Қазақстанның энергетика министрі шетелдік компаниялар бұдан былай ел аумағында шикізат өндірумен айналысу үшін қазақстандық кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорын ашуға міндеттелетінен айтты. Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа ереже елге келетін инвестиция көлемін азайтуы мүмкін.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осы жылғы наурыздың басында өткен үкімет отырысында елде шикізат өндірумен айналыстан барлық компания жұмысын бастамас бұрын алдымен Қазақстанмен бірігіп ортақ кәсіпорын ашуға міндеттелетінін айтты. Министрдің түсіндіруі бойынша, бұл – ең алдымен ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік инвесторларға қатысты ереже.
- Жаңа ереже көбіне Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта жұмыс істейтін үш ірі операторларға қатысты. Бұдай былай «батыс компаниялары» болмайды. Шетелдік инвесторлар елімізде жергілікті бизнеспен бірлескен кәсіпорын ашу арқылы ғана жұмыс істейді, - деді Қанат Бозымбаев.
Аталған өзгерістер министрдің үкімет отырысында таныстырған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы заң жобасында баяндалған. Министрліктің ресми сайтындағы баяндамалардың бірінде бұл шешімге қатысты: «Қазақстанның геологиялық әлеуеті кеңес кезіндегі пайдалы қазбаға толы жерлерді зерттеу арқылы белгілі болды. Мыңнан астам кен орны анықталған Қазақстан әп-сәтте инвестициялар ағымына кенелді. Бүгінде 90 пайызға жуық ашық кен орны жекеменшік инвесторлардың қаржысына жұмыс істейді. Аталған деректер бізге кешенді әрі жүйелі заң қажеттілігі туып тұрғанын айқындайды», - деп жазылған.
Парламент мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов үкіметтің шетелдік компанияларға мұндай талап қоюын мақұл көретінін, мұның дұрыс шешім екенін айтқан.
- Тәуелсіздік алған жылдары біз [шетелдік компанияларды – ред.] оларды шақырдық. Мұнай секторын дамытқысы келген біздер үшін бұл маңызды болды. Олар үшін жақсы жағдай жасадық. Меніңше, олар серіктестікке риза болды, компаниялар жақсы табысқа кенелді, кенеледі де. Бірақ қазір экономикалық әріптестіктің жаңа талаптары қажет. Біріншіден, жаңа талап отандық кәсіпкерліктің «жолын ашады», екіншіден бұл шешім осы саладағы отандық компаниялардың іріленуіне көмектеседі, - дейді депутат.
Сарапшылар бұл бастаманың көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт болғанын, үкімет салық көлемін мұнай саласындағы компаниялардың міндеттемелері есебінен арттыруға тырысып келе жатқанын айтады. Бірақ, маманның пайымдауынша, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін үкімет отандық кәсіпкерлерді қолдап, шетелдік компанияларға талапты қатаңдататын шарттарды талқылау мүмкін болмаған. Экономист Жарас Ахметов министрдің бұл баяндамасын «күмәнді әрі шала» деп бағалады.
- Бірлескен кәсіпорын ашу не ашпау – бизнестің өзі шешетін мәселе. Ал қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер келіспей қалса, не болады? Инвестицияның артуына әсер ете қоймайтын өте күмәнді әрі бұлыңғыр шешім. Басқа қосып-аларым жоқ, - дейді сарапшы.
Ал қоғамдық белсенді Жасұлан Көжеков шетелдік компаниялардың мемлекет тыйымдарын оңай айналып өте алатынын айтады. «Мысалы, «Теңізшевройл» ЖШС-ның тендерлеріне еркін қатысу үшін «Бехтель-Энка» ағылшын-түрік компаниясын Қазақстандағы отандық кәсіпкерліктің өкілі ретінде саналу үшін «Сенімді құрылыс» ЖШС-ге ауыстырып ала салды», - дейді ол. Сарапшының айтуынша, жаңа талап елдің инвестициялық «тартымдылығын» арттыру туралы жиі айтатын президент Назарбаевтың мәлімдемелеріне қарсы келеді.
Экономист Мақсат Халық мұндай талаптың дұрыс екенін, бұл отандық нарықтың дамуы үшін пайдалы екенін айтады. Дегенмен сарапшы Қазақстанда инвесторлар үшін маңызды боп саналатын фактор - заңдардың дұрыс орындалуына қатысты күмән келтіреді.
- Шетелдік инвесторларға мұндай талап қою дұрыс дер едім. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп өздерінің экономикасын реттеу үшін шетелдік компанияларға талапты күшейтіп жатыр. Себебі, ел нарығын шетелдік тауарлар жаулап алуы экономиканың тәуелді болып қалғанын білдіреді. Бірақ мұнда сұрақ - ол дұрыс орындала ма? Біздегі талаптар өте қатаң. Шенеуніктер міндетті төлем үстінен тағы қаржы талап етеді, - дейді сарапшы.
Ол кезінде оңтүстіккореялық «Daewoo» компаниясы Қазақстанға бірінші келген, бірақ мұндағы талаптар тым қатаң болып, Өзбекстанға нарығына кетіп қалғанын айтады. Маманның пайымдауынша, бұл ереже елге келетін инвестицияға тікелей әсер етеді.
- Соңғы жылдары елге келетін инвестиция көлемі қысқарды. Себебі, мұнай бағасы жоғары болған кезде инвесторлар жарыса қаржы құйып, мол пайдаға кенелді де, енді оның бағасы түскен соң басқа табысты салаларды көшті, - дейді экономист.
Мұнай бағасы 2017 жылдың басында сарапшылар болжаған 58-59 доллар шамасына жете алмай, 55-56 доллар дәлізінде құбылып тұрды. Ал 9 наурызда Лондонда ICE биржасының сауда-саттығында Brent мұнайының баррелі 2016 жылдың желтоқсан айынан бері алғаш рет 53 доллардан төмендеді.
Инвестицияның азайып жатқанын жауапты ведомствоның өзі де мойындаған. 2016 жылдың тамызында инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанға келетін инвестиция көлемі біраз азайған. «Өткен жылы елге келген қаржы көлемінің 50 пайызы тау-кен өндірісіне келген. Мұнай өндірісіне құйылатын қаржы 60 пайызға, саудаға келетін қаржы 47 пайызға азайған. Кейін 2016 жылдың қарашасында өткен үкімет отырысында баяндама оқыған министр Қазақстанға келетін инвестиция көлемі кризиске дейінге шамаға қайта жетіп, 25,8 пайызға өскенін айтқан. Шетелдік инвесторлар қаржысын қайта құя бастаған секторлардың ішінде ЖІӨ-нің 25 пайызын құрайтын мұнай-газ секторы болмай шықты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024