Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бүгінгінің бала-бақшасы «мектепке» айналып кеткен...

Бүгінгінің бала-бақшасы «мектепке» айналып кеткен...

Бала ежіктеп оқи алмаса, 1-сыныпқа қабылдамайды. Ал әріп танымаса, мұғалім сізбен сөйлеспейді де. Қазір мектептеріміз, біз бен сізге ақырын-ақырын осындай талап қойып келе жатыр... Талап айтылды, ол орындалуы керек. Ешнәрсе істей алмайсың. Сол себепті шығар, қазір көп ата-ана, баласын санауға, оқуға үйрететін бақшаларға беруге тырысады.

Былай қарасаң, бұл өзгерістің еш жамандығы жоқ сияқты. Керісінше, кезінде, мектепке бармай тұрып-ақ, зуылдатып оқи алатын, күрделі есептерді шығара алатын вундеркиндтерге тамсандық емес пе?! Шіркін-ай менің де балам осындай болса, деуші ек. Сол заман келген сияқты.

Бірақ... Америкалық педагог-психолог Эрик Кристаксис мектептің рөлін атқарып жүрген мұндай бала-бақшаның пайдасынан гөрі зияны басым дейді. Өзінің осы бір пайым-пікірін «Балалық шақтың маңызы» деген кітабында небір дәйектермен дәлелдей түсіпті. АҚШ-тың бала-бақшалары туралы әңгіме қозғалғаны болмаса, кітапта айтылған мәселелер, әсіресе баланы тәрбиелеудегі олқылықтар, білім берудегі қателіктер бізде де бар. Олай болса, Кристаксис-тің ағылшын тіліндегі кітабын, ықшамдап, мақала етіп назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***

Кез келген америкалық балабақшаға (preschool) кіре қалсаңыз, әр жерге жапсырылған, жыпырлаған көп жазудан басыңыз айналар еді. Тас төбеден әріптер гирлянда секілді салбырап тұрады. Ал қабырғаның беті – заттар мен оның атауы жазылған қағаздарға, бала өзін сыныпта қалай ұстау керектігін үйреткен ережелер мен мотивациялық суреттерге тұнып тұрады. Басым жетпейтіні, 4 жасар балаға мұның барлығы не керегі бар? Бәрібір түсінбейді ғой?! Жоқ, қазір Американың білім жүйесі осының барлығын балаға түсіндіремін, деп жанталасып жатыр. (Сайт әкімшілігі: Америкалық білім беру жүйесі бойынша, балалар 2-3 жасынан бастап preschool дейтін мекемеге барады. Ал, одан кейін kindergarten дейтін бақшада болады. Соңғысы біздің «мектеп алды даярлық тобына» ұқсайды. Сонда Preschool дейтіні – бала-бақшаға даярласа, ал бала-бақшаның өзі кішкентайларды мектепке дайындайды. Біріншісіне бару міндетті емес, бірақ бала-бақшаға барлық балдырған баруы керек.)

Аузы-мұрны жазу мен ережелерге толып тұрған қазіргі бала-бақшаға қараймын да, бұрын, біздің заманда қалай болды екен, - деп өткенге ой жүгіртем. Жә, бізді былай қояйықшы. Осыдан 20 жыл бұрын ғана, балалар бақшасындағы білім беру тәсілі, жүйесі мұндай күрделі емес еді.

Жақында ғана, «Бала-бақша – бүгінгінің бірінші сыныбы ма?» деген тақырыпта, тәрбиешілер мен педагогтардың арасында зерттеу жүргізілді. 1998 жыл мен 2010 жылдар арасында, бұл салада не өзгерді,-деген сауал қойылды. Нәтижесінде, мұғалімдердің көп бөлігі, жыл соңына дейін оқи алатын (5-6 жастағы) балалар саны 30-дан 80 пайызға дейін ұлғайғанын айтқан. Яғни бұл дегенің – балалар бақшасында, кішкентайлар мәжбүрлі түрде оқуға, санауға үйреніп жатыр,-деген сөз. Ғалымдар – балалардың ән айтатын, сурет салатын сабақтарының сағаты азайып, көп уақыты кітап оқуға, дәптеріне әріптерді сосын сандарды жазуға жұмсайтын болғанын анықтады. Қысқасы, зерттеуді ұйымдастырушылар, расымен бала-бақша 1-ші сыныптың рөлін орындап жатыр,-деген қорытындыға келіпті. Ең өкініштісі, баланы көпшіл болуға үйрететін, ойната жүріп, мектеп өміріне дайындауы керек бақша, қатал мекемеге айналып кетті. Қазір, АҚШ мектептері де «дайын асқа тік қасық» дегенге үйреніп алды. Мәселен, Миссипи штатында, бала-бақшадағы бүлдіршіндердің 10%-ы әлі дайын емес деген сылтаумен 1-ші сыныпқа қабылданбай, тағы да бір жыл бақшада қалыпты.

