Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Кейінге шегерілген кездесу. Талқыға түсер тақырып қандай еді?

Кейінге шегерілген кездесу. Талқыға түсер тақырып қандай еді?

13 наурызда Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекет басшыларының үш жақты кездесуі өткізілмек еді. Алайда ресейлік БАҚ-ның хабарлауынша кездесу кейінге шегерілді. Reuters  агенттігі басты себеп  - Ресей басшысының ауырып қалуы деп жазды. Алайда РИА «Новости» Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков  оны жоққа шығарғанын хабарлады. "Путиннің денсаулығы жақсы" дегенді айтқан Песков кездесудің кейінге шегерілу себебі туралы тіс жармады.  Тек бірнеше күнге шегерілгендігі туралы айтып, "мүмкін келесі аптада" деген екіұшты жауап берді. Кездесудің енді қашан өтетіні белгісіз. Бұған дейін бұл кездесудің маңыздылығын ресейлік, белоруссиялық БАҚ талқылай бастаған еді. Енді әңгіменің ауаны кейінге неге шегерілдіге ауысты. Алайда бұл маңызды емес. Маңыздысы үш елдің басшылығы не үшін кездеспекші болды?

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында мемлекет басшылары үш елдің өзара саудасы мен экономикалық ықпалдастығын ұлғайту мәселелерін қарастырады, сонымен қатар президенттер әлемдік экономикадағы үрдістердің дамуын және Украинадағы ахуалды талқылайды, деп хабарланған.

Бұдан бөлек қандай мәселелер талқыланып, шешілмек? Белоруссиялық БАҚ өкілдері мен сарапшыларының болжамына құлақ түрсек.

- Лукашенко, Назарбаев және Путин, ең алдымен, елдеріндегі жағымсыз экономикалық жағдайдан шығу жолдарын табуға тырысып бағады, - деп есептейді халықаралық аналитик Андрей Федоров. - Белгілі бір дәрежеде олар саяси мәселелерге де тоқтаталады. Негізгі талқылайтындары экономика болады.

Айтпақшы, бұл кезедсуге Қырғызстан мен Армения президенттері шақырылмады. Андрей Федоровтың пікірінше бұл таңданатын жай емес,  Саясаттанушы Қырғызстан әлі Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) ресми түрде мүше болып кірмегендігін еске салды.

- Армения ЕАЭО мүшелігіне өткенмен, экономикалық тұрғыда бұл елдің ролі елеусіз. Президент Серж Саргасян ештеңеге де ықпал ете алмаса, бұл кездесуге оны жұмылдырудың мәні жоқ, - деді Андрей Федоров.

Лукашенко мен Назарбаевқа Мәскеуден жаңа бонустар қажет

Саясаттанушы Алекснандр Класковский өткен жылдың желтоқсанында Лукашенко мен Назарбаев бейбітшілік орнатуда өзара жарыс ұйымдастырып, шамамен бір уақытта Киевте болып, Порошенкомен кездескендігін атап өтті. Қазақстан Президенті қаңтардың ортасында "норманд форматындағы" кездесудің Астана өткізілетіндігін жария еткен еді, бірақ бірқатар себептермен олай болмады.

- Лукашенко табысқа жетті. Бірақ мұның бәрі шартты түрде, себебі украиндық шиеленіс жақын арада шешілмейді, - деп мәлімдеді сұхбат беруші.

Алайда, саясаттанушының сөзіне сүйенсек, Лукашенко мен Назарбаев үшін ЕАЭО тиімділігі ең басты мәселе болып отыр.

- Астана мен Минсктің Мәскеуден көбірек бонус алу үміті ақталу-ақталмауы белгісіз. Керісінше, кедендік үштік шеңберіндегі өзара сауда көлемі қатарынан үшінші жыл төмендеп келеді, - деп түсінік берді сарапшы.

Оның сөзінше, Беларусь билігі тауарларды сертификаттауға қатысты ЕАЭО нормаларын ұстанамын деп отандық кәсіпкерлермен шиеленіске түсті.

- Минск уақытынан бұрын әрекет ете бастады, олар ЕАЭО нормаларына сәйкес жеке кәсіпкерлерден сертификаттар талап етуде, ал Қазақстан мен Ресей бұған аса көңіл бөлмейді. Ал Беларусь басшылығы өздерінің тәртіптілігі мен елгезектігінің кесірінен өз-өзіне қиындық тауып отыр, - деді сарапшы.

"Сахна сыртында" Назарбаев пен Лукашенко еуразиялық интеграцияға қатысқандары үшін Путиннен жаңа бонустар талап етеді. Атап атқанда, сарапшының сөзінше, мұнай бағасының және өңдеу маржасының төмендеуіне байланысты Беларусь бюджетіне мұнай салықтарының есептелінуі мардымсыз болып шығуы мүмкін.

Сонымен қатар саясаттанушы ЕАЭО қатысушылары өзара саудадағы тосқауылдарды жоя алмағандығын еске салды. Оның пікірінше, мұнда кінәні тек Мәскеуге артпау керек.

- Астана мен Минск ішкі нарықтарын ресейлік тауарлар үшін ашуға асығып жатқан жоқ. Авторитарлық режимдердің протекционизмге, реттеудің бейнарықтық әдістеріне деген бейімділігі ЕАЭО аясындағы серіктестікке әлі біраз уақыт кедергі болады, - деп болжам жасады аналитик.

ЕАЭО тағдыры Ресей ресурстарынан тәуелді

Александр Класковский Ресей ресурстары кеміп, сол себепті еуразиялық интеграцияның тартымдылығы төмендеп келе жатқандығын атап өтті.

Алайда, саясаттанушының ойынша, РФ президенті бұл жобаны барынша қолдауға тырысады.

- Путиннің шегінер жолы жоқ. Ол абыройын жоғалтпай кете алмайды. Президенттік сайлау алдында Лукашенконы қолдау үшін Мәскеу өз қоймасынан бір нәрсе табады, Назарбаевқа да бір "тәттілерді" уәде етеді, - деп есептейді аналитик.

Сарапшы "жасыл адамдардан" қорқатын Назарбаев пен Лукашенко кездесуден тыс Путиннен: мұндай сценарийлерден сескенбеңдер дегендей кепілдік алатындығын жоққа шығармайды.

- Кремльдің мұндай уәделері арзан екендігі белгілі. Бірақ кең қауым үшін еуразиялық интеграция бағыты өзгеріссіз болып қалады деп айтылары хақ, - деп мәлімдеді саясаттанушы.

Оның сөзіне сүйенсек, ЕАЭО келешегі Ресей беріктігінің қорына байланысты. Егер Мәскеу Батыспен арадағы шиеленістерді ретке келтіре алса, онда интергация жалғасын табады.

Сарапшының ойынша, Путин ұтқан жағдайда ол Украинадағы экспансиясын кеңейтеді.

- Жағдайлар одан әрі осылай өрбіген жағдайда, Мәскеу тек экономикалық әдістерді ғана пайдаланып қоймай, мәжбүрлеу және қоқан-лоқы көрсету арқылы еуразиялық интеграция шеңберіндегі әрекеттерін агрессивті әрі шабуылды түрде жүргізеді. Егер Мәскеу осы стратегиялық текетіресте жеңілсе, онда ЕАЭО жобасы жоққа шығуы әбден мүмкін, - деп болжам жасады А.Класковский.

Дереккөз: udf.by 

Похожие материалы