Айға жуық созылатын ораза айының жартысы өтіп үлгерді. 2009 жылғы санақ бойынша 70 пайызы мұсылман болатын қазақстандықтар қасиетті айда шамасы келгенше ораза ұстап, ауызашар беруге тырысады. Осы орайда еліміздегі ауызашар дастарханының қандай болатындығына көз жүгіртіп көрдік.
Хугяни Рахимолла Ауғанстан азаматы. Қазақстан мемлекеттік білім беру жобасы аясында Ауған жастарын оқыту бағдарламасымен ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірді. Әйелі мен ұлы Ауғанстанда.
"Оразаны 15 жасымнан бастап ұстаймын. Әр жыл сайын мен үшін дәстүрге айналып кеткен. Мұсылман ретінде бұл айдың маңызы өзге айлардан өте жоғары", - дейді ол. Осы жылғы Рамазан айын Алматыда ауғанстандық бауырларымен бірге бастаған. Бірге жиналып ауызашарда ұлттық тағамдарын әзірлеуге тырысады.
Әдеттегідей су және құрмамен бастайды. Әрі қарай пикуни, тандем, тюб деген ұлттық тағамдарға жол беріледі. Дәрумен үшін міндетті түрде жеміс-жидектер қойылады.
Негізгі тағам ретінде палау келеді. Әдеттегі ингриденттерден бөлек мейіз және түрлі бұрыштар қосылады.
Ахмет Аляз «Қазақстан-Zaman» халықаралық газетінің бас директоры. Жолдамамен келіп, ҚазҰУ-ды бітірген. Ораза кезінде Қазақстан-Түркия кәсіпкерлерін шақырып, ауызашар берді.
"Ораза ұстауды 12-13 жасымнан бастадым. Алғашында ата-анамыз бірінші күні тек түске дейін, келесі күні түстен кейін ұстайсың деп үйретті. Сол уақыттан бері үзбей келе жатырмын", - дейді ол. Ауызашарда дастарханға майлы тамақтан қашып, бұршақтан, дәнді дақылдан жасалған тағамдар қойылады. Бидайдан бұлғыр палауы дайындалады. Шөл басу үшін жеміс-жидек шырын беріледі.
Ең бірінші тағам ретінде бұршақ, жасымықтан және басқа да түрлі дәнді дақылдардан жасалған сорпа беріледі. Түркияда әр қаланың өз сүйікті сорпасы болады. Ауыз ашардың тамағынан дәм татпастан бұрын сол сорпаны ішеді.
Астан кейін тәтті жеуге тырысады. Тәтті тағамдар күні бойы түскен қан қысымын қалпына келтіруге көмектеседі. Әдетте гулляш және субляш деген екі дәстүрлі тағам дайындалады. Гулляшты сүт және қамырдан дайындайды, бірақ көп емес, аз мөлшерде желінеді.
Қазір қалалы жерде ауызашарды дәмханаларда, мейрамханаларда беруге тырысады. Ыңғайлы және тиімді. Алматыдағы дәмханаларда ауызашар дастарханының төменгі бағасы 800 теңгеден басталады.
Мысалы, "Алтын адам" мейрамханасында 800 теңгеге бірінші және екінші тағам, салат, құрма, шәй, сусындар беріледі. 2500 теңгеге 3 түрлі салат, 2 түрлі тіскебасар, шығыс тәттілер, шәй, сусындар ала аласыз. Негізгі тағам ретінде сірнеге тапсырыс беруге болады.
Көп қонақ шақырып, ауызашар бермекші болсаңыз 5000 немесе 7000 теңгеге банкетті мәзір дайындай аласыз. Оның құрамында 5 түрлі салат, 3 салқын тіскебасар, 2 ыстық тағам, шығыс тәттілері, жеміс-жидек ассортиі, шәй, сусындар болады. Егер қонақтарыңыздың барлығы ауыз бекітпеген болса, мәзірді қалауыңызша өзгертуге болады.
Оразаның аяқталуына небәрі 2 аптадан аз уақыт қалды. Осы күндерді әрбір мұсылман барынша тиімді өткізіп, мол сауапқа кенелсін.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024