Алматы. 23 желтоқсан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 19-23 желтоқсан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 19 желтоқсан күні Еуропада теракт шабуылдары болды. Түркияның Анкара қаласындағы көрмеде Ресей елшісі Андрей Карлов 22 жасар Мевлют Мерт Алтыншаш-тың қолынан қайтыс болды. Ал шабуылдаушының өзін полицейлер өлтірді.
Террористік шабуылға ұшыраған тағы бір қала — Германия астанасы. Берлин орталығында жүк көлігі рождестволық жәрмеңкеге басып кіріп, қала тұрғындары мен қонақтарды жаншып өткен. Полиция мәліметінше, қайтыс болғандар саны 12 адам. Кем дегенде 50-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Швейцария астанасы Цюрихтегі мұсылман орталығында белгісіз біреу оқ атты деп хабарлайды жергілікті БАҚ. Алдын-ала мәлімет бойынша, 3 адам зардап шекті.
Әзірге 3 оқиғаның бір-бірімен қаншалықты байланысы бар екені белгісіз. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Сейсенбі, 20 желтоқсанда Тамара Дүйсенова зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту қалай жүргізілетіндігін түсіндірді. Оның сөзінше, барлығы кезең-кезеңімен өтеді. «Зейнетақыны 20%-ға көтереміз дедік. Алдымен 1 қаңтардан бастап 9%-ға арттырамыз, 1 шілдеден бастап тағы 11%-ға жоғарылайды. Бір жыл ішінде 20% болуы керек», — деді Тамара Дүйсенова. Оның сөзінше, бұл ынтымақтастық зейнетақысына қатысты. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап «күнкөріс деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне байланысты» базалық зейнетақыны бекіту механизмі толығымен өзгереді.
«Қазавтожол» басшылығы мен Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторлары ұсталды. «Аса ірі көлемде пара алғаны үшін мемлекеттік аудиторлар Б.Копобаева мен А.Жәңгірбаева, пара бергені үшін бас директор С.Мұқашев, оның орынбасары Е.Шәмішев, бас есепші Ш.Қорғанова, бөлім жетекшілері Б.Елемесов, К.Әжіғұлов, сонымен қатар, «Қазавтожол» облыстық филиалдарының жетекшілері ұсталды», — делінген хабарламада. Қазіргі уақытта пара бергендер мен пара алғандар Астана қалалық ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.
ForteBank-тің басқарма төрағасы Талғат Қуанышев қызметінен кетті. Оның орнына Мағжан Әуезов тағайындалды. Мағжан Әуезов мұнымен қатар Kassa Nova банктің директорлар кеңесін басқаратын болды. Бұл банктің басқарма төрағасы болып Шолпан Нұрымбетова тағайындалды. Ол ForteBank-тің басқарма құрамынан шығарылды.
Сәрсенбі, 21 желтоқсанда Түркіменстан Қазақстанмен визасыз режимді тоқтатты. Шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында мемлекет органдары шетелден келетін азаматтарға арналған визасыз режимді тоқтатқан. Түркіменстан заңына сәйкес, егер қазақстандықтар осы елге 5 күннен артық баратын бола виза жасау керек. Сондай-ақ, азаматтар халықаралық хабарламаға арналған өткізу пунктері арқылы Түркіменстан аумағына өте алады.
2017 жылы әуе билеттері арзандайтын болды. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің хабарлауынша, «Эйр Астананың» әрекетіне қатысты қажетті тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әуе компанияның сұранысқа байланысты бағаны бірден жоғарлатып немесе төмендететіні анықталды. Қазір компания «Еркіндік» деп аталатын тарифке акция ұйымдастырды, ұшу күндеріне арналған жеңілдіктер туралы жариялады. Ал келесі жылы ең қымбат әуе билеттері 10%-ға арзандайды.
2016 жылдың 3 тоқсанында халықтың 2,5%-ының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болды, деп хабарлайды статистика комитеті. Ведомства ақпаратына сәйкес, кедейлік деңгейіндегі отбасылардың саны 76,9 мың (452,2 мың адам), ал өткен жылы бұл 74,9 мың болған (446,1 мың адам). Табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың қаладағы үлесі — 1,2%, ал ауылды жерлерде 4,4%-ды құрайды. Көрсеткіш бойынша Оңтүстік Қазақстан (5,0%), Атырау және Жамбыл областары (3,3%) алдыңғы орында. Ал Астанада мұндай халықтың үлесі — 0,9%, Алматыда 1,1%.
Бейсенбі, 22 желтоқсан. Қазақстандықтардың 43%-ы «зейнетақы қорына салып жатқан ақшаларымды болашақта алатыныма күмәнім бар» деген пікірде деп жазады DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы. Қазақстандағы зейнетақы жүйесін сауалнама қатысушыларының 35%-ы қолдайды екен. Ал, 31%-ы бұл пікірге қарсы шықты. Олардың пікірінше, «еліміздегі зейнетақы жүйесін толықтай өзгерту керек. Себебі, қазіргі модель өзін-өзі ақтамайды». 34% респонденттер бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.Қазақстандықтардың 41%-ы зейнет жасына жеткен азаматтың зейнетақыны тұрақты түрде алып отыратынына сенеді. Сонымен қатар, респонденттердің 16%-ы бұл ақшаның көп бөлігі түбінде біреулердің қалтасына түседі деп жауап берген.
ОПЕК пен оған мүше емес елдердің келісімінен кейін мұнай баррелі 70 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Әлемдік мұнай өндірушілер қол жеткізген келісім аясында 2017 жылдың 1 тосанында-ақ мұнай қоры қысқаруы мүмкін. Банк сарапшысы Эд Морстың сөзінше, бұл нарықта артық өндіріліп жатқан бензин көлемінің де үш есеге қысқаруына алып келеді. «2017 жылдың соңындаBrent маркалы мұнайдың бағасы 65 доллар шамасында болады деген болжамым бар. 70 долларға көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын», — деді ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Жұма, 23 желтоқсан. Бір аптада доллар 6 теңгеге арзандады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 329,90 теңгені құрады. 20 желтоқсан күні доллардың орташа бағамы 334,79 теңге болса 23 желтоқсанда 328,91 теңгені құрады. Осылайша доллар бір аптада 5,88 теңгеге арзандады. Ақша айырбастау орындарында 23 желтоқсандағы доллардың жоғары курсы Алматыда 331,5 теңгені құраған.
2018 жылдан бастап қазақстандықтар міндетті медициналық сақтандыруды алады. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін Қордан ақы төленеді.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша республиканың барлық тұрғындары, баладан бастап зейнеткерге дейін, жұмыс істейтіндер немесе істемейтіндер кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қажетті барлық дәрігерлік көмекті алады. Толығырақ мына жерден біле аласыздар.
Мемлекет Қазкоммерцбанкке 1,5 трлн теңге ($4,5 млрд) қарыз беруі мүмкін. Бұл туралы дерекөздеріне сілтеме жасаған Bloomberg хабарлады. Bloomberg-тің хабарлауынша Қазкоммерцбанк қазірдің өзінде мемлекеттен қарыз ала бастаған. Мысалы: 15 желтоқсаннан бастап мемлекеттен 400 млрд теңге қарыз алған. «Мемлекеттік органдарға Қазкоммерцбанктің құлдырауына жол бермеу тапсырылған. Сондықтан банкті құтқарудың түрлі жолдары қарастырылуда» деп жазады басылым. Бұл мәселеге қатысты Қазкоммерцбанк пен Ұлттық банк өкілдері ақпарат беруден бас тартқан.