Жақын арада Қазақстанда газ толтыру станцияларының саны артады, сонымен қатар оның бағасы да арзандай түседі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифинг барысында энергетика вице-министрі Мағзум Мырзағалиев хабарлады.
"Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг" және "Гелиос" ЖҚС желісі арасында газды автокөлік отын ретінде таратуға қатысты ынтымақтастық туралы меморандум жасалынды", - деп мәлімдеді М.Мырзағалиев.
Спикердің айтуынша, Қазақстанда отынның бұл түрі кеңінен пайдаланылмайды, пайдаланатын тек газ өндіруші аймақтар. Бұның негізгі себебі - инфрақұрылымның, оның ішінде станциялардың дамымағандығы.
Бүгінгі таңда еліміздегі газ толтыру станцияларының саны 500-ден асады, бірақ бұл жеткіліксіз деп есептейді Мырзағалиев.
Бұған қоса, соңғы жылдары сұйытылған көмірсутек газының бағасы тоннасына 31 мың мен 38 мың арасында болды. Осы бағаларға сәйкес, өткен жылы Маңғыстау облысындағы станцияларда газ 32 теңгеге өткізілді, ал солтүстік және шығыс аймақтарда - 56-60 теңге.
"Ағымдағы жылдың нурызынан бастап әлемдік котировкалардың төмендеуіне байланысты біз сұйытылған көмірсутек газының сатылатын көтерме бағасын тоннасына 11 мың теңге деңгейінде белгіледік. Сәйкесінше, автокөліктер үшін отынның бұл түрі қол жетімдірек бола түседі", - деді вице-министр.