Есту қабілеті бойынша мүгедек жандар «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында алғаш рет кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік алды. Бұл туралы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы рухы мықты, қайсар, бизнесте қабілетін дамытқысы келіп жүрген жандарға қолдау көрсетуді ешқашан ұмытқан емес. Бұған дейін де мүгедек адамдарға арналған курстар ұйымдастырылған. Алайда, бұл жолы ӨКП тренерлері Қазақстанда тұңғыш рет есту қабілеті нашар 2 және 3 топ мүгедек адамдарына сурдоаудармамен бизнес курстар өткізді. Дәл осы әлеуметтік топ өкілдеріне аталмыш оқу мүмкін болмаған еді. Алайда, кәсіпкерлік жүргізуге тең мүмкіндіктер қалыптастыру мақсатында 25 мүгедек алғаш рет ҰҚП бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Аударманы Талдықорған қалалық мүгедектер қоғамының мамандары мен Текелі қаласының ӨКП менеджер-кеңесшісі жүргізді. Бизнес-тренер Александр Кузнецов курсқа қатысушылар ерекше белсенділік көрсеткен.
«Екікүндік оқуды бастау туралы хабарландыру жасалған тұста, қатысамын деп ниет білдіргендер саны көп болды. Себебі, әркім өз кәсібін ашып, тәуелсіз болғысы келеді. Мүгедек адамдар үшін білім мен құқықтық ақпаратты қолжетімді ету қажеттілігі баяғыда-ақ пайда болған. Сондықтан, бағдарламаға қатысу өзінді танытуға, кәсіби деңгейді көтеруге жақсы мүмкіндік», - деді А.Кузнецов.
Мамандар тыңдаушыларға кәсіпкерлікті құру, маркетингтік қызмет жүргізу, өнімді шығару, бизнес жоспар жазуға үйретті. Риза Дәуітбаева ӨКП-нің Текелі қалалық филиалының кеңесшісі. Өткен жылы сурдо аударма бойынша арнайы курсты аяқтаған.
«Бизнес-кеңесші» түрлі экономикалық терминдер мен түсініктерден тұрады. Сондықтан оны қатысушыларға ым-ишара бойынша түсіндіру оңай болмады. Бұған қарамастан, тыңдаушылар сұрақтар қойып, пікір алмасуға белсенді қатысты», - деп атап өтті Дәуітбекова.
«Бизнес-кеңесшіге» қатысқандардың арасында тек бес адам ғана әрекеттегі шағын бизнес өкілі. 57 жасар Ольга Рыжкова – 2-топ мүгедегі. Жобаға мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алу үшін келген.
«Мен бірнеше жылдан бері кәдесыйлар мен ойыншық қуыршақтар жасаймын. Жұмысыма барлығы дән риза, тіпті шетелден тапсырыс берушілер де бар. Сондықан жасап жатқан өнімдерімнің түрін көбейтіп, кәсібімді дамытқым келеді. Осылайша «Бизнес-кеңесшіге» қатыстым», - деп атап өтті кәсіпкер.
Екікүндік курс соңында тыңдаушылар болашақ бизнес ойларымен бөлісті. Көпшілігі бағбаншылықпен, аяқ киім жөндеумен, жылыжай мен ТЖО салумен айналысқысы келгендерін айтты. 64 жасар Александра Попова «Бизнес кеңесші» сынды жобаға бірінші рет қатысуда. Есту қабілеті бойынша мүгедек жан алдағы уақытта қандай іспен айналысатын шешіп қойды.
«Осы екі күн ішінде кәсіпкерлік туралы көп тың ақпарат алдым. Бизнесті бастау оңай шаруа емес екен. Алайда, қолымды қусырып, бос отырғым келмейді. Енді тігін цехын ашуды армандап отырмын», - деді тыңдаушы.
Бизнес тренер Қайрат Оңғаровтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бизнес жоспар құру барысында қиындықтар кездесуі мүмкін.
«Қазіргі таңда сурдоаударма мамандарының жетіспеушілігі сезіледі. Есту қабілеті нашар адамдармен бизнес жоспар жазу күрделі мәселе болып отыр. Ол үшін білікті маман қажет. Қазіргі таңда осы мәселені шешу жолдарын қарастырудамыз. Адамдардың арманын орындауға қолдау көрсете аламыз деген үміттеміз», деді - Оңғаров.
Мәлім болғандай, Алматы облысында «Бизнес кеңесші» жобасы осы жылдың қараша айына дейін жалғасады. Осы аптада жедел курстар Ескелді мен Көксу аудандарында өтіп, оған 50 адам қатысады деп күтілуде.