Алматы. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 5-9 желтоқсан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 5 желтоқсанды америкалық валюта 335 теңге деген курспен бастады. Қазақстандық қор биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша, доллар бағамы 334,99 теңге болды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 2 теңгеге арзан. Ақша айырбастау пункттерінде жоғары бағамы 336,5 теңгені құраған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес, жаңа жылдан бастап айыппұл мен зейнетақы көлемі өседі. Келесі жылдың 1 қаңтардан бастап минималды жалақы 24 459 теңгеге, зейнетақының минималды көлемі 28 148 теңгеге көтеріледі. 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) келесі жылы 2 269 теңге болады. Қазақстандықтардың шетелге ақша аударымы өсе түсті. Осы жылдың қазан айында қазақстандықтар шетелге 38 млрд теңгеге ақша аударымдарын жасаған. Бұл қыркүйек айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1%-ға аз болғанмен, өткен жылмен салыстырғанда 7,4%-ға артық. Қаржы аударымдарының ең көп бөлігі «Золотая корона» жүйесі (15,6 млрд тг) арқылы жасалған. Бір айда аударым көлемі 1,4%-ға азайған. Екінші орында 7,1 млрд теңгемен «Western Union». Бұл жүйе арқылы аударым бір айда 4,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ, «Юнистрим» арқылы 4,7 млрд тг аударым жасалған. Сейсенбі, 6 желтоқсанда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кабинетіне үкімет құрылымын қайта қарауды тапсырды. «Халық саны аз мемлекет үшін – экспортқа бағыт алу бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырудың жалғыз жолы. (…) Сондықтан мен үкіметке бір апта ішінде маған ұсыныс енгізуді тапсырамын. Бізге үкіметтің құрылымын, министрліктер мен ведомстволарды қайта қарап, бұл мәселені шешу керек»,-деді Назарбаев. Президент атап айтқанда сыртқы сауда мен инвестиция бір министрлікте болуы керек деді.«Самұрық-Қазына» бірнеше компаниясының акцияларын IPO-ға шығарады. Қордың төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, «Эйр Астана» IPO-ны нарықтағы өзгерістерге байланысты 2017 жылдың соңында немесе 2018 жылдың басында ұйымдастырмақ. «Қазақтелеком» компаниясы IPO-ға келесі жылдың соңында, «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» компанияларының акциялары 2018 жылы шығарылады. Қазпошта» өзінің 49 пайыз акциясын 2019 жылы сатады. Ал «Қазақстан Темір Жолы» компаниясына алдымен қаржы жағдайы жақсартылады да, 2020 жылы IPO-ға шығарылады.
Еуразиялық банктің басқарма төрағасы болып Павел Логинов тағайындалды. Банкті 2009 жылдан бері басқарып келген Майкл Эгглтон қызметінен кетті. Қаржы институтының хабарлауынша П.Логинов банк саласында 20 жылға жуық қызмет істеп келеді. Бұған дейін «Российский кредит», «ОНЭКСИМ Банк», «Росбанк», «Меткомбанк» және «Новикомбанкте» еңбек еткен. ҚР Ұлтттық банкінің қаңтар-қыркүйектегі есебі бойынша Еуразиялық банк 34 банктің ішінде активі жағынан 10 орында.
Сәрсенбі, 7 желтоқсанда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банк секторындағы бірігулерге қатысты мәлімдеме жасады. «Мен банк нарығында бірігулер туралы тезис болуы тиіс деп ойлаймын, оның орны болу керек. Капиталы аз банктер өздерінің акционерлері немесе басқа да нарыққа қатысушылар арқылы өз капиталын ұлғайту керек", - деді ол баспасөз конференциясында. Оның сөзінше, бұл процесс 2017 жылы жүзене асырылуы мүмкін.
