Білімі:О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебін, Алматы энергетика және байланыс университетін тәмәмдаған. Англияда тіл курстарыннан өткен
Республикалық «Инвесторлар альянсы» қоғамдық ұйымының және Қазақстан софтверлік компаниялар ассоциациясының президенті Азаматхан Әміртай — Қазнеттегі бизнес саласының өкілі болып саналатын санаулы тұлғалардың бірі. Біздің сұхбатымыз Азаматхан Әміртайдың кәсіпкерлікке қалай келгені, Инвесторлар альянсы туралы және Блогиада жайлы болды.
- Азаматхан мырза, жастарға мотивация болсын деген мақсатпен біздің дәстүрлі сұрағымыз бар. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
— Жалпы кәсіпкерлікке адам әртүрлі жолмен келеді. Біреу сіз айтқандай өзгеден мотивация алып, соның өмір сүру салтына қызығып келеді. Ал мен 90-шы жылдардағы күрделі дағдарыста тұрмыстың тауқыметімен келдім. Әке-шешеме көмектескім келді.
-90-шы жылдардағы кәсіп базардан басталатын. Сіз де сол «мектептен» өткен шығарсыз?
-Иә, дұрыс айтасыз. Мен де жұрт қатарлы базардан бастадым, басында ұялдым, бірақ нарыққа бой үйреткен соң, кәсіпкерлікке жаным жақын бола бастады. Студенттік кезеңде жолдастарыммен ксеро-көшірме ұйымдастырдық. Кейіннен ағам екеуміз бір-екі көлік алып, оны жалға беріп, санын көбейтіп, таксопарк аштық. Ал екі мыңыншы жылдардың ортасынан бастап ақпараттық бағдарламалау саласына көштім.
- Бір сұхбатыңызда «бизнесті кедергілер шыңдайды» деген екенсіз. Бизнесті бастаған кезде қандай қиындықтар қалай болды?
— Әрине, кәсіпкерлік – сынақ. Оған шыдайтын да, сынатын да адамдар болады. Бұл кедергілер дағдарыс уақытында көп болады, тек өз мүддесін ойлайтын шенеуніктер көбейгенде кездеседі. Бірақ осы сынақтар кәсіпкерді шыңдай түседі. Келесі рет ондай барьер пайда болса, оны шешудің, айналып өтудің, өз құқығыңды дұрыс қорғаудың жолдарын білетін боласың. Сол үшің күресесің, қайраттана түсесің.
- Кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, қандай салаға барар едіңіз?
— Егер бизнес жолына түспегенде, онда математика ғылымына кетер едім. О. Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде оқығанда, университет қабырғасында осы салада талай олимпиадаға қатыстым. Әлі де матемематиктермен байланыс жасап тұрам.
- Кәсіпкерлікке келемін деген жастарға қандай кеңес бересіз?
— Жалпы кәсіпкерлікке келем деген жастар аталған салаға не үшін келе жатқанын білуі тиіс. Шешімі салмақты болуы қажет. Яғни, алғашқы кедергіден соң еңсесі түспеуі керек. Өзінің айналысқалы жатқан бизнесі, оны сататын не қызмет көрсететін нарығы, әріптестері, бәсекелестері туралы көбірек ақпаратқа ие болу тиіс. Сол саладағы жаңалықтарды да қадағалауды ұмытпасын. Адамдармен тіл табысу, бір топта жұмыс істесу, байланыс орната білу қабілеттерін де меңгеруі міндет.
- Қазір сіз басқарып отырған «Инвесторлар альянсының» басты мақсатының бірі қателеспесем, кәсіпкер болсам деген жастарға жол көрсету...
— «Инвесторлар альянсы» өзіне бірнеше мақсат қойды. Соның бастыларының бірі — Қазақстанның ішкі нарығындағы артық қаражатқа ие, бірақ оны қай салаға салуды іздеп жүрген инвестор мен бизнес-идеясы мол, бірақ оны жүзеге асыруға қаражат, қолдау таппай жүрген азаматтарды байланыстыру. Оған қоса, жұмыс істеп тұрған кәсібін ұлғайту үшін де инвестиция қарастырып жүрген шағын және орта кәсіпкерлерді де инвесторлармен ұштастыру. Әрине, барлық бизнес-идея не бастаманы қолдамаймыз. Алдымен біздің сарапшылар оның ойын не кәсібін зерттейді. Нарыққа зерттеу жүргізеді. Егер ол рентабельді, яғни пайдасын белгілі уақыттан соң беретін болса, онда мұндай жобаларды жоғарыда аталған инвесторлардың назарына ұсынамыз.
- Қаржы дағдарысы туралы жиі айтылып жүр. Болған жағдайда кәсіпкерлерге қандай әсері болуы мүмкін.
— Қазірше негізінен екі әсері болуы мүмкін. Біріншісі – Ресей тарапынан, яғни олар санкциялық қысымға ұшырағандықтан бар тауарын жақын елдерге, соның ішінде Қазақстанға да арзан бағамен өткізіп жатыр. Ал ол біздің отандық өндірушілердің ісін тоқтатуы мүмкін. Яғни, ертең сол өндірістегі жұмыс орындарымыз да қысқарады деген сөз. Екіншісі – барлық кәсіпкерлер белгілі деңгейде үкіметпен байланысты. Яғни, мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Биыл үкімет жан-жақты қысқартулар жасаған соң, аталған тендердің азаяры анық. Міне, тек сонымен ғана күн көретін кәсіпкерлердің қызметі баяулауы, табысы азаюы не мүлдем тоқтауы ғажап емес.
- Әлеуметтік желілерде белсендісіз, тың ойлар жазып отырасыз. Сіз үшін әлеуметтік желінің пайдасы бар ма?
— Күнделікті байланыс пен ақпарат – бүгінгі тіршіліктің бөлінбес айшығына айналды. Әлеуметтік желі – осы екі құндылыққа ие болуға көмектеседі. Яғни, жаңалықтарды, қызықты мәлімет, мақаланы бірінші оқуға мүмкіндік береді. Қолданушылар ең үздігін назарыңа ұсынады. Оған қоса, әр тап, мамандық өкілдерінің пікірін оқу да қызығушылық оятады. Мен үшін ол маңызды. Бірақ көп уақытыңды алатын кері әсері де жоқ емес.
- Қазақ блогерлерінің арасында өткен Блогиадаға қолдау білдірдіңіз. Ұйымдастырылуына, блогерлердің деңгейіне көңіліңіз толды ма? Алдағы уақытта қолдау білдіресіз бе?
— Бұл сол жас блогерлердің тарапынан жасалған ұсыныс, бастама болды. Ақпараттық бағдарламалау, софтвер саласында жүрген соң қолдау көрсеттім. Себебі бүгінгі жастар көбіне ғаламторда. Ендеше сол жастар көбірек қазақша ақпарат алсын деп, ғаламтордағы қазақ тілінің үлесін арттыруға бел байладық. Ол үшін үздік 64 блогер жыл бойы қазақ тілінде түрлі тақырыпқа блог жазды, жүргізді. Бұл да ана тіліміздің дамуына біздің де қосқан тамшыдай болса үлесіміз шығар. Келешекте де осындай қызықты әрі пайдалы жобаларға қолдау көрсетуге даярмыз.
-Сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Ақсәуле Әбітай «7»