Сәлеметсіз бе? Мен осыдан төрт жыл бұрын кредит алғам, оған дейін де кредит алып, уақытында төлеп банктің сеніміне кірдім. Содан бір жыл өткен соң карточкаға 240 000 теңге ақша түсті деген смс келді. Мен ол кезде жұмыссыз едім. Содан мен оны 50000-нан алдым, бірақ төлеп тұрдым. Сосын бір жыл өткен соң банк маған 400 000 теңге карызың бар деді. Енді бір жыл бойы төледім, бəрібір таусылар емес. Менің банкпен жасасқан "шартым" жоқ. Төлемесем де ештеңе істей алмайды. Алған ақшамды бастысы төледім. Енді шоттарымды жауып тастады, жұмысқа кіре алмай отырмын. Бастысы келісім-шарт жоқ. Ал кезіндегі келісім-шартпен алған заттарым бойынша кредитті жауып жүрмін. Сонда банктің кредиттік картаға ақша салып, оны өндіртіп алуы заңды ма? Заң тұрғысынан көмектессеңіздер екен.
Кайрмеденов Нұрболат, әлеуметік желі арқылы жолданады
Нұрболат, сізде келісім-шарт жоқ емес, бар. Яғни сіз осы кредиттік картадағы ақшаны алған болсаңыз сізбен банктің арасында қарыз алу шарты жария түрде жасалған болып есептеледі. Осы шарттың талаптарына сәйкес, сізге банк несиені белгісіз мерзімге, ай сайынғы тек пайыз төлемдерін жасау шартымен берген, яғни сіз тек қана ай сайын пайыз төлейсіз, негізгі қарыз одан кемімейді, тіпті отыз жыл төлесеңізде. Бұл жағдайда сізге банктен қанша негізгі қарыз, пайыз қалғанын біліп соның барлығын бір төлеммен жабуыңыз керек. Тек сонда ғана қарызыңыз толығымен жабылады. Ондай жағдайда сіз банктен қарызы жоқ деген анықтама алып алғаныңыз жөн болады.
Заң тұрғысынан банктің жария кредит беріп, ол үшін белгісіз мерзімде үстеме пайыз қоюлары қазіргі таңда соттарда үлкен дауға айналды. Бұл мәселеге қатысты сіз білікті маманға барып, мән жайдың басын ашып алғаныңыз жөн болады. Сіздің айлық алатын картшотыңызды банк толығымен жауып қойған жағдайда, банктің іс әрекеті заңға қайшы келеді, сот арқылы картшотты аштырып алса болады. Сіздің заттай алған кредиттеріңіз бойынша төлемдеріңізді де банк осы карталық несиеге байланыстырып қойған, демек сіздің заттай алған кредиттеріңіз бойынша құйып жатқан төлемдеріңіз банктің айыппұлы мен өсіміне кетіп жатыр.
Ал егер сіздің бұл қарызды толық жабатын шамаңыз келмесе, онда біздің сізге беретін кеңесіміз ай сайынғы төлемдеріңізді тоқтатыңыз. Себебі бөліп төленген төлемдеріңіз тек айыппұлдарды (пенья), пайыздарды жабуға кетеді, негізгі қарызыңыз қала береді. Бұл сізге мүлдем тиімсіз. Банктің немесе коллекторлық ұйымның қорқытуларыннан қорықпаңыз, өйткені көп жағдайда банктер, коллекторлық компаниялар өз міндеттерін атқару барысында көптеген заңсыздықтарға баруда. Егерде шектен шығып жатса, мысалы сіздің несиеңіздің құпиялы мәліметтерін бөгде мекемелерге, адамдарға жарялап жатса, немесе сіздің несиеңіз бойынша жалған ақпарат берсе, қорқытса, ар намысқа тиетін сөздер айтса, мұндай әрекеттері үшін құқық қоғау органдарына шағымдансаңыз болады.
Сізге айтарымыз, несие бойынша сізді сотқа беруінен мүлдем қорықпаңыз. Сотқа берген жағдайда банктің үстеме пайыздары мен айыппұлдары тоқталтылып, сот сіз төлейтін нақты соманы бекітіп береді, ал қазіргі таңда ол сомма нақты емес, әрқашан өсіп отырады. Сот шешімімен бекітілген ақша көлемін банкте коллекторлық ұйым да көбейте алмайды. Ендігі кезекте соттың шешімін өзіңіз ай сайын айлығыңыз жартысын төлеп тұрасыз немесе сот орындаушы сіздің бухгалтерияңыз арқылы жалақыңыздың жартысын өндіріп отырады.
Егерде сіздің кәмелетке толмаған балдарыңыз болса, ондай жағдайда ай сайынғы сот шешімімен ұсталынатын ақша сомасын азайтуға болады, әрине заңгердің көмегімен.
Басқа да түсінбеген сұрақтарыңызбен жұмыс күндері осы телефон арқылы хабарласа аласыз:8 701 887 55 81
Сұраққа жауап берген «Заң Ақиқат» заңгерлік компаниясының заңгері — Жанат Маликбаевич Бутинбаев.
Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 700 973 8377 телефон нөміріне жолдауды сұраймыз.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024