Осы аптаның басы әлемдік нарықтағы қор биржалары үшін аса жайлы басталмады. Дүйсенбіден бері әлемдегі алпауыт елдердің қор биржасында құлдырау орын алды. АҚШ қор биржасындағы алпауыт компаниялардың акцияларының құны түсіп, сатылым көлемі 2007 жылғы құлдырауды бастан кешірді.
Тек АҚШ-та ғана емес, Батыстың бірқатар қор биржасында және Қытай қор биржасында ірі компаниялардың акциялары 2,8 пайызға дейін төмендеді. Халықаралық сарапшылар өткен дүйсенбіні әлемдік қор биржасындағы «қаралы дүйсенбі» деп жариялады. Жалпы, қазір нақты тағы бір әлемдік дағдарыстың келе жатқанын, бұл дағдарыстың кемі 5-7 жылға созылатынын мамандар жиі айтады. Сарапшылардың байыптауынша, бұл дағдарыстан ұтып шығатын елдер де бар, ұтылып шығатын елдер де бар. Бастысы - дағдарысқа қарсы сақтық шаралары сауатты түзілуі керек. Осы арада біз мамандармен пікірлесе отырып, Қазақстан қайтсе дағдарыстан ұтып шығады деген сауалға жауап іздедік? МҰНАЙ ЕНДІ БҰРЫНҒЫДАЙ БОЛМАЙДЫ Негізінен, экономист сарапшылар болжам жасап отырғандай әлемдік нарықта мұнайдың бағасы енді бұрынғыдай бола қоюуы екі талай. Сарапшылар ендігі уақытта мұнай бағасы тіпті 20 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін екенін алға тартуда. Бұған негізі себеп, келешекте мұнай нарығына Иран келіп қосылатын болса, онда бұл нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арасы одан әрі арта түседі. Мысалы, бүгінде АҚШ тақтатас мұнайын көптеп шығарып былтырғы жылы мұнай өндіру көлемін тәулігіне 11 млн баррелге жеткізген. Ал бұған Сауд Арабиясының тәулігіне өндіретін 9,45 млн баррелін мұнайын қоссақ нарықта, мұнай көлемінің онсызда көп екенін бағамдаймыз. Ендігі кезекте ббұл нарыққа Иран келіп қосылса, ұл ел тәулігіне шығаратын мұнай көлемін арттырса, онда бұл нарықтағы ұсыныстың одан әрі арта түсетіні аңғарылады. Мамандар осы жайттарға қарап келешекте «мұнай құнды энергия көзі ретінде өз сұранысын жоғалтады» дейді. Марал Төртенова, экономист-сарапшы: - Нарықтағы мұнай көлемінің шамадан тыс өсуі, дамыған және дамушы елдердің шикі мұнайды мөлшерден артық экспорттауы болашақта мұнайдың өзіндік құнын түсіреді. Бұған қоса 2016-2017 жылдары ірілі-ұсақты мұнай кеніштері жаңадан ашыла бастайды. Мысалы, Қазақстанның өзі 2016-2017 жылдар аралығында ірі Қашаған мұнай кенішінің жұмысын алға қоюды жоспарлап отыр. Өзге елдер де осындай ірілі-ұсақты мұнай кеніштерін ашатын болады. Ал бұдан барып нарықтағы мұнайдың көлемі одан әрі арта түседі. Сондықтан бұл арада «мұнайдың бағамы келешекте 20-30 доллардың көлемінде болып қалады» деген болжамда негіз бар. Бұдан соң қазір нанотехнологияның дамыған заманы. Мұнайдың орнын алмастыратын заттар да көбейді. Қазір дамыған әлем елдерінің басым бөлігі көмір мен ағашты химиялық синтездеуден өткізіп мұнай жасауды ойластырып отыр. Тіпті осылай жұмыс жасап отырған елдер де бар. Демек келешекте мұнай бағамының төмендеуіне негіз бар. Сондықтан бір ғана мұнайға байланған экономика құрудың дұрыс еместігіне ендігі көзіміз жеткіздік. Демек, біз үшін қазірде маңыздысы инновацияға бет бұру. Отандық өнім өндіру саласына ден қою. Қазақстанның өзін-өзі қамтитын деңгейін артту маңызды болмақ. Осылай еткенде ғана Қазақстан бұл дағдарыстан ұтып шыға алады. Жалпы, мамандардың байыптауынша, болашақта АҚШ, Қытай тәрізді алпауыт елдердің