Әлемдегі 7 млрд адамның 900 миллионы кедейлік шегінде өмір сүреді дейді мәліметтер. Сол кедей дегеніміз кім? Бүгінде ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыс табатын адам. Дүниежүзілік банк адамның күнделікті қолдануы үшін қолында 1,9 доллары (640 теңге) болмаса, ол адамды кедей деп есептейді.
Статистика бойынша, Ресейдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 48 655 теңге болса, Қырғызстанда ол – 27 000 теңге. Бізде – 22 859 теңге. Оның үстіне кедейлік шегі деген бар. Ресей статистикасынан біз оны кездестірмедік. Ал Қазақстанда ол елдің экономикалық мүмкiндiктеріне қарай белгiленетiн кiрiстің ең төменгі шегi. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрайды. Яғни, 9 мың теңгеден сәл-ақ асады. Елімізде ай сайын 9 мың теңге табыс тапқан адам кедей болып саналатын көрінеді. Ал енді айына 9 мың теңгемен өмір сүру ол неге жетеді? Оның сомасы неге көрші елдердікінен аз? Статистика мен ел тұрмысының бір-біріне сәйкес келмейтінінің бір дәлелі осы болар.
Бір жылдары Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі «кедейлік шегі одан әлдеқайда жоғары болуы тиіс, Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Қазақстандағы кедейлік шегінің шынайы көрсеткішін анықтау бағытында жұмыс жасалып жатыр» деген болатын. Егер кедейлік шегі ресми мәліметтерден жоғары болып шықса, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқандардың саны да көп болып шығады. Астана экономикалық форумында президент Н.Назарбаев Қазақстандағы кедейлердің үлесі 3-ақ пайыз деген цифрды келтірді. «Біз халық кірісінің аражігін алыстатпай, кедейлік деңгейін әлдеқайда азайттық. Егер 1990 жылдардың басында әрбір үшінші қазақстандық (40 пайызы) кедейлік шегінде өмір сүрген болса, ал, қазір кедейлік шегінде өмір сүретін халықтың үлесі — 3 пайыз», - деді Н.Назарбаев.
Жалпы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзі мардымсыз. Ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз – құрамына азық-түліктен басқа тауарлар мен қызметтер кіретін ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ақшалай табыстың шекті мөлшері екені белгілі. Оның мөлшері 22 859 теңге екенін жоғарыда айтып өттік. Алайда тұтыну себетінің құнын есептеу және оның құрылымын қалыптастыру әдісі Батыс елдерінің қолданысындағы әдістен мүлдем бөлек. Мәселен, АҚШ-тағы тұтыну себеті үш жүзге жуық атаудан тұрады, онда ең үлкен пайыз азық-түлік тағамдарына берілген, бірақ бензинге, темекіге, алкогольге және үйден тыс тамақтануға жұмсалатын шығындар да қарастырылған. Францияның тұтыну себетіне 500-ден астам атаулар енгізілген. Атап айтқанда, онда шарапқа жұмсалатын, мейрамханалар мен сұлулық салондарына бару шығындары да қарастырылған. Әрине, барлығы ең шекті мөлшермен алынған (айталық, айына бір рет киноға бару).
Ал, отандық тұтыну себетінің азық-түлік бөлігі – тағамдардың миллиграммдап өлшеніп, жазылған мардымсыз жиынтығы. Сарапшылардың бағалауынша, ол ең шекті мөлшермен алынған, тұтыну нормасы, тіпті, соғыс кезіндегі неміс тұтқындарының нормасынан аз. Азық-түлікке жатпайтын бөлігінде нақтылық мүлдем жоқ: оны адамдардың өздері шешеді, не нәрсе маңызды – киім бе, әлде интернетті пайдалану ма? Дәрі-дәрмек, электр энергиясының, жылыту мен сумен қамтамасыз етудің құны тұтыну себетіне кірмейді және күнкөріс шамасының шекті мөлшерін есептеу кезінде есепке алынбайды. Ал бұл қызметтердің шынайы бағасы үнемі өсіп отырады және олардың күнкөріс шамасының шекті мөлшеріндегі ресми есепке алынбайтын үлес салмағы да артады.
Кедейліктің өсуіне не себеп? Біріншіден, еңбек нарығындағы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі. Екіншіден, еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақының аздығы. Кедейлік ұзақ уақыт бойы маңдай тері үшін арзымайтын айлық алып келген адамдар есебінен де өседі екен. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, ғылым, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы үнемі аз. Ешқашан басқа салалармен иін тіресіп, өскен емес. Осының ішінде ауыл шаруашылығында еңбектеніп жүрген адамдардың еңбекақысының аз болуы кедейшіліктің әсіресе ауыл-аймақтарда кең жайылуына алып келген. Мысалы, ауылдық жерлерде кедейлік деңгейі қалалық жерлерге қарағанда 4 есеге дейін жоғары. Ауыл еңбеккерлерінің жалақысы қала тұрғындарынан екі-үш есе кем. Жұмысқа қабілетті жастағы ауылдың әрбір бесінші тұрғыны жұмыс таба алмай жүр деп жазады "Корреспондент" басылымы.
Азық-түлік отбасы бюджетінің 70 пайызын алатын болса, оның да құны аспандап тұр. Әлеуметтанушы Ш.Солтанбекованың айтуынша, айлық табыс пен азық-түлік бағасы бір-біріне сәйкес келмейді. «Соның кесірінен тұрғындар тарта тамақтанып, дәруменге толы көкөніс пен жемісті сирек тұтынатын болған. Бұл халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Әрі қарай да осылай жалғаса берсе, елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы қысқаруы ғажап емес. Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесі еңбек табысын арттыру мен өзіне көмек көрсетуге жеткілікті бағытталмаған. Халыққа әлеуметтік көмек беру мәселесі бойынша түрлі мемлекеттік органдар жұмысы дұрыс үйлестірілмеген. Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда органдар жоғарыға сандық көрсеткіштерге толтырып, әдемілеп есеп беруді ғана көздейді. Ал шын мәнінде адамдар өмірінің деңгейін жақсарту ешкімнің ойына кіріп шықпайды»,- дейді әлеуметтанушы.
Мамандардың пікірінше, қазіргі кедейлер бұрынғыдай жалғызбасты аналардан, зейнеткерлер мен мүгедектерден тұрмайды. Қазір бұл қатардан еңбекке қабілетті жастарды, ер азаматтарды да көре аламыз. Кедейліктің әлеуметтік құрылымы өзгерді.
Ұлбосын НАЙЗАҚҰЛ «7»
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024