Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бюджет жүйесінің экономикалық мәні мен құрылымы

Бюджет жүйесінің экономикалық мәні мен құрылымы

Мемлекеттік қаржы жүйесінде мемлекеттік бюджет басты орын алады. Мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болып келетін бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар – бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы болып отырады. Әр бюджетте оның кіріс және шығыс бөлігін теңестірген, яғни баланстаған дұрыс. Осылар ескеріле отырып, 1 бөлімде мемлекеттік бюджет туралы түсінік және оның экономикалық мәні, кірістер мен шығыстардың құрамы мен құрылымы, бюджет тапшылығы және балансы туралы қарастырылған.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесін жетілдіру маңызды орын алады. Қазақстан Республикасының егемен мемлекет болып қалыптасып,  нарықтық экономиканың даму мен құрылу жолын қабылдауы оның әлеуметтік – экономикалық дамудағы жаңа деңгейін анықтайды. Ондағы басты орын мемлекеттік бюджетке тиесілі. Бюджеттік жүйе өте күрделі механизм. Ол сол елдің ерекшелігін, оның әлеуметтік – экономикалық құрылысын, мемлекеттік құрылымын білдіреді. Ел бюджетінің құрылымы сол елдің құрылымымен байланысты. Осыған орай 2 бөлімде Қазақстан Республикасының мелекеттік бюджет жүйесінің құрылымы туралы толық айтылған.

3 бөлімде, Қазақстан Республикасының бюджет жүйесін жетілдіру маңызды орын алады. Бұл бөлімде бюджеттік жоспарлауды жетілдірудің жолдары және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік шығыстар өкілеттігін бөлу саясаты сипатталады. Қазіргі бюджетаралық қатынастар механизмін талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, аймақтардың қаржылық өз еркіндігі ынталандырылмайды, бюджеттік қаржылардың ағымдары ұлғаюда. Субвенциялар мен мақсатты трансферттерден басқа, республикалық  бюджеттен облыстарға бюджеттік несиелер қайта бөліну ықтимал. Бұл жағдайда бюджетаралық қатынастарды ары қарай реформалау қажеттігі туындайды.

  1. Бюджет жүйесінің экономикалық мәні мен құрылымы.

1.1 Бюджет жүйесі туралы түсінік және оның экономикалық мәні.

Қаржылық байланыстардың орасан зор әр алуандығында жеке ортақ ерекшеліктерімен көзге түсетін оқшауланған сфераларды бөліп көрсетуге болады. Мәселен, мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілермен және халықпен қалыптасқан қаржы қатынастары жалпы қоғамдық өнімді құндық бөлудің ерекше саласын құрайды және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған орталықтандырылған ақша қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болады. Қаржы қатынастарының бұл жиынтығы «мемлекеттік бюджет» ұғымының экономикалық мазмұнын құрайды. Демек, мемлекеттік бюджет мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын жасау және оны ұдайы өндіріс пен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу процесінде мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын экономикалық қатынастарды білдіреді.

1.2 Мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарының құрамы мен құрылымы.

Бюджеттің кірістері – бюджетке қайтарылмайтын негізде салықтардан, алымдардан және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден алынатын түсімдердің, салыққа жатпайтын және өзге де түсімдердің, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін кірістердің көлемі.

«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне» сәйкес республикалық бюджетке түсетін кірістер мыналар болып табылады:

1) салықтық түсімдер, алымдар және басқа да міндетті төлемдер: корпорациялық табыс салығы, қосылған құнға салынатын салық, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерге және Қазақстанның аумағына импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы, импортталатын тауарларға акциздер, газ конденсатын қоса алғанда, шикі мұнайға салынатын акциздер, жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері, экспортқа шығарылатын шикі мұнайға салынатын рента салығы, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым, телевизиялық және радиохабар ұйымдарында радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені үшін алынатын алым, теңіз, өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді, азаматтық әуе кемелерін, радиоэлектрондық құралдары және жиілігі жоғары құрылғыларды, дәрілік заттарды мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым, қалааралық және халықаралық телефон байланысын бергені үшін, радиожиілік сектрін, кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін төленетін төлем, әкелінетін және әкетілетін тауарларға кеден баждары, отандық тауар өндірушілерді қорғау шаралары ретінде алынатын баждар, консулдық алым, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктерін бергені үшін мемлекеттік баж, жүргізуші куәліктерін және көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер бергені үшін алынатын мемлекеттік баж, мемлекеттік нотариат кеңселері нотариустарының нотариаттық іс-әрекет жасағаны үшін алынатын мемлекеттік баж және басқа алымдар мен төлемдер;

2) салықтық емес түсімдер республикалық меншіктен алынатын кірістер (республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен Ұлттық банктің таза табысы бөлігінің түсімдері, республикалық меншіктегі: акциялар пакеттеріне дивиденттер, заңи тұлғаларға қатысу үлесіне кірістер, мүлікті жалға беруден алынатын кірістер, Үкіметтің депозиттері, екінші деңгей банктерінің шоттарында орналастырылған мемлекеттік сыртқы қарыздар, республикалық бюджеттен берілген кредиттер бойынша сыйақылар(мүдделер), қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетін кірістер, республикалық меншіктен түсетін басқа да кірістер); республикалық бюджеттен қаржыландырылған мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін түсімдер және осы мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуларды өткізуден түсетін ақша түсімдері; мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар және республикалық бюджетке түсетін басқа да салыққа жатпайтын түсімдер);

3) негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер (республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітіп берілген мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік қосалқы қорлардан, резервтерден тауарларды, материалдық активтерді сатудан түсетін ақшалар);

4) ресми трансферттердің түсімдері облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен алынған ресми трансферттер, Ұлттық қордан республикалық  бюджетке алынған мақсатты трансферттер).