өзі мұнай бағасын түсіруге ықыласты болады. Себебі, ғылымы дамыған елдердің дені мұнайдан күнделікті тұтынатын заттардың барлығын алып жатыр. Киім-кешектен бастап, кір жуатын сабын, жазатын үстеліміз, қолданатын қаламсабымызға дейін бірқатар елдер мұнайды химиялық синтездеу арқылы алады. Жасанды талшықтар түгелдей дерлік мұнайдан алынатындықтан келешекте «Қытай мен АҚШ-тың өзі мұнай бағасын түсіруге барын салады» деді мамандар. Сондықтан сарапшылардың ойынша, біз үшін шикі мұнайды сата бергеннен гөрі, индустриалды-инновацияға бет бұру маңыздырақ... ХАЛЫҚТЫ АСЫРАЙТЫН АУЫЛ БОЛАДЫ Осылайша, мұнайға байланған экономикалық жағдайдан біртіндеп арылу керектігін баса айтып отырған мамандар елдегі агро-саясатты нақтылау қажеттігін алға тартады. Олардың айтуынша, біз үшін қазір агро-секторды бәскеге қабілетті ету өте маңызды. Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым: - Болашақта біздегі халықты ауыл асырайтын болады. Біз 1998 жылдары жекешелендіру кезінде мұны толық ұғына алмадық. Сол кезде шаруаның қолына жеке-жеке мал бердік те «өз күніңді өзің көр» дедік. Ал сол кезден бастап ауылдың бизнесті өркендету қабілетін арттырғанымызда қазіргідей абдырап қалмайтын едік. Ауылдық жерлерде шағын кластерлер жасақтау, сол кластерлер арқылы дайын өнім өндіруге дейін қол жеткізу бізді дер кезінде қызықтырмады. Алғаш жекешелендіру тұсында шаруаның қолына мал беріп тұрып, «ертең сен осы малды етке өткізесің, сол арқылы елдегі ет комбинаттарын етпен қамтамасыз етесің, олар өнім шығарады» деп бағыттағанда қазір жағдайымыз анағұрлым жақсы болар еді. Рас, елде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірқатар компаниялар, холдигтер құрылды. Бірақ олардың барлығы дайын өнімге дейін ең соңғы дайын өнім өндіруге дейін жұмыс істемеді. Ауылдарға арзан несие жүйесін апара алмадық. Ауылға салалық банктер бармады. Ендігі кезекте осы жайттарды шешпесек, тек астықты экспорттаудан ұтпайтынымыз белгілі. Сондықтан болашақта дағдарыстан ұтып шыққымыз келсе агросаясатты жүйелі, сауатты ету керек. АКЦИЯ ПАКЕТІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІН ҚАЗАҚСТАН АЛУЫ КЕРЕК Сондай-ақ мамандар нақ қазіргі қалыптасып отырған жағдайға сәйкес көршілес елдермен біріккен кәсіпорындардың акция пакетінің басым бөлігін Қазақстан жағында болуы тиістігін айтады. Мұндайда Қазақстан 60/40 ұстанымын ұстануы тиіс. Ашып айтқанда, біріккен кәсіпорындарда акция пакетінің 60 пайызы Қазақстандікі, қалған 30-40 пайызы келесі тараптікі болғаны абзал. Марал Төртенова, экономист-сарапшы: - Жалпы көршілес елдермен біріккен кәсіпорындар бізде көп. Мысалы, Ресеймен біріккен кәсіпорындар жұмысын алға бастыру барысында, сырттан инвесторлар тарту кезінде, шетелдік технологияға жүгіну кезінде акция пакетінің басым бөлігін өзіміз алғанымыз жөн. Мұнай кеніштерінде, алтын және уран өндіруде шетелдік инвесторлар жұмыс істейді. Шағын бизнестегі, ауыл шаруашылығындағы жалпы дайын өнім өндірудегі қадамдарымызды нық әрі сенімді ету үшін отандық үлесті көбейту керек. Бізді қандайда бір дағдарыстан алып шығатын - отандық бренд. Ендеше бұл арада ұтып шығу үшін отандық ішкі секторларға құрылымдық жан бітірген абзал. Сонда ғана біз бұл дағдарыстан ұтып шығамыз...Қарлығаш Зарыққанқызы
Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024