Мен банкке барып депозит ашпақшы едім. Сол үшін мына сұрақтарға жауап алғым келеді: қандай салым түрлері бар және олар бойынша сақталуына кепілдік берілген сомалардың көлемі қандай?
Жауап: Бүгінде отандық банктерде ұлттық және шетелдік валютадағы салымдар «Мерзімсіз», «Мерзімді» және «Жинақ салымдар» болып үш топқа жіктелген. Үшеуінің де толықтырылатын және толықтырылмайтын, яғни үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар. Бұл ретте теңгелік салымдардың пайыздық мөлшерлемелері шетелдік валютада ашылған салымдармен салыстырғанда едәуір жоғары екенін айта кеткен жөн.
Қолда бар ақшаның көлеміне және оны алдағы уақытта жұмсау мақсатына қарай белгілі бір салымды таңдауға болады. Егер ақша қомақты болса, сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан асырмай, үш салымға бөліп салуға, тіпті әр түрлі банктердегі депозиттерге орналастыруға мүмкіндік бар. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады.
Депозиттен керек кезінде мерзімінен бұрын ақша алып тұру үшін толықтыруға және мерзімінен бұрын ақша алуға шектеу қоймайтын мерзімсіз салымды таңдағаныңыз дұрыс. Оны кез келген уақытта толықтыруға және одан азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады. Бұл салым қомақты табыспен қамтамасыз етпесе де ақшаңызды инфляциядан қорғайды. Ал сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі аяқталғанша сақталады.
Мерзімді салым - пайыздық сыйақысы жоғары, үстінен ақша салуға және мерзімінен бұрын ақша алуға мүмкіндік беретін, әр түрлі мерзімдерге ашылатын өте икемді теңгелік салым. Тек мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен алу барысында сыйақысы төмендетіледі. Шот жартылай алу барысында жабылмайды.
Жинақ салым – сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары, қысқа және ұзақ мерзімдерге ашылатын, мерзімінен бұрын ақша алуға болмайтын теңгелік салым. Егер салымшы жинақ салымын белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап еткен жағдайларда, ақшасы толығымен қайтарылады, ал салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді. Бұл үшін банкке алдын ала өтініш беру қажет. Әрі қарай банк жинақ салымын салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Сондықтан бұл салым ақшасын банкке белгілі бір мерзімге салуды жоспарлаған және оны мерзімінен бұрын алмайтындығына сенімді салымшылар үшін өте қолайлы. Жинақ салымды нағыз тиімді инвестиция деуге болады. Өйткені ең жоғары сыйақы осы салымда.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тарапынан кепілдік берілген өтем сомасы салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Яғни, бұл шекті сома: шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден; теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы шоттардағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңгеден; теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды. Бұл жерде бір айта кететін жәйт, шетел валютасында ашылған салымдар бойынша өтемді Қор банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төлейді. Сондай-ақ салымшының бір банкте салымдардың түрі мен қандай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі депозиттері бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге.
Жауапты "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" ұсынған
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024