Еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы бағытында мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, қазынадан қыруар қаржы бөлгендіктен, бұл салаға көпшілік айрықша назар аударып отыр. Мәселен, соңғы 7 жарым жылда 1000-нан астам жоба қолға алынып, оған 5 триллион теңге бөлінген. Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар Елбасының тікелей тапсырмасымен іске қосылды. Бұл аймақтарды құруға 330 миллиард теңге жұмсалды. Сол арқылы қажетті инфрақұрылымы қалыптасқан нысандарға инвесторлар келіп, ілкімді істер қолға алынды.
Арнайы экономикалық аймақ – экономикалық дамудың қозғаушы күші, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 21 шілдесінде арнайы экономикалық аймақтарды басқару және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға қол қойған болатын. Жаңа заң арнайы экономикалық аймақтарға кәсіби басқарушы компанияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, заң бойынша салық жеңілдіктерінің пакеті анықталды.
Қазіргі таңда елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақтар құрылған сәттен бастап 682 миллиард теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Одан бөлек 100 миллиард теңгеге үш мың жаңа жұмыс орнын құру және 24 жобаны іске асыру жоспарлануда және тағы 20 жобаның құрылысы басталады. Индустриалдық аймақ алаңдарында 100 миллиард теңге сомасына 115 жоба іске қосылды, шамамен сегіз мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, жер телімін бөлу рәсімдерін жеңілдетуге, преференциялар ұсынуға, әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты арнайы экономикалық және индустрияландыру аймақтары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде «Ақтөбе» индустриалдық аймағында 2,2 миллиард теңгеге 3 жоба іске қосылды, оның ішінде қауіпсіз жабындылар, антифриздер және үш қабатты қабырға блоктары бар. Сомасы 9,5 миллиард теңге болатын 6 жобаның құрылысы жүргізілуде, жалпы сомасы 76,2 миллиард теңге болатын 4 жоба бойынша құрылыс бастау үшін жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, 85 миллиард теңге болатын 13 жобаны игеру қолға алынды, индустриалдық аймақтың тиімді алаңының 50 пайызы игерілді. Индустриалды аймақты 100 пайыз игеру 2018-2019 жылдарға жоспарланған.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында инвесторлардың қатысуымен жаңа индустриалды аймақ құрылады. Жалпы аумағы 300 гектарды қамтитын кешен құны – 14 миллиард теңге. Жобаға қажетті қаржының басым бөлігі өңірдегі ірі қазба байлығын игеруші компаниялар есебінен бөлінеді. Ал инфрақұрылым тарту жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Аймақ «Орал» халықаралық әуежайына таяу маңда салынады. Мұнда негізінен машина жасау кәсіпорындары орналасады.
Ал 2010 жылдан бастап қызмет көрсететін «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңгеге, 5 000 жұмыс орны ашылатын 85 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 21,4 млрд теңге сомасында, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған 46 жоба жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда облыстың аудандары мен қалаларында өзге де индустриалды аймақтарды құру жұмыстары тоқтаған емес. Бүгінге дейін 9 аймақ пайдалануға берілген, олардың жалпы ауданы 699 гектарды құрайды. Жалпы, облыстың барлық индустриалды аймақтарында сомасы 167 млрд теңге болатын 10 мың жұмыс орны ашылатын 173 инвестициялық жоба іске асырылуда. Индустриалды аймақтың инвесторларға дайын инфрақұрылым, нарық құнынан төменгі бағада жерді сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігін, ыңғайлы логистикалық жүйе, табиғи монополиялар қызметтеріне төмендетілген тарифтер мен жобаларды сүйемелдеуді ұсынатынын айта кету керек.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Тассай» индустриалдық аймағында жалпы сомасы 38 миллиард теӊгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылса, оныӊ ішінде 14 инвестициялық жоба бойынша құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатса, 7 жоба – жобалық-сметалық құжаттамасын жасау сатысында тұр. «Тассай» индустриалдық аймағы фармацевтикалық, жиҺаз, азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау зауыттары, медициналық мақсаттағы заттар өндірісі, құрылыс индустриясы кәсіпорындарын орналастыруға мамандандырылуда.
Қызылорда облысында индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 миллиард теңгеден асатын 24 жоба жүзеге асырылмақ. Олар іске қосылғанда 6 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылады. Экспортқа бейімделген 2 кәсіпорынды іске қосу да жоспарланып отыр. Олар: үш оксидты молибден өндіріс кәсіпорны мен шыны зауыты. Бұрын өңірден экспортқа тұз, балық және сұйытылған газ өнімдері шығарылатын болса, биылғы жылдан бастап глицирин қышқылы концентратын Қытай еліне және «Фирма Балауса» ЖШС Ұлыбританияға метаванадат аммоний өнімдерін экспорттауды бастапты.
Индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардың қызмет етуі елімізде шикізаттық өндірістен сапалы, қайта өңделген өнімдерді шығаруға және шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы еліміздегі АЭА территориясында 165 жоба қолға алынды. Оған 714 млрд теңге инвестиция салынды. Оның ішінде 27 пайызы шетелдік инвесторлардың үлесі. Сондай-ақ, 10 миллиардқа жуығы «ҚТЖ» компаниясына, 100 млрд теңгесі «Самұрық Қазына» қорына тиесілі. Біріншіден, АЭА-дағы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын айтты. Әлемдік тәжірибеде инфрақұрылым құрылысына 2-3 жылдай уақыт кетсе (БАӘ, Польша, Қытай), бізде 5 жылдан астам уақыт жұмсалады. Мысалы, АЭА инфрақұрылымын қаржыландыру бойынша кедергі келтіретін шектеулер бар, бұл ретте тиімді шешім қарастыру қажет болып отыр. Екіншіден, аймақтар сапалы жобалармен қамтылмай жатыр. Сол үшін экономикалық аймақтарда сапалы жобаларды жүзеге асыру үшін стратегиялық серіктестермен жұмыс атқарылуда. Мәселен, қазір «Қорғас – шығыс қақпасы» АЭА-да логистика саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Дубай DPWorld жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияны «Ақтау Теңіз порты» АЭА-на да шақыру мәселесі қарастырылуда. Үшінші мәселе, жер телімін алу процедуралары созбаққа салынып келеді екен. «Орташа алғанда 6-9 айға дейін созылып кетеді. Түрлі рұқсат алу құжаттарына қол жеткізу жұмыстары, жобаның жүзеге асуын кешеуілдетеді.
Әрине, арнайы экономикалық аймақтарда мәселе жоқ емес. Мәселен, табысты АЭА-лардың бірі саналатын «Оңтүстік» АЭА-да тазартқыш құрылыстарының орталықтандырылған жүйесі қарастырылмаған. «Павлодар» АЭА-да инфрақұрылым жұмыстары аяқталмаған, оған қоса, қосымша электр қуаты қажеттілік туғызып отыр екен. «Сарыарқа» АЭА-да да дәл сол жағдай. Сондықтан электр қуатын арттыру керек болып жатыр. Ал сауда-саттық бағытындағы «Қорғас ШЫХО» АЭА-да ҚХР-на экспорттайтын тауарды сертификаттау бойынша зертхана жоқ және жеке тауарларды Қытай территориясына өткізуде қиындықтар кездеседі. Сондықтан осы мәселелерді реттеу мақсатында Арнайы экономикалық аймақтар туралы заңға енгізілетін түзетулер дайындалды.
Бір айта кетерлігі, «Павлодар» АЭА 21 млрд теңгенің 3 млрд-тан астамын ғана игерсе, жыл басында «Тараз» химиялық паркінің бірде-бір жобаны жүзеге асырмағаны белгілі болды. Үздік үштіктен түспейтін мұнай-химия бағытындағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында осы күнге дейін 8 кәсіпорын ашылды. Олардың екеуі былтыр іске қосылды. Екеуі де алюминий кластеріне арналған. 2017 жылы қос кәсіпорын 40 млрд теңгенің өнімін өндірді. «Павлодар» АЭА-ның басқарма төрағасы Александр Зореевтің айтуынша, биылғы міндет – өндіріс көлемін екі есе ұлғайту. Дегенмен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының әупіремдеп жүріп қатарға қосылғанын жақсы білеміз. Өйткені қағаз жүзінде 2011 жылдың қарашасында құрылған аймақта инфрақұрылымға қатысты мәселе дүркін-дүркін орын ала берді. Мәселен Александр Зореевтің сөзінше, 2012-2013 жылдары бұл іспен ешкім айналыспаған. Яғни инфрақұрылым жүргізілген жоқ. Атап өтерлігі, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі Қазақстан бойынша ең төменгі деңгейде. Өйткені, АЭА-ның дамуына мемлекеттен бөлінген 21 млрд теңгенің тек 3 млрд теңгеден астамы ғана иегерілген. Бұған инфрақұрылымды уақытылы жүргізбеу, одан кейін жобалардың жоқтығы әсер еткен.
11 арнайы экономикалық аймақты құруға 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері тағы да дәл осындай аймақ құру бойынша өтініш беруді жалғастыруда. Алайда аталған 11 аймақ бізге не берді? «Үкімет ең алдымен соның жұмысын сараласын. Ал оған дейін ешқандай арнайы экономикалық аймақ құрылмасын», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар әлі де болса өсім көрсететін салаға айнала алмай отыр. Алдағы жылдары аймақтарға 188 млрд теңге салу жоспарлануда. Әрине, қомақты қаржы. Арнайы экономикалық аймақтарды құрудағы мақсат – инвестиция тарту және өңір экономикасының өсімін арттыру. Сондықтан президент жұмыс тиімділігін еселеу үшін жұмысқа басқа қырынан келу керектігін айтты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024