Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 15-19 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 15 ақпанда теңгеге қатысты доллар бағамы 361,35 теңгені құрады. Ақша айырбастау орындарында 363 теңгеден сатылды. Ал әлемдік мұнай бағасы апта басын төмендеумен бастады. Brent маркалы мұнай 33,12 долларға бағаланса, WTI маркалы мұнай 29,18 долларға дейін арзандады. Бұған Еуропаға алғашқы ирандық мұнайдың жеткізілуі туралы жаңалық себеп болды. Ұлттық банк кәсіпорындардың валюта сатып алуын бақылауға алатындығын мәлімдеді. Бас банкир Данияр Ақышевтың сөзінше, бұл шара экспорт бойынша валюта айналымының көлемі қандай болатыны және шетелдік банктерде қанша қаржы қалатындығын нақты біліп отыру үшін қажет. Сейсенбі, 16 ақпанда ranking.kz сараптамалық агенттігі орта және ірі кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы 10%-ға артып, 139,5 мың теңгені құрады деген нәтижемен бөлісті. Жалақы көлемі кәсіпорындардың ғылыми-техникалық және кәсіби салаларында артқан. Бір жыл ішінде айлық еңбекақы 243,1 мың теңгеден 456,7 мың теңгеге өскен. Канадалық World Wide Minerals Ltd (WWM) компаниясы КСРО кезіндегі шарт талаптары «сақталмағаны» үшін Қазақстанды сотқа берді. Компания басшылығының мәлімдеуінше, 1996 жылы кәсіпорын елімізге миллиондаған инвестиция салған. Кейінірек, Қазақстан тарапы шарттағы міндеттемелерді орындамағандықтан банкротқа ұшырап, мүліктері тәркіленген.  CNW жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, сот процессіне 2017 жылы нүкте қойылуы қажет.

Катардың астанасы Доха қаласында РФ энергетика министрі Александар Новак пен бірқатар ОПЕК елдерінің өкілдерінің кездесуі өтті. Ресей мен бірқатар ОПЕК елдері мұнай деңгейін қалыпты ұстап тұруға келісім жасады. Сауд Арабиясының мұнай министрі Али аль-Наимидің сөзінше, өндіріс көлемі 11 қаңтардағы деңгей бойынша реттеледі.

Сәрсенбі, 17 ақпанда қазақстандық бірнеше банк ипотекалық кредит беруді тоқтатты. Тұрғын үй сатып алуға «Банк ЦентрКредит», «Forte», «Сбербанк», «ВТБ» және «Қазкоммерцбанк» кредит беруді азайтқан. Ал кейбір банктер шарттарды қайта қарастыратынын мәлімдеді. Қаржы ұйымдарының түсіндіруінше, валюта тұрақсыздығы мен жылжымайтын мүлік нарығындағы құбылмалық осындай қадамға баруға себепші болып отыр. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті шағын несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында 4 пилоттық облысқа 300 млн теңгеден бөлінетін болады, оған қоса әкімдіктер осы сома мөлшерінде қосымша қаржыландырмақ. Шағын несиелер 6-7% пайызбен 3 жылға беріледі. Әлемдік шикізат нарығындағы жағдай да тұрақтала қойған жоқ. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 32,47 долларды құрады. Ал   WTI маркалы мұнай фьючерсінің бағасы Нью-Йорк қор биржасында (NYMEX) 0,4%-ға көтеріліп, барреліне 29,16 доллар болды. Осы арада Кувейт мұнай деңгейін қалыпты ұстау туралы келісімге қатысуға дайын екендігін мәлімдеді.  Дегенмен сарапшылардың сөзінше, мұнай деңгейін тұрақты ұстауға тырысу нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік бермейді. Мемлекеттер келісімге қосылған күннің өзінде нарыққа 300 млн баррель мұнай артық шығарылады. Бейсенбі, 18 ақпанда Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы 2016 жылдың 1 тоқсанын бастап жылдың соңына дейін қысқа мерзімді болжам жасады. Орталық есебі бойынша, Қытай мен Ресейдің экономикалық жағдайы қалпына келіп, мұнай бағасы тұрақталмаса доллар курсының құбылмалығы  297-475 теңге деңгейінде болады. Әрбір жоспарды құру кезінде  ЖІӨ көлеміне, инфляция деңгейіне, АҚШ долларының курсына, мұнай бағасына және Қытай мен Ресейдің экономикалық жағдайына болжам жасалған. Қазақстанның автокөлік нарығы соңғы 4,5 жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткішке жетті. Қаңтар айында жаңа автомобильдердің сатылымы өткен аймен салыстырғанда 45,68%-ға азайды. Ал баға көтеріліп, қаңтар айында сатылған көліктердің орташа құны 6 763 644 теңгеге дейін өсті. АҚШ-тың экс-қаржы министрі Ларри Саммерс 100 долларлық банкноттан бас тартып, оны айналымнан шығарып тастауды ұсынды. Аталған банкноттың айналымнан шығуы жемқорлық және түрлі қылмыспен күрес үшін қажет. Сондай-ақ ол қауіпсіздік мақсатында 500 еуролық банкнотты да айналымнан алып тастауды ұсынып отыр. Жұма, 19 ақпанда ұлттық валюта нығайып, доллар бағамы 353,83 теңгеге дейін төмендеді. Бұл апта басындағы көрсеткішке қарағанда 7 теңге арзан. Айырбастау пункттерінде америкалық валюта 355 теңгеден сатылуда. Апта соңында мұнай бағасы арзандап, Brent бағасы Лондон қор биржасында барреліне 33,913 долларға түсті. Мамандардың сөзінше, АҚШ-тағы мұнай қорының артуы мен ОПЕК-тің бірқатар елдерінің арасындағы қара алтын құнын қалыпты ұстау туралы келісімге нарықтың күмән келтіруі бағаның төмендеуіне себепші болып отыр.

Похожие материалы