ВАШИНГТОН – 2016 жылғы маусым, Аргентина президенті Маурисио Макридің тасы өрге домалап келе жатқандай көрінеді. Аргентина 2018 жылы G20 төрағасы қызметін атқаратын болды. АҚШ-та президент сайлауы науқаны қызып келеді, көпшілік Хиллари Клинтонның Демократиялық партиядан жеңіп шығып, қарашада болатын сайлауға қатысатынына сеніп отыр. Макри өзімен рухы жақын одақтасымен бірлесіп, халықаралық саясаттағы ойларын жүзеге асыратынына үмітті.
Таспаны бүгінгі күнге жылдам айналдырайық. Макри өзі ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шыққан әлемдік табиғатты қорғау мәселесін қалай шешуді білмей қол қусырып қарап отыр. Дегенмен, Аргентина G20-дағы төрағалықтан әлі көп үміт күтеді.
Әрине, «Алдымен Америка» деп өзеуреп отырған АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы тұру қиын. Париж климат келісімінен шығу туралы шешім шығарған Трамп шілдедегі Гамбург қаласында өткен саммитте басқа 19 елдің басшысынан бөлініп, оқшау қалды. Бүкіл халықаралық қауымдастық бұл келісімнен бас тартуға болмайды деп отыр.
Сонымен бірге Трамп Солтүстік Америка еркін сауда келісімін (NAFTA) қайта қарауды талап етіп отыр. Осы айда басталатын бұл келіссөздердің тез аяқтала қоймасы белгілі, егер АҚШ тізеге басып шешетін болса, онда Вашингтон G20 мүшелері Мексика мен Канадамен арасын нашарлатып алады.
Оның үстіне, Трамп - Макридің G20-да төрағалықты дұрыс атқаруына әсер ететін, оның бақылауынан тыс жатқан жалғыз мәселе емес. Брекзит келіссөздері кесімді мерзімге дейін аяқталмай, соңы нәтижесіз бітіп, Британияны да, құрлықтық Еуропаны үлкен экономикалық тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Сонымен бірге, Таяу Шығыстағы толассыз кикілжіңдер, Африкадағы гуманитарлық апат, Венесуэладағы жағдайдың ушығуы жеке мемлекеттердің шекараларынан тысқа таралып, тұрақсыздық әкелуі ықтимал.
Латын Америкасындағы G20-ға мүше мемлекеттерде болатын сайлаулар да біршама сенімсіздік тудырып отыр. Биыл қазанда Аргентинада парламент сайлауы өтетін болса, келесі жылы Мексика мен Бразилияда президент сайлауы болмақ. Бұл науқандарда популист кандидаттар белсенділік танытуы мүмкін.
Аргентинаның G20-ға төрағалығын сәтті атқару үшін Макри не істей алады? Трамп мәселесіне келгенде ол саяси карьераға дейінгі екеуара достықтарына сүйене алады. Бірақ мұның да қаупі бар, себебі Трамптың Аргентинадағы іскерлік қарым-қатынастарына қатысты күмәнді жайттар бар.
Ең маңыздысы – Макри шешімдер қабылдауға халықты көбірек қатыстыру үшін азаматтық қоғам өкілдерімен және белсенділермен жақын жұмыс істей алады әрі жұмыс істеуге тиіс. Гамбургтегі шерушілермен арадағы қақтығыс кезінде 200 полицей жарақаттанып, Германияның сақтандыру компаниялары 12 миллион еуро шығынға ұшырады (шамамен 14,2 миллион доллар). Үкіметтің кейбір үнемдеу шараларын халықтың қолдамайтынын, олардың қазірдің өзінде жаппай наразылық тудырғанын ескере отырып, G20-дегі Аргентина өкілдері қарсылықтың болатынын түсінуі тиіс.
Жалпы алғанда, G20-ға төрағалық Макри үшін халықаралық ынтымақтастыққа басымдық беретін сыртқы саясатты табанды түрде жүзеге асырудың маңызды мүмкіндігі болып отыр. Мексика президенті Энрике Пенья Ньетоның биліктен кетіп бара жатқанын, ал Бразилия президенті Мишел Темердің дау-дамайдан көз аша алмай отырғанын ескерсек, Макри G20-ға Латын Америкасының ұстанымын ала келіп, Аргентинаны аймақтық лидерге айналдыра алады.