Бақшаның баласы оқып, жаза алуы керек деген шарт, бұл оқиғалардың бірде біреуін көзіне ілмей, күшейген үстіне күшейіп жатыр. Әлі қасықты қолына дұрыстап ұстай алмайтын сәбилерді, қалам ұстатып партаға отырғызып жатырмыз. Қысқасы, бақшадағы баланың басы шақшадай қазір. Немерелерімнің айтуынша, оларды «сынып жұмысын» аяқтамайынша, тәрбиешілері ойнауға шығармайды екен. Осы арада сәл кідірейік те, сұрақ қояйықшы өзімізге?! Тым жас кезінен «сауат ашу» қаншалықты пайдалы болып жатыр? Мұғалімдердің көпшілігі – ерте жастан оқуға мәжбүрленген бала, бірінші сыныптың алғашқы айларында жақсы нәтиже көрсетіп жүр,-дейді. Ал зерттеушілер, жыл соңында әлгі балақай ештемеге қызықпайтын болады, сабаққа зауқы жоғалады,-дегенді айтады.

Әріп таныған, мыңға дейін санай алған жақсы. Бірақ, қазіргі балақайлардың көпшілігі әріп басын құрап оқығанымен, өз ойын ашық, анық жеткізе алмайды. Жапырақтың өзек-сызықтары мен өз қолындағы білеу-білеу қан тамырларының арасында қандай ұқсастық бар? Екеуі қандай қызмет атқарады деген секілді танымдық сұрақтарға жауап бере алмайды. Басқаша айтқанда, біз балаларымызды оқитын бірақ ойсыз «машинаға» айналдырып жатырмыз.

Жаңа зерттеулер менің бұл пайымымды дәлелдей түсті. Мәселен, 2015 жылы Теннеси штатында балақайларды өмірге баулитын мекемелерге бақылау жасалыпты. 2-3 жасында Рreschool-да тәрбиеленген бүлдіршіндер, 5-ке толып бала-бақшаға барғанда, «мектепке әзірлігі» өте жоғары деп бағаланған. Алайда, 1-ші сыныпқа барғанда, бақшаның тәлімгерлері 2-3 жасын үйде өткізгендерден бар жағынан қалып қойған. Ал екінші сыныпта, әлгілер тілді білу деңгейін, есепті шешу қабілетін тексеретін бақылау жұмысында өте төмен баға алған. New York журналы бұл құбылыстың себебін сұрағанда, ғалымдар – жастайынан баланы оқуға жегудің салдары,-деп жауап беріпті. Негізі, оқуды, санауды мектеп үйретуі керек. Ал мұның барлығын бақшада өтіп қойған бала үшін, мектептің сабақтары қызықсыз болады. Білетін нәрсесін қайта өту жалқытырып жібереді емес пе?!

БАЛАНЫ ЕРТЕ ЖАСТАН ОҚУҒА МӘЖБҮРЛЕУ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Тарихшы Стивен Минц баланы ерте жастан оқуға мәжбүрлеу 2000-жылдары келді,-деген дерек айтады. Себеп көп. Сол жылдары, бала ерте оқуды бастаса, соғұрлым жақсы,-деген зерттеулер көп жарияланды. Сосын сол заманда, әкесі де, анасы да жұмыс істейтін отбасылардың қатары артты. Яғни үйде баланы мектепке дайындайтын кісі қалмады. Адамдар осы себепті, балаларын ерте жастан оқуға үйрететін бақшаларға бере бастады. Мұнан бөлек, бай-бағланның ұрпақтары мектепке дейін түрлі үйірмелерге қатысып, білім ордасына тыңғылықты дайындықпен келетін. Ал, кедей балаларында ондай мүмкіндік болмады. Алдағы уақытта, дәулетті мен жарлы балаларының арасында үлкен алшақтық болмасы үшін, мемлекет - бақшаларды әріп үйретуші мекемеге айналдыра бастады. Қысқа қайырғанда, осылай.

Көптеген ата-аналар білім саласындағы бұл өзгерісті қолдайды. Себебі – бұрынғыдай балаға 1-ші сыныптан бастап қана оқуға баулитын жүйе қазіргі бәсекесі сұмдық заманға лайық емес,-деп санайды.

БАЛАНЫ ҚАЛАЙ БАУЫЛҒАН ЖӨН?

