7kun.kz 1991 жылдан бері мамыр айында Қазақстан Республикасы басынан өткерген елеулі оқиғаларға шолу әзірлеп, назарларыңызға ұсынады.
1991 жылдың 10 мамыры - XX ғасырдың ең үздік альпинистерінің бірі Анатолий Букреев Тұңғыш қазақстандық Гималай экспедициясының құрамында биіктігі 8167 метр болатын Дхаулагири тауының Батыс қабырғасын алғаш рет кесіп өтеді. Қазақстан құрамысының қатарында жүріп көптеген биіктікті бағындырған Анатолий Букреев 1997 жылы гималайлық Аннапурна сегізмыңдығына шығу кезінде тағы бір альпинист-оператор Дмитрий Соболевпен бірге қар көшкінінің астында қалып, қаза табады.
1992 жылдың 7 мамыры - Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қарулы күштер құру туралы жарлыққа қол қояды. Осылайша Қазақстан Республикасының өз Қарулы күштері пайда болды. ҚР Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Осыдан бастап ел халқы Отан қорғаушылар күнін бұрынғыдай 23 ақпанда емес, 7 мамырда атап өтетін болды.
1993 жылдың 18 мамыры - "ҚР Қаржы министрлігінің Салық қызметі туралы" заң жарияланды.
1994 жылдың мамыры - долларды енді тек банкте ғана емес, арнайы айырбастау пункттерінде де сатуға немесе сатып алуға болатын болды. Тәулік бойы жұмыс істейтін мұндай орындар халықтың сұранысына бірден ие болып, көптеп ашыла бастады.
1995 жылдың 19 мамыры - салтанатты түрде Қазақстанның Банкнот фабрикасы ашылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзімізде басылып шықан алғашқы миллион теңгені келген елге көрсетті.
1996 жылдың 23 мамыры - Нұрсұлтан Назарбаев "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетін құру туралы" жарлыққа қол қояды.
1997 жылдың 19 мамыры - "Қазақойл" ұлттық компаниясының президенті Нұрлан Балғымбаев Қазақстанның мұнай саласы үшін де, жалпы республика үшін де аса маңызды жаңалықты жеткізу үшін баспасөз-мәслихатын өткізеді. Ол Теңіз-Новороссийск бағыты бойынша мұнай құбырын жүргізуді қаржыландыру туралы ақтық келісімге қол қойылғандығы, құрылыстың басталғаны туралы хабарлайды.
Консорциумдағы үлес келесідей болып бөлінеді: Chevron – 15%, ЛУКАРКО (Ресей) – 12,5%, Роснефть/ Shell – 7,5%, Mobil – 7,5%, Agip – 2%, British Gas – 2%, Kasakstan Pipelinе Ventures – 1,75%, Oryx – 1,75%. Қалған акцияның 24%-ы Ресейге, 19%-ы Қазақстанға, 7%-ға Оманға тиесілі болды.
1998 жылдың 6 мамыры - Ақмола атауын Астанаға ауыстыру туралы Нұрсұлтан Назарбаев жарлығына қол қойылады.
1999 жылдың 29 мамыры - Қазақстанның "Алаш" ұлттық партиясы құрылды. Төрағасы Сәбетқазы Ақатай болды.
2000 жылдың 7 мамыры - Астанада "Ауған алауы жадымызда" атты ауған соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған монумент ашылды.
2001 жылдың 4 мамыры - Халықаралық ғарыш стансасы (ХҒС) бағдарламасы аясында Байқоңырдан «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесі аспанға көтерілді. Экипаж құрамында командир Талғат Мұсабаев, борт инженері Юрий Батурин және жүйе операторы, сондай-ақ ХҒС-қа аттанған тұңғыш турист Денис Тито болды.
2002 жылдың 17 мамыры - тіркелгеніне бір жыл болған Air Astana әуе компаниясының алғашқы тұрақты рейстерінің ресми ашылуы өтті. Осы айда Air Astana Алматы-Астана бағытында алғашқы рейсін орындады. Жаңа компанияның бақылау пакеті (51%) үкіметке, ал қалған акциялары британдық BAE Systems PLC компаниясына тиесілі болды.
2003 жылдың 23 мамыры - түнгі сағат бірден кеткенде Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Луговое, Құлан, Мерке ауылдарында және Луговое стансасында 6-6,5 балдық жер сілкінісі болды. Апат орталығындағы үйлердің көпшілігі қирап қалды. 3 адам қаза тапты.
