Соңғы жылдары еліміз шетелдің туристерін қызықтыратын курорттық аймақ ретінде танылып келеді. Оқырмандарды қысқы туризм бойынша жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келе жатқан бірнеше орталықтармен таныстырғымыз келеді.
Бурабай
20 ғасырдың басынан бері тек еліміздің жұртшылығын ғана емес, шетелдік туристерді де қызықтыратын курорттық аймақ ретінде танылды. Аталмыш аймақты «Қазақстанның інжу-маржаны» және «Қазақстанның Швейцариясы» деп те атайды.
Жаз уақытында демалушылар саны көп болғанымен қыс мезгілінде біраз азаяды. Десе де, қыс уақытында ғана Бурабайдың биші қайыңды ормандарын жаңа қырынан көруге болады. Шаңғы мен сноубордта сырғанауға, хоккей ойнауға мүмкіндік туады.
Бурабайға жол тарқан әрбір отбасы қаражатына қарай тұратын орындарын белгілеуі қажет. «Эконом класс» немесе «Люкс класс» негізінде таңдау жасай аласыз. Демалыс орындарындағы бөлмені жалға алудың орташа құны 15 000-25000 теңге шамасында.
Бұл аймаққа денсаулығын түзету мен демалу мақсатымен жыл сайын Қазақстанның түкпір–түкпірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден туристер келіп жатады. Демалыс орындарында спорт кешендері орналасқан, сондай-ақ экскурсиялық бағдарламалар тұрақты түрде жүргізіледі.
Қазақстандағы Лапландия
Бурабайдан 12 шақырым жерде орналасқан ертегі қалашығы балаларды ғана емес, ересек адамдарды да қиял-ғажайып әлеміндегі сан түрлі кейіпкерлерімен, ойын түрлерімен еліктіріп алады. Жұмысын 2012 жылдан бастаған «Қазақстан Лапландия» немесе «Аяз ата резиденциясының» бір ерекшелігі қонақтарға қыс мезгілінде ғана емес, сондай-ақ жаз мезгілінде де қызмет ұсынуын тоқтатпайды.
Резиденцияға кіру бағасы балаларға – 1200 теңге, ересектерге – 1500 теңге. Балалардың Аяз ата және оның қызметшілерімен танысуға, әлемнің жеті кереметіне жасаған макеттерді тамашалауға мүмкіндіктері мол. Сонымен қатар, Лапландияның қосымша қызметтеріне бұғы мен ит жеккен арбаға сырғанау, коньки тебу және дүкендер жұмысы кіреді.
Баянауыл ұлттық паркі
Павлодар облысының оңтүстік-шығысында Баянауыл ұлттық паркі орналасқан. Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының қатарына кіреді.
Баянауыл елдімекені – курортты аймақ. 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ статусына ие болды. Саябақ ерекше табиғатымен және әркімді таңқалдыратын түрлі пішіндегі жартастарымен әйгілі.
Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр сынды көлдерді тамашалауға жыл сайын жүздеген туристер келіп жатады. Оларға қолайлы жағдай туғызып, жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін көл жағалауларында демалыс базалары мен пансионаттар салынған. Бөлмені жалға алудың орташа құны 5 мың теңге шамасында.
Демалыс базаларында бүркітпен аң аулауға және шаңғы тебуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Павлодар облысында «Мойылды» шипажайы орналасқан. 1922 жылы ашылған орталыққа жылына 10 мыңдай шетелдік және отандық туристер келеді.
Қарқара ұлттық паркі
Қарқара ұлттық паркінің негізі 1998 жылдың 1 желтоқсанында қаланды. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы таулы-орман саябағы. Аталмыш аймақта бірнеше табиғи ескерткіш бар: Үш үңгір, Сібір шыршасы, Шайтанкөл, және т.б.
Туристер үшін қонақ үйлерімен, шаңғы базаларымен және тағы басқа ойын-сауық орталықтары қызметтерін ұсынады. Отбасыға арналған екі қабатты үйді жалдауға болады. Қоныстанатын уақытыңызға байланысты коттеджді жалдау құны 90-200 мың теңге аралығын құрайды.
Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстанның тартымды өлкелерінің бірі - Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда туристерді қызықтыратын кең аумақ, керемет ландшафтар, әртүрлі климаттық аймақ, баға жетпес мәдени және тарихи ескерткіштер, туристік қызметтердің сан алуан түрлері бар.
Қыс мезгілінде шаңғы, коньки, сноуборд тебуге мүмкіндік беретін орталықтар жетерлік. Ең танымалы – «Алтай альпісі» тау шаңғысы кешені. Ойын-сауық қызметтері таңғы 8.30-дан кешкі 17.00-ге дейін жалғасады. Ал екі адамға арналған бір бөлмені жалға алу құны 8200 теңгеден басталды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында туроператорлық және турагенттік қызметтерді жүзеге асыратын 108 туристік ұйым, 16 туризм нұсқаушысы, 34 емдеу-сауықтыру шипажайы тіркелген. 2015 жылғы дерек бойынша, туристердің 10 пайызы ұшақпен, 40 пайызы теміржолмен, 31 пайызы автобустармен келген. Қалған 19 пайызы автокөлікпен жүргенді жөн көреді.
Табаған
Іле Алатау шатқалында салынған «Табаған» курорты бүгінгі күні үлкен беделге ие. Спорт және көптеген ойын-сауық түрлерін қамтитын кешен 2005 жылы салынған.
«Табаған» атауы ағылшын тілінен аударғанда «шана», «түсу» және «сырғанау» деген мағынаны береді. Аймақ бірнеше ауылдарға бөлінген: Қайыңды ауыл, Үйеңкілі ауыл, Шыршалы ауыл, Қарағайлы ауыл және т.б. Әрбірінде арнайы үйлер мен ғиамарат нысандары орналасқан. Төрт бөлмелі үйді бір күнге жалдау құны 60-80 мың теңге шамасында. Кешен аймағында екі мейрамхана жұмыс істейді.
Шаңғымен сырғанау – кешеннің тұрақты келушілерінің сүйікті ісі. Шаңғыны бір күнге тебуге алу 4 мың теңгені құраса, трассаға бөлек тағы 4 мың теңге төлеу керек. Жұмыс уақыты таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жалғасады.
Оған қоса сноуборд тебу, арқан жол, пейнтбол, жаттығу залы және квадроциклді жалға алу мүмкіндіктері ұсынылған.
Нұрила ӘБДІМАНАП "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024