Мен баланы 2-3 жастан бастап бақшаға беруге қарсы емеспін. Тек сол preschool мекемелері, балақайға тым ерте оқуға, көп сөз жаттатуға әуестенбей керісінше оның сөйлеу мен тыңдау қабілетін дамытуға күш салса деймін. Бала үшін сөйлеу ең маңызды дүние екенін, біз көбінде ұмытып кете береміз. Кішкентайлар үлкендермен сөйлесу арқылы, өзара тілдесуі арқылы көп дүниені біледі, танымы кеңейеді.

Мұғалімдер, балаға сөйлесу арқылы білім беруге көбірек назар аударғаны жөн. 2011 жылы, «балалардың дамуы» дейтін журнал қызық зерттеу жүргізген. Мұғалімдер preschool бақшасындағы 3-4 жасар балалармен неғұрлым көркем әрі көп сөйлессе, ол тәлімгерлер 4-ші сыныпта оқығанын тез ұғып алатын әрі сөздік қоры мол оқушыларға айналатын болған. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі бала-бақшадағы мұғалімдер кішкентайлармен бір сыдырғы, жаттанды тілде сөйлеседі. Шынайылық жоқ. Сосын, әлі бұғанасы қатпаған балдырғандармен дұрыс қарым-қатынас ұстау деген жоқ. Балаға кішкентай деп атүсті қарау бар. Керісінше, үлкен адам секілді олармен ақылдасу керек.

Мәселен, сурет салып отырған балаға мұғалім жақын келеді де: «О, қандай әдемі үйді салғансың!» - деп мақтады делік. Тәрбиеші дұрыс істеді ме? Жоқ! Бәлкім бала үй емес, басқа дүние салып жатқан шығар? Олай болса, балдырған өзін ебедейсіз біреу сезініп қалуы кәдік. Мейлі, үй салып жатыр дейік, бірақ балақайдың суретті ары қарай салуға қызығушылығы кетіп қалады. Себебі, не екенін айтып қойды ғой. Мұндай жағдайда ең дұрысы, балақайдың арқасынан қағып, не сурет салып жатқанын сұрау керек. Сол кезде, баланың ашылып сөйлеуіне мүмкіндік туады. Баламен сөйлесу барысында, кішкентайдың нені білетіні, неден хабарсыз екендігін аңғаруға болады. Дәл осы педагогикалық тәсіл, баланың ойындағысын ашып айтуға үйретеді.

Сосын, бала білуі керек дейтін негізгі дүниелерді таңдауда үлкен қателік бар. Мәселен, жақында ғана, маған preschool-дің (2-3 жастағы балалардың бақшасы) оқу бағдарламасына баға беріңізші деді. Оқу құралдарын қарап отырып, мұхит жайындағы бөліміне көзім түсті. Сол бөлімде, балалар экзоқаңқа, ұлу қабыршағы, медуза, былқылдақ денелі жәндіктермен танысады екен. Бір қарасаң, қызық әрі танымдық сияқты. Бірақ, ешқандай пайдасыз білім дедім. Шынымен, медузаны білудің балаға қандай қажеттілігі бар? Одан да, кішкентай балаға су дегеніміз өзі не? Көк және жасыл түстер қалай пайда болады? Осы сұрақтар қызығырақ әрі пайдалы емес пе?

Шындық сол, қазір сөздерді мағынасын білместен жаттап алуға, геометриялық заттардың пошымын ажыратуға, түстерді білуге үйретіп жатыр. Шынын айтса, бұған итті де үйретуге болады. Білмекке құмар баланы сыйламау дер ем, мұндай оқу жүйесін.

Мен, сөзімнің соңында Финляндияны мысалға келтірмекпін. Бұл ел білім беру ісінде көптеген қажетсіз әрі жалған ғылымдардан бас тарту арқылы, ғажайып жасады. Бір қызығы, фин жұрты, баланы 7 жасқа дейін оқумен қинамайды. Бірақ, мектептері әлемдегі ең үздік білім ошақтары саналады. Бұл жетістікке қалай жеттіңдер,-деп сұрағанымда: «Бала өз ойын еркін жеткізе алса, тыңдай алса – ол сауаттылықтың белгісі. Біздің балалар дұрыс сұрақ қоя алады әрі жауап бере алады».

P/S: Иә, бала ең әуелі ойлана алатын болуы керек. Бақша, мектеп осы бағытта жұмыс істеуі тиіс. Алдағы санымызда, Финляндияның мектептері туралы мақала жариялайтын боламыз.

Нұрбек БЕКБАУ

Похожие материалы