Осындай көшбасшылықтың арқасында ол Латын Америкасындағы бірнеше елдің басын қосатын, қожыраған Меркосур блогына жан бітіріп, сауда мен инвестицияны дамыту арқылы әр елдің кедейлікпен күрес шараларына көмектескен болар еді. Аргентинаның G20-ға төрағалық етудегі үлкен мақсаттарының бірі – Еуропа одағы мен Меркосур арасындағы сауда келісіміне қатысты келіссөздердің желтоқсанда сәтті аяқталуына да осы шаралар септігін тигізбек.
Аргентина G20-дағы төрағалығын АҚШ-тан өзге G19 басшылары қолдаған климат және энергетика жоспарын жүзеге асыруға жақсы пайдалана алады. Макри 2017 жылды «қалпына келетін энергия жылы» деп жариялады және 2025 жылға дейін Аргентинаның энергетикаға деген қажеттіліктерінің 20 пайызын қалпына келетін энергия көздері арқылы өндіруге міндеттеме алды.
Оның үстіне Аргентина үкіметі 2015 жылғы Париж келісімне қол жеткізуге көп үлес қосқан «Жоғары амбиция коалициясының» құрамына кіреді. Қатарына Германия мен Бразилиядан бастап Маршалл аралдарына дейінгі түрлі елдер кіретін бұл бейресми коалиция Париж климат келісімін қатаң сақтауға ниеттеніп отыр. Ал Аргентина – Париж келісімі аясында климаттың өзгеруіне байланысты ең амбициялық жоспар жасаған ел.
Макри осы өзгерістердің арқасында қалыптасқан сенімді пайдаланып қалуы керек. Дегенмен, басқа елдерді өз міндеттемелерін қайта қарауға ынталандыру үшін ол Аргентинаның қалпына келетін энергия өндірісін ұлғайту, орманның азаюына тосқауыл қою салаларындағы белсенділігін арттыру арқылы бұл сенімді күшейте түсуі керек. Бұдан оңтайлы уақытты табу қиын. Себебі қазіргі міндеттемелер Париж келісіміндегі «ауа температурасын екі градусқа түсіру» деген межеден төмен болып тұр. БҰҰ 2018 жылы арнайы диалог ұйымдастырып, мемлекеттерді 2020 жылға дейін өз міндеттемелерін өзгертуге шақырмақ.
Сонымен бірге, Аргентина G20-дағы жұмыс орындарын арттыру және технологияны дамыту мақсаттарын көміртегі аз экономика қалыптастыру бағытымен байланыстыра алады. Бұл мақсаттарды біріктірудің ең басты тұсы – Аргентина 2018 жылы G20 жиыны өткенге дейін қалдықтарды азайтудың ұзақмерзімді стратегиясын қабылдауы керек. Ең бастысы – Париж келісімінің бір бөлігі саналатын мұндай стратегиялардың сәтті жүзеге асуы климатқа қатысы бар тәуекелдерді азайтып, қалпына келетін энергия көздерін, электр көліктер мен батареяларға қарай ойысыңдар деген ой тастайды.
Ғаламдық тұрақсыздық Аргентинаның G20 төрағалығына кесірін тигізері сөзсіз. Бірақ Аргентинаның өз әрекеттері де әсер етпей қоймайды. Төрағалығын сәтті орындауы үшін Макри Еуропадағы және Латын Америкасындағы одақтастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, бәріміз үшін маңызды мәселелердегі өз үкіметіне деген сенімін арттыруы керек.
Автор туралы: Гай Эдвардс – Браун университіндегі Климат және даму зертханасының аға зерттеушісі әрі тең директоры. Ол сондай-ақ «Бөлшектенген құрлық: Латын Америкасы және климат өзгерістеріне қатысты әлемдік саясат» кітабы авторларының бірі (екінші автор – Тиммонс Робертс).
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org