып барып таңдау жасайды. Яғни ойыңызды білдіру арқылы сіз келесі бір адамдарға көмектесесіз.

308

Карина, «Ом» хостел иесі:

Бұл жерді ашқанымызға көп бола қойған жоқ. Алдыңғы жылдың қыркүйек айынан бері іске кірістік. Қарқынымыз жаман емес. Осыдан бір жыл бұрын балам ДЦП-мен ауырып, Мәскеуге емдетуге апардық. Емнің өзіне біраз ақша керек. Сол үшін арзан үй іздедік. Нәтижесінде осындай хостел таптық. Бір бөлмеде бірнеше адам тұрады демесеңіз, тұруға ыңғайлы. Ұсынатын қызметтері де қонақ үйдегідей. Келген соң көп уақыт бойы хостелді неге өзімізге де ашпасқа деген ойда болдым. Анаммен ақылдаса келе, ақша жинап, бастап кеттік. Мен қиындықты көп көрген анамын. Сол себепті бұл бизнесті барынша әлеуметтік жоба ретінде қарастырдым. Бағасын арзан етіп, жағдайын да қолайлы етуге тырыстым.

302

Біз барған күні бір топ шығармашыл өркендер осы хостелге жайғасыпты. Алматыға гастрольдік сапармен келген. Келушілердің көпшілігі осындай бүлдіршіндер мен тәрбиешілері дейді хостел әкімшісі. Қалаға бірнеше күнге келгендер осылай үнемдейтін болса керек. Бір топ болып келген соң бір бөлмені өздерінің иелігіне алады. Осылайша өз үйіңде жүргендей сезінуге әбден болады. Хостелдің тиімді тағы бір тұсы – осы. Командалық рухты көтереді.

299

Ал жеке-дара адамдар үшін бұл аса қолайлы болмауы мүмкін. Себебі өзің білмейтін ортаға сіңісіп кету екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Бірақ осы жерде бірнеше айлап тұрақтап қалатындар да бар. Себебі аталған хостел көптеген жеңілдіктер ұсынады. Бір айға бірден төлейтіндерге, мүгедектерге және қалаға емделу мақсатымен келгендерге арзан баға ұсынылады.

Біз барған келесі хостел – былтырғы жылдың үздік хостелдерінің бірі атанған «Атлетик». Бұл жерде бөлмедегі орын санына байланысты бағалары түрліше. Ең арзан нөмір – 2000 теңге. Жалпы нөмірде 18 адам бірге орналастырылады. Ал ең қымбаты – екі орындық нөмір. Оның құны – 6500 теңге.

295

Бұл хостелдің ұсынатын қызметтері өте көп. Және көлемі де біршама. Қалауыңызға қарай екі орындық,  төрт, алты, сегіз тіпті он сегіз орындық бөлмелерді таңдай аласыз.

293

Атлетикке спортшылар қауымы жиі келетін көрінеді. Түрлі республикалық жарыстардың қайнаған ортасы – Алматы. Бір келгенде апталап өтетін турнирлерде шығынды азайтуға таптырмас мүмкіндік.

294

Біз барған сәтте Астананың су добы құрамасы жарысқа келген. Жасөспірім қыздар жаттықтырушыларымен бірге келіпті. Бұл хостелге осымен төртінші рет тұрақтап жатырмыз дейді. 8 орындық бөлмеге бір құрама орналаса кетіпті. Ал бапкерлерге арнайы бөлмелер беріледі. 1 орындық, ішінде теледидары бар. Ондай бөлмені өзіңізге таңдап алсаңыз да болады.

284

Спортшылардан бөлек, туристер, өзге қала тұрғындары да көп келеді. Әсіресе, жаз мезгілінде шетелдіктер көп болады дейді әкімші. Қыс мезгілінде біраз саябырсып қалатыны да бар.

290

Кір машинасына пайдалану ақылы. Бір рет жуу үшін 500 теңге төлейсіз. Ал үтікті тегін қолдана бересіз. Ортаңғы бөлмеде қажетті тұрмыстық заттармен қатар, сусындарды да табуға болады.

292

Бірақ хостел тамақпен қамтамасыз етпейді. Өзіңіз азық-түлік әкеліп, ас үйдің қожасы бола аласыз. Оған қажетті барлық жабдықтар асханада тұр. Іске кірісе берсеңіз болады!

289

Сырттай бөлімде оқитын студенттер бір-екі ай келіп тұрады. Айына 30 мың шамасында кетеді. Қазірдің өзінде екі студент осында екен. Ата-аналары есепшотымызға ақшасын алдын-ала төлеп қойған.

287

Бірақ бұл жер студенттер үшін аса қолайлы емес. Адамдар кіріп-шығып, сабаққа кедергі болуы мүмкін. Сондай-ақ, таныс емес адамдармен бір шаңырақ астында тұру да оңай емес.

286

Аталған хостелдің келесі бір ерекшелігі – кальян ұсынылады. Мұның қаншалықты заңды екенін білмейміз, бірақ бұл да бір өзгешелік. Тегін Wi-Fi, автотұрақты да қосыңыз

285

Бөлмелер түрлі стильде. Екі орындық нөмірлердің интерьерлері де әдемі.

281

Үлкен холда теледидар, жұмсақ орындықтар бар. Бір сөзбен айтқанда, «релакс бөлме».

283282

Хостелдердің жағдайы осындай. Әрі қарай өзіңіз бағамдай беріңіз. Қымбат қонақ үй ме, тәулікке берілетін үй ме, әлде хостел ме – ерік өзіңізде!

Похожие материалы