«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» атты отандық комедияның алдын-ала жабық көрсетілімі өтті
Алматы. 22 желтоқсан. 7kun.kz — Кеше «Sunny Production» мен «567 Cinema» компаниялары және «Chaplin Mega Park» кинотеатры «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» атты отандық комедияның алдын-ала жабық көрсетілімін өткізді.
«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» комедиялық фильмі актриса әрі продюсер Әсел Сәдуақасова мен режиссер Асқар Ұзабаевтың бірігіп жасаған үшінші жобасы - бұған дейін олар «Келін де адам баласы» және «Ninety One» картиналарын бірге түсірген.
Фильмнің сценарийін Сәбит Рахымбаев пен Әуез Әуезов және Асқар Ұзабаев жазды. Алғашқы екеуі «Абайлаңыз, сиыр!» және «Келін де адам баласы» жобаларында бірге жұмыс істеген. Жаңа туынды отбасы құндылықтары мен дәстүрді дәріптейді.
"Фильмде көрсетілетін тақырып қазіргі таңда өте өзекті. Әлеуметтік желіде осы тақырып барынша көп талқыға түсіп жатыр. Қазақ жігіттері шетелдік қыздарға үйленіп жатады, қазақ қыздары шетел азаматтарына тұрмысқа шығады. Сондықтан осы мәселе туралы комедия жанрындағы фильм түсіруді жөн көрдік. Жалпы, өзекті мәселені сынап, мысқылдай қарағым келді", - деп түсіндірді Асқар Ұзабаев.
«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмі – Динара туралы. Ол Франциядағы оқуын бітірген соң екі жылдан кейін үйіне оралады. Үйге болашақ жарымен келеді. Бірақ әкесі жалғыз қызының болашақ күйеуі француз екенін білгесін, олардың үйленуіне қарсы шығады. Бойжеткен әкесінің райын табу үшін қулыққа барып, уақытша қазақ күйеу жігіт табады. Жалған жігітті өз өміріне кіргізген Динараның жоспары астан-кестен болады.
Фильмнің негізгі айтар ойы – біз барлығымыз ұлтымызға, нәсілге және азматтығымызға қарамастан, бақытқа лайықтымыз.
Фильмдегі басты рөлді Әсел Сәдуақасова сомдайды. Тартымды шетелдік жігітті Морган Сеги ойнады, ал такси жүргізушісінің рөлі Нұржан Садыбековке бұйырды. Морган Сеги актер емес, аспаз екенін атап өту керек.
Комедияның түсірілімі 2017 жылы мамырдың 18-і мен маусымның 9-ы аралығында өтті. Фильм Алматы және Алматы облысында түсірілді.
Фильм режиссері – Асқар ҰзабаевБасты рөлдерде – Әсел Сәдуақасова, Морган Сеги, Нұржан Садыбеков, Мұрат Нұрасилов
Фильмнің сценарийін жазған: Асқар Ұзабаев, Сәбит Рахымбаев, Әуез Әуезов Продюсерлер: Әсел Сәдуақасова мен Асқар Ұзабаев Фильм прокатқа 27 желтоқсанда шығады.