Соңғы уақытта әлеуметтік желі беттерінде "Facebook жабылады" деген қауесет жиі айтыла бастады. Марк Цукерберг өнімінің қолданушыларының бірі "фейсбук жоғалса, пікір алмасатын орта керек" деп жаңа алаң іздеуге кірісіп кетсе, өзге бір тобы желінің жабылмайтындығына нық сенім білдіреді.
Жақында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің басшысы Михаил Комиссаровтың "Facebook-ті Қазақстандағы экстремистер арасында ең танымал әлеуметтік желі" дегені отқа әрі май құйғандай болды. Оның сөзінше, дәл осы алаңда заңсыз контенттер көп таралады. Бұл пікірден соң, әлеуметтік желілерде "жабылу" туралы жазба көбейді. Facebook жабылуы мүмкін бе? Отандық сарапшылардың пікірін білген едік.
Айдос Сарым, саясаттанушы: "Менің ойымша, фейсбук желісі бүгінгі күні елдегі жалғыз қалған еркін ой мен азаматтық əрекет алаңы. Бұл, əрине, авторитарлы билікке ұнай бермейді. Кейбір шенеуніктердің осы желіні жазғыруы осыған байланысты. Алайда дəл қазір фейсбук мүлдем жабылады немесе бұғатталады дегенге сенгім келмейді. Себебі бұл мемлекеттік ақымақтықтың шарықтау шегі болмақ. Желіні жабу оңай, ал жүздеген мың адамды жабу, жою биліктің қолынан келмейді. Азаматтарды біріктіретін бірде-бір қоғамдық орта қалмаса, ондай орта қаладағы орталық алаңдарға ығысады. Бұрын анда-санда күңкілдеп қана қоятындар өзінің шерін тарқататын ортаны іздей бермек. Бұлардың біразы автоматты түрде я елден безеді, я террористік топтарға, секталарға барып жан сауғалайды. Бір жағынан, фейсбукты жабу батыс елдерімен қақтығысқа бару деген сөз. Дəл қазір біздің билік батыспен айтысуға құлықты емес, бұған сыртқы себеп те жоқ. Батыспен қақтығысу автоматты түрде Ресейге бағыну, қолтығына кіру. Бұған біздің элиталар дайын ба? Менің ойымша дайын емес. Фейсбукты біз Ресейден бұрын жаба қоймаспыз деп ойлаймын. Сондықтан алаңдау керек шығар, бірақ ойбайлап, басқа пəле тілеудің қажеті жоқ сияқты. Қалғаны уақыт төрелігінде". Өркен Кенжебек, журналист, блогшы: «Фейсбук Қазақстанда жабылады екен..» деген қауесет мүдделі министрліктегі ақпаратты мониторингтеу басқармасының басшысы Михаил Комиссаровтың сөзінен кейін басталды. Оның кезекті форумда «адам құқын таптайтын, тәртіпке қарсы ақпарат көбіне Фейсбук пен Ютубта» дегенді сөз арасында айта кеткені рас, бірақ ол мырза да Фейсбукті жабу керек дегенді тісінен шығармаған еді. Сондықтан, бұл ақпаратқа аш журналистердің сөзден сөз қууы деп қана түсінер едім. Фейсбукті жабамын деп Иран, Тәжікстан, Сирия, Түркіменстан және басқа елдер де талаптанды емес пе? Иә, жапты. Бірақ, олар да бұғауын көпке сала алмады, жіберіп қойды, қайта ашты. Фейсбуктің қазір әлемдегі гегемониясын, еліміздің ішіндегі 1 миллионнан аса аудиториясын ескерсек, оның қоғамдық мәселелерді шешудегі рөлі артып келе жатқанын тағы қоссақ, оны бізде шектеу қиын секілді. Жаба қалған күннің өзінде, оның орнына Google+ басар, не жұрт қайтадан Мой мирге барар, бірақ әлеуметтік желіге бір үйренген жұртты қайтадан қағаз-қаламға отырғызу енді мүмкін емес сияқты.
Руслан Желдібай, журналист: Фейсбуктің жабылуына қатысты талқылауға масс - медиада фейсбук, ютубте экстремистік жазбалар көп деген ақпараттың шығуы себеп болған шығар. Бірақ әзірге аса даурығудың қажеті шамалы деп білемін. Жалпы, фейсбук не басқа әлеуметтік желілер тыйым салынған елдер бар екені рас. Мысалы, Қытай, Түркіменстан, Солтүстік Корея т.б. айтсақ болады. Мұндағы басты себеп әрине саяси жүйеге тікелей қатысты. Елімізде фейсбук желісі арқылы біраз қоғамды алаңдатқан мәселелер көтеріліп, оның шешім тапқанын көрдік. Соңғысы мәселе ретінде, Астанадағы той кезіндегі қыдырудағы жол ережесін бір емес бірнеше көліктің өрескел бұзуын айтсақ болады. Сондықтан мұндай құралдан бас тартпаған жөн. Әрине, заңға қайшы жазбаларға лайықты жауап болуы тиіс. Желі басшылығы мұны ескереді деп ойлаймын. Фейсбуктен басқа да интернетте талқылау форматтарын табуға болады, ол аса қиын емес. Меніңше, белгілі бір мәселені шектеу арқылы шешу нәтижелі болмайды.
Socialbakers интернет-ресурсының мәліметінше, елімізде 340 мыңнан астам адам Facebook қолданады. Әлеуметтік желіге Қазақстанның барлық халқының 2,35 пайызы және жалпы интернет-қолданушылардың 6,84 пайызы тіркеген. Пайдаланушылардың 53 пайызы әйелдер, өзгелері - ер адамдар.
Төмендегі график қазақстандық қолданушылардың жас ерекшелігін көрсетеді. Олардың 35 пайызын 18-24 аралығындағы жастар құрайды.
Орта Азия елдері арасында Facebook-ті қолданушылар бойынша Қазақстан көш бастап келеді. Ал әлемдік көрсеткіш бойынша,бірінші орында АҚШ тұр. Америаның 157 млн-ға жуық адамы - Марк Цукерберг өнімінің қолданушылары.Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024