Алматы. 30 мамыр. 7kun.kz - Еліміздегі адвокаттардың қызметіне мұқтаж азаматтардың саны Италиямен салыстырғанда он есе көп. Бұл мәліметті Мәжілісте өткен үкімет сағатында әділет министрі Марат Бекетаев хабарлады, деп жазды abctv.kz.
Үкімет сағатында депутаттар парламент тарихында алғаш рет нотариат және адвокатура институттарын дамыту және реформалау мәселелерін қарады. «Адвокаттық қызмет туралы» заң Қазақстанда сонау 1997 жылы қабылданған, яғни бұл заңға биыл жиырма жыл толады. Адвокатура институты адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және білікті заң көмегін алуға бағытталған.
Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегі елімізде тегін де көрсетіледі. Министрдің мәліметінше, жыл сайын бюджет есебінен тегін көмекті шамамен 150 мың адам алады екен. Қазіргі кезде елімізде барлық қорғаушылар Республикалық адвокаттар алқасына және оның 16 аумақтық алқаларына кіреді. Қазақстандық адвокаттар корпусының жалпы саны шамамен 4 мың адамды құрайды.
«Соған қарамастан, бүгінде Қазақстанда адвокаттардың жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Өйткені олардың қазіргі саны азаматтарды заңгерлік көмекпен толыққанды қамту үшін жеткіліксіз. Орташа есеппен республикада 1 адвокатқа шамамен 3900 азаматтан келеді. Дәл осы көрсеткіш мысалы, Италияда небары – 260 адамды, Германияда – 500, ал Англияда – 900 адамды құрайды. Адвокаттардың тапшы екенін сондай-ақ жоғарғы сот та мәселе етіп көтеріп жүр. Себебі бір судьяға тіпті 2 адвокаттан да келмейді. Еуропада бұл көрсеткіш орташа есеппен 3-5 адвокатты құрайды», – деді әділет министрі.
Оның айтуынша, бәсекенің аз болуы кесірінен қорғаушы мырзалар өз қызметтерінің құнын шектен тыс көтереді.
«Кәсіпке кіруді жеңілдету үшін әділет министрлігі республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп, бастапқы жарнаны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 227 мың теңгеге дейін, ал тағылымдамадан өту ақысын айына 5 АЕК-ке, яғни 11 345 теңгеге дейін төмендету мәселесін пысықтап жатыр» деген министр Марат Бекетаев артынша депутаттарға бұл мәселеде әлгі алқаның оған еш көнгісі келмейтініне шағымданды.
Министр бұл шара шығындарды екі есе азайтатындықтан, заң саласындағы кәсіпкерлердің – адвокаттар санының көбеюіне әкеледі деген сенімде. «Адвокаттық корпус санының өсуі оның ішіндегі бәсекелестікті күшейтеді және бұл заңгерлік көмек көрсету үшін алынатын қаламақы сомасының азаюына әкеледі», – деп мәлімдеді әділет министрі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024