Ақтауда электротехникалық қондырғылар шығаратын бірлескен кәсіпорын құрылады
Маңғыстау облысында жоғарғы сапада электротехникалық қондырғылар шығаратын өндіріс құру, электроэнергетика саласында инновациялық шешімдерді жылжыту мен дамыту, автоматизация және энергия қуатын үнемдеу мақсатында қазақстан мен финляндиялық бірлескен кәсіпорын құру көзделіп отыр. Бұл туралы Маңғыстау индустриалдық палатасы басшылығымен кездескен финляндиялық «VEO» компаниясының бас директоры Марко Экман хабарлады.
Жаңа зауыт құрылысына 4 жыл уақыт кетеді, онда еңбекке тартылатын 200-ден астам жұмысшы жергілікті тұрғындарды құрайды. Бірлескен кәсіпорын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының территориясында салынбақ.
Марко Экманның айтуынша, «VEO» компаниясының басым бағыты кешенді инжиниринг бойынша қызмет көрсету болып табылады, яғни өндірістік және энергетикалық нысандардағы істен шыққан және жаңадан құрылысқа қажетті қондырғыларды тапсырыс берушілерге дер кезінде жеткізу.
«Іске асқалы жатқан бұл жобаның 2019 жылға арналған жол картасы жасақталды, яғни жоспарға сәйкес үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында алғашқы өнімді тестілеуге көшеміз. Біздің болжамымыз бойынша, зауыт 2020 жылға толық аяқталып, пайдалануға беріледі», - дейді инвестор.
Шетелдік инвесторлар «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында болып, негізгі үш түрлі салыққа жеңілдіктер қарастырылғанына көз жеткізді. Яғни олар корпоративтік, жер және мүлік салығынан толықтай босатылып отыр. Кеден тәртібіне сәйкес құрылысқа қажетті жүктерге баж алынбайды, қосымша салық және басқа да бейтарифтік реттеу жеңілдіктері беріліп отыр.
«Бірлескен кәсіпорынды бірлесіп іске қосатынымызға сенімдімін және арадағы ынтымақтастық өзінің пайдасын тигізері сөзсіз. Біз облыс әкімі Алик Айдарбаевтың қабылдауында болдық және зауыт тұрғызылатын «Ақтау теңіз портының» аумағын араладық. Осы өңірде кез-келген бизнестің дами түсетініне көз жеткіздік. Маңғыстау индустриалдық палатасы ұжымымен танысқанымызға қуаныштымыз», - деді «VEO» компаниясының бас директоры Марко Экман.