Алматыдағы Жазушылар одағында Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Ару қала – Алматы» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан жазушылар Одағының хатшысы Ғалым Жайлыбай, елге белгілі ақын-жазушылар қатысты.
Мүшәйра үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде мүшәйраға қатысуға тілек білдірген ақындардың өлеңдері қабылданып, іріктеп алынды. Өлеңдер бүркеншік атпен берілді. Автордың шын есімі жазылған конверт бөлек тапсырылды.
Мүшәйраға барлығы 61 ақын жыр ұсынып, 190 өлең қаралды.
Екінші кезеңде қазылар алқасына кірген ақындар әрбір ақынның өлеңін талдап, таразылап, бағасын берді. Және де келесі кезеңге, яғни финалға өтетін ақындар анықталды.
Үшінші соңғы кезеңде жүлде алатын үміткерлер тізімі талқыға салынды, бас жүлдеден бастап, ынталандыру сыйлықтарына лайық авторлардың аты-жөні белгілі болды.
Жеңімпаздарды ақын Бауыржан Жақып бастаған қазылар алқасы анықтады.
Жүлдеге ие болған ақындардың ішінде Жәркен Бөдешұлы, Мақпал Мыса, Кәдірбек Құныпияұлы, Мағиза Құнапияқызы, Алтыншапақ Хаутай, Әбдіқадыр Бөрібекұлы, Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбек бар.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Болат Үсенбаев алса, бас жүлдені Рафаэль Ниязбеков иеленді. Бас бәйгені жеңіп алған ақынға жүлдені қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев тапсырды.