Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Асқар Мамин мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуді тапсырды

Асқар Мамин мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуді тапсырды

Алматы. 26 қараша. 7kun.kz — Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау жоспары бойынша 2019 жылы жоспарланған жұмыстардың тек жартысы ғана орындалды. Интеграцияның қалған 50%-ы сапасыз жоспарланған бюджетпен байланысты. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.

"Қаржы, энергетика, экология, ішкі істер министрліктеріне жыл соңына дейін жоспардың 100% орындалуын қамтамасыз ету керек. Бірыңғай платформаны құру мемлекеттік органдардың жеке сайттарын бір алаңда біріктіруге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Ол барлық орталық мемлекеттік органдарға 2019 жылдың соңына дейін бірыңғай тұғырнамаға көшуді аяқтауды тапсырды.

"Мемлекеттік корпорацияның қызметі мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері ретінде тұрақты мониторингті және дамудың жаңа тетіктерін іздестіруді талап етеді. Осыған байланысты цифрлық даму, ішкі істер министрліктеріне қолданыстағы барлық ХҚКО-тарында цифрлық және көші-қон ХҚКО жұмысының форматын масштабтау мәселесін пысықтаған жөн. «Азаматтарға арналған үкімет» шағын қалалар мен ауылдардағы қазақстандықтар үшін қашықтықтан оқыту құралдарын жасауы керек. Бұл шаралар электронды қызметтерге сұранысты арттырады», - деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ, Премьер-министр мобильді құрылғылар арқылы халыққа қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды. Оның мәліметінше, eGov mobile арқылы барлығы 31 мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал бұл шамамен 4 %. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік органдар 130-ға жуық жүйелік ақауларға жол берді. Олардың негізгі үлесі Ішкі істер министрлігі мен Құқықтық статистика комитетіне тиесілі.

"Электрондық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін бақылау мен мониторингті күшейту үшін әрбір уәкілетті орган деңгейінде бірінші басшының жетекшілік ететін орынбасарына жеке жауапкершілікті бекітуді тапсырамын. Ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспары барлық мемлекеттік органдарға әсер етеді және 2019-2020 жылдарға есептелген", - деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтің 80% халыққа интернет арқылы қолжетімді болады, алайда бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу керек.

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына сәйкес 2020 жылы Қазақстан БҰҰ электрондық үкіметін дамыту индексінде 28 позицияға ие болуы тиіс. Бүгінде біз 39-орындамыз. Көрсеткішке қол жеткізу үшін шаралар қабылдау қажет. Біз мемлекеттік қызметтерді тез, тиімді және ыңғайлы көрсетуге тырысамыз », - деп түйіндеді Премьер-Министр.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 мемлекеттік қызмет енгізілген, оның ішінде 580-і немесе 80%-ы электрондық форматта көрсетіледі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы 648 немесе 89,6% қызмет көрсетіледі. 143 қызмет немесе 19,8% әлі де тек қағаз түрінде қол жетімді. 182 мемлекеттік қызмет бойынша бизнес-үдерістер оңтайландырылды, құжаттардың орташа саны 30%-ға қысқарды – 6-дан 4-ке дейін, ал қызметтерді көрсетудің орташа мерзімі 31-ден 10 күнге дейін 3 есе азайды. 2018 жылмен салыстырғанда композиттік мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге өсті.

Похожие материалы