Жапа шеккен халық 50 мың теңгеден жәрдемақы алды, бүкіл республика болып қажетті төсек-орын, азық-түлік, дәрі-дәрмек жинады. Жер сілкінісінен қираған елдімекендерді қалпына келтіру үшін мемлекет 5 млрд теңге бөлді.
2004 жылдың 28 мамыры - Шығыс Қазақстан облысында Қазақстанның он бес миллионыншы тұрғыны Перизат Өскембаева дүниеге келді. Ал оның сыңары ел халқының санын он алты миллионға бастап кірді. Суретте "мерейтойлы егіздердің" оқушы болып, өскен кезі түсірілген.
2005 жылдың 9 мамыры - ТМД елдері бойынша Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60-жылдығы кеңінен атап өтілді. Осы мерекеге орай Қазақстанда тұратын барлық ардагерге 30 теңге берілді.
2006 жылдың мамыры - Астанада ел арасында "зажигалка" ("оттық") аталып кеткен Transport Tower ғимараты өртенді. Биіктігі 155 метр болатын бұл объект ТМД-дағы ең биік ғимарат ретінде ашылған болатын. Өрттің тез тарауына құрылыс кезінде кеңінен пайдаланылған алюкобонд себеп болғаны кейін анықталады.
2007 жылдың мамыры - Алматыда, Көктөбеде мүсінші Эдуард Казарянның британдық танымал The Beatles тобына арналған ескерткіші ашылды.
2008 жылдың 20 мамыры - жол-көлік полициясының бастауымен 130 оқушысы бар автобустар тізбегі Қарағандыдан Астанаға экскурсиядан қайтып келе жатады. Аршалы елдімекенінен 10 шақырым жерде тура алдарынан шыққан көлік автобуспен бетпе-бет соқтығыспауы үшін аға сержант Қайрат Жұмабеков өз көлігін тосқауыл қылып, қарсы беттегі жүк техникасына апарып соғады. Апат салдарынан Қ.Жұмабеков сол жерде қаза табады, ал онымен бірге патруль көлігінде болған Дмитрий Пугач көптеген жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Бірде-бір бала зардап шекпеді.
Осы жылы Қайрат Жұмабеков оқыған мектепте ескерткіш тақта орнатылып, туған ауылындағы көшелердің біріне ерлікпен қаза тапқан қызметкердің аты берілді.
2009 жылдың 26 мамыры - ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ға қатысты өзгертулер қабылдады. Бұдан былай ҰБТ тапсыру 4 маусымда өтетін болды, бұл түлектерге дайындыққа қосымша 3 күн берді. Сонымен қатар, тест тапсыру уақыты 30 минутқа ұзартылып, үш жарым сағатқа жетті. Бұдан бөлек тапсырушылардың бір легіне кіретін үміткерлер саны 1500-нан 800-ге дейін қысқартылды.
2010 жылдың 4 мамыры - "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заң қабылданды. Ол тұтынушылардың құқықтық, экономкиалық және әлеуметтік негізгі қорғау жағдайларын анықтап, халықты қауіпсіз һәм сапалы тауармен қамтамасыз ету бойынша шараларды қамтыды.
2011 жылдың 8 мамыры - Жаңаөзенде "Қаражанбасмұнай" кәсіпорнының 700-дей жұмысшысы қарсылық акциясына шықты. Олар жалақының төмендігін, кәсіподақтардың ештеңе істемей отырғандығын айтып, шағымданды. Бірнеше күн өткен соң "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС жұмысшылары еңбек келісім-шарттарын қайта қарастыруды талап етіп, ереуілге шықты. Біраз уақыттан соң оларға "Өзенмұнайгаз" қызметкерлері қосылды.
2012 жылдың 3 мамыры - "Қазақтелеком" АҚ "Megaline" сауда маркасымен ұсынылатын кеңжолақты Интернет қызметіне миллионыншы абоненттің қосылғаны туралы хабарлады.
2013 жылдың 15 мамыры - Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі 2013 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша елде 11 001 739 қазақ тіркелгені, яғни ұлты қазақ азаматтардың саны 11 миллионнан асқаны туралы хабарлады. Ел аумағында дүниеге келген 11 миллионыншы қазақ 2012 жылдың 28 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туылған.
2014 жылдың 2 мамыры - Toyota Tsusho Corporation-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Такуя Игихаши қазақстандық серіктестерімен бірлесе отырып, аталған бренд автокөліктерін отандық кәсіпорындарда толық циклда құрастыруды жоспарлап отырғандығы туралы мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы тарихындағы ақпан айы