Қазақстан мен Қытай құны 49 млрд теңге болатын жаңа жоба бастайды. Екі жақ бірігіп, жылу бөлетін құрастырғаштар өндіретін зауыттың құрылысына кірісті. Қытай қаржының жартысын төлейді. Зауытты «Қазатомпромның» еншілес компаниясы Үлбі металлургиялық зауыты (51%) және Қытайлық CGN-URC (49%) басқарады. Кәсіпорын жұмысы 2019 жылы басталуы қажет. Зауытта толығымен автоматтандырылған өндіріс орны құрылады, жыл сайын 200 тонна жылу бөлетін құрастырғаштар шығарылуы керек. Олар ары қарай атом станцияларында ядролық отын ретінде қолданылады.
2016 жылғы қарашада инфляция 1,2% (2015 жылғы қарашада – 3,7%) болды. Азық-түлік тауарлары 2,0%-ға (3,3%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,9%-ға (6,5%-ға), ақылы қызмет көрсету – 0,5%-ға (1,4%-ға) қымбаттады.
Азық-түлік тауарлары нарығында 2016 жылғы қарашада жұмыртқаның бағасы – 18,0%-ға, көкөністер – 9,0%-ға, нан – 2,3%-ға, кондитерлік өнімдер – 2,0%-ға, жемістер – 1,9%-ға, алкогольсіз сусындар – 1,8%-ға, сүт өнімдері – 1,7%-ға айтарлықтай өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында дизель отынының бағасы 4,0%-ға, бензин – 2%-ға, галантереялық тауарлар – 2%-ға, тұрмыстық және тоқыма бұйымдар – 1,8%-ға, дәрі-дәрмектер – 1,3%-ға өсті. Бейсенбі, 8 желтоқсаннан бастап бизнеске бөлшек сауда салығы енгізілмейтін болды. «Атамекен» ҰКП-ның кеңейтілген отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бөлшек сауда салығы енгізілмейтіндігін жариялады. «Бұл өте ауыр сұрақ, ұзақ талқылап келеміз. Жыл басынан бері үкіметте де қарап, көптеген шетелдік консультанттарды тыңдадық. Барлығының айтатыны бір, Қазақстанда бөлшек сауда салығын енгізудің жөні жоқ», — деді Сағынтаев. Биыл қазақстандықтар балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға артық ақша төлеген. Осы жылдың 3 тоқсанында мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу қызметінің жалпы құны 58,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 4 есе жоғары, деп хабарлайды ranking.kz. Ең жоғарғы баға Астанада — 1719 теңге немесе +25%, Алматыдағы баға 1604 теңге, Ақтауда — 863 тг, (+8,7%). Бағаның ең жоғарғы өсу қарқыны Таразда. Мұнда баға бір жылда 41,1%-ға дейін қымбаттаған. Жұма, 9 желтоқсанда ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға қатысты мораторий бекітілді. Парламент Жер кодексіндегі шетелдікерге ауыл шаруашылық жерлерін сату және жалға беру бойынша мораторийді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы түзетулер енгізілді. Бұдан бұрын аталған заң жобасын мәжіліс мақұлдаған болатын. Айта кетейік, 2016 жылдың көктемінде қазақстандықтар жерді шетелдіктерге сатуға қатысты наразылық шараларын ұйымдастырған болатын. Осыдан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Еуропалық комиссия Еуорпалық одақтағы ұшу қауіпсіздігі бойынша тізімді жаңартты және аталған тізімнен қазақстандық әуекомпаниялар шығарылды. Хабарамада айтылғандай, тізім жаңартылған соң Қазақстанда лицензия алған барлық компаниялар елдегі әуе қауіпсіздік жағдайын жақсартуына байланысты қара тізімнен шығарылып отыр. 2009 жылдың шілде айында өткізілген ICAO 59 аудитінің нәтижесі бойынша қазақстандық әуекомпаниялар Еуропалық одақтың қара тізіміне енге болатын. Ал 2015 жылдың желтоқсанында бұл тізімнен Air Astana әуе компаниясы шығарылды.Апта соңында доллар 334,23 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасында күндізгі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 334,23 теңгені құрады. Күндізгі сессияда сауда көлемі 37 млн 150 мың доллар болды. Бұл апта басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1 теңгеге арзан.