Республикалық бюджетке республикалық бюджеттен кредиттерді өтеуден, республикалық  меншіктегі мемлекеттің қаржы активтерін сатудан, Үкіметтік қарыздарды өтеуден түскен түсімдер есепке алынады.

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы республикалық кірістерінің құрамы мен құрылымы мына мәліметтермен сипатталады.

Республикалық бюджеттің шығыстары мына бағыттар бойынша жұмсалады:

1) жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер көрсету: Қазақстан Республикасы Президентін және оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету, Парламенттің, Үкіметтің және Конституциялық кеңестің жұмыс істеуі, сайлаулар мен референдумдар өткізу, мемлекеттік бюджетті болжау мен республикалық бюджетті жоспарлау, салық службасы органдарының қызметі, республикалық меншікті басқару, мемлекеттің біріңғай жүйесін ұйымдастыру, мемлекеттік қаржылық бақылау, кеден қызметтері, мемлекеттің сыртқы саяси қызметі, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу мемлекеттік статистикалық есеп, мемлекеттік службаның біріңғай жүйесін ұйымдастыру, заңнамаларға сәйкес қызметтің әр түрлі салалары мен қызмет сферасында мемлекеттік сыйлықтар беру және мемлекеттік наградалармен марапаттау және басқалар.

2) қорғаныс, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік: мемлекеттің қорғанысын ұйымдастыру және қамтамасыз ету, лаңгестікке және экстремизм мен сепаратизмнің басқадай көріністеріне қарсы күрес, Қазақстан аумағында қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, паспорт және виза жұмысын жүзеге асыру, жедел іздестіру, тергеу қызметі, азаматтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру, экономикалық және қаржы сфераларындағы құқық қорғау қызметі және басқалар.

3) құқық, сот, қылмыстық-атқару қызметі: әділет сферасындағы қызмет, азаматтар мен мемлекеттің мүдделерін құқықтық қорға, заңдылық пен құқықтық тәртібін қамтамасыз ету, соттың сараптамалық қызметі, сот жүйесінің жұмыс істеуі және басқалар.

4) білім беру: білім берудің республикалық ұйымдарында дарынды балаларға жалпы білім беру, республикалық мектеп олимпиадаларын өткізу, республикалық деңгейде орта кәсіби білімі бар мамандарды даярлау жоғары кәсіби және жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіби білімі бар мамандарды даярлау, республикалық деңгейде кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау, білім берудің республикалық ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету, республикалық маңызы бар білім беру ұйымдарында балаларды оңалту және басқалары.

5) денсаулық сақтау: жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету, ауру адамдарды шетелде емдеуді ұымдастыру, ерекше қатерлі инфекцияларға қарсы іс-әрекет, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары үшін қан, оның компонеттері мен препараттарын өндіру, санытарлық-эпидемиологиялық қызметтің санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын республикалық деңгейде және мемлекеттік шекара мен көлікте қамтамасыз ету, сот-медицина және сот-психиатрия сараптамасын жүргізу және басқалар.

6) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру: бюджет қаражаттары есебінен зейнетақы заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар азаматтарға зейнетақы төлемдері, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, экологиялық апат аумақтарында тұратын адамдарға әлеуметтік көмек, әскери қызметшілерге құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету, құрбандарына және одан зардап шеккендерге төлемдер, көші-қон іс-шаралары, баланың туылуына байланысты әлеуметтік төлемдер және басқалар.

7) мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік.

8) ауыл, су, орман, балық шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау, жер қыртыстары.

9) өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, сәулет, қала құрылысы және қызметі.

10) көлік және коммуникациялар.

11) экономикалық қызметті реттеу: стандарттау, метреология және сертификаттау, патенттерді, тауар белгілерін тіркеу және қорғау, мемлекеттік инновациялық саясат, мемлекеттік экспорттық және импорттық бақылау, саудалық және демпингке қарсы реттеу, бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу.

12) басқа да бағыттар: облыстық бюжеттерге, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттеріне, Ұлттық қорға берілетін ресми трансферттер, үкіметтік борышқа қызмет көрсету және оны өтеу, мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындау.

Республикалық бюджеттен сонымен бірге барлық мелекеттік органдардың және басқа мелекеттік мекемелердің қызметін қамтамасыз етуге (кадрларды қайта даярлауды және бұл мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қоса алғанда), бюджеттік инвестициялық жобалар мен бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа, сондай-ақ қолданбалы ғылыми зерттеулерге, мемлекеттік басқарудың орталық органдардың заңнамалық актілері мен көзделген өзге де функцияларына жұмсалатын шығындар да қаржыландырылады.(14.4 кесте).

1.3 Бюджет балансы. Бюджет тапшылығы.

Әр бюджетте оның кірісі және шығыс бөлігін теңестірген, яғни баланстаған дұрыс. Баланс – бұл тепе-теңдік, бюджетті жасаған кезде негізгі мәселе мемлекеттің ақшалай түсімдері мен шығыстарының осындай жай-күйіне жету болып табылады. Кірістердің шығыстардан, яғни бюджетке түсетін түсімдердің жалпы сомасының шығыстардың және қайтарымды негізде бөлінетін кірістердің ауқымынан асып түсуі бюджет артығын – профицитті құрайды. Ол мемлекеттік борышты өтеуге бағытталады немесе бюджеттік қаражаттардың (республикалық және жергілікті бюджеттегі) бос қалдығын құрауы мүмкін. Аяқталған бюджет жылы бойынша бюджет кезеңінің аяғында қалыптасқан бюджеттік қаражаттардың бос қалдықтары үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арнайы шоттарына есептеледі және кассаның айналымдағы нақты ақшасының өсіміне және биліктің тиісті органының мемекеттік борышын жабуға пайдаланылады. Мұндай қажеттлік болмаған жағдайда бұл қаражаттарды пайдалану туралы шешімдерді тиісті әкімшіліктер қабылдайды. Шығыстардың кірістерден асып түсуі мемлекеттік бюджеттің тпшылығын тудырады. Тапшылықтың едәуір әрі тұрақты болуы қаржының дағдарыстық жай-күйін сипаттайды.

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет жүйесі.

2.1 ҚР мемлекеттік бюджет жүйесінің құрылымы.

Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінде тиісті қаржы базасы болуы тиіс. Осы мақсатпен әр елде аймақтардың шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік – аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа шараларды қаржыландыру үшін олардың ақша ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердің жекелеген түрлерінің кірістері мен шығындарын қалыптастыру, оларды теңдестіру процесінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болды. Осы элементтердің барлығы – бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатанастары мен байланысының ұйымдық нысандары, бюджет құқықтарының жиынтығы – бюджет құрылысын құрайды.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджеттің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.

Республикалық бюджет – бұл салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын жүзеге асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.

Жергілікті бюджет (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері) – облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, аудандардың (облыстың маңызы бар қаланың) бюджеті.

Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.

Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және Қазақстан Республикасындағы төтенше немесе соғыс жағдайларында енгізіледі.

Төтенше мемлекеттік бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.

Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу және оның күшін жою туралы Президенттің Жарлығы төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге және оның қолданылуын тоқтатуға негіз болып табылады.

Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.

Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізілген ретте төтенше мемлекеттік бюджет енгізілмейді.

Қазақстан Республикасының бірнеше аймақтарының аумақтарында бір мезгілде төтенше жағдай негізуге төтенше жағдайдың зардабы ұлттық мүдделерге және республиканың экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болатын ретте ғана төтенше мемлекеттік бюджет енгізуге негіз бола алады.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мемлекеттік бюджет жүйесіне кіретін барлық бюджеттердің бірлігі, дербестігі, толықтығы, реалистігі, дәйектілігі, жариялылығы және т.б. қағидаттарына негізделеді.

Бюджеттердің дербестігі қағидаты – түрлі деңгейдегі бюджеттердің арасындағы түсімдерді тұрақты бөлуді белгілейді және оларды жұмсаудың бағыттарын анықтайды.

Бюджеттің толықтығы (толымдығы) бюджетке үкіметтің барлық қаржы операцияларының, оның жинайтын барлық түсімдерінің және жасайтын шығыстарының, Қазақстан Республикасының салық және бюджет заңнамаларына белгіленетін барлық түсімдердің толық тізбесінің бюджеттерде және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында міндетті және толық көрсетілумен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, ол мемлекеттік билік пен басқару органдарының барлық кірістері мен шығыстарын бюджетке жинақтап, жұмылдырудың объективтік қажеттігін қамтып көрсетеді. Осыған байланысты барлық ақша түсімдерін, сондай-ақ бюджет шығыстарының көлемі мен нақтылы бағыттарын айқындау қажет.

Қазақстанда мемлекеттік қаражаттарды қалыптастырудың  орталықтандырылған әдісі қабылданған, сондықтан 1998 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке бюджеттен тыс қорлардың – зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру және т.б. қорлардың қаражаттары енгізілген.

Реалистік қағидаты – параметрлердің экономиканың ағымдағы жай-күйін көрсеткіштеріне, сондай-ақ Қазақстанның және аймақтардың параметрлеріне және әлеуметтік – экономикалық дамуының бағыттарына сәйкестігі. Бюджеттің реалистігіне сәйкес ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауына сәйкес оларды Қазақстан Республикасының әлеуметтік – экономикалық дамуының индикативтік жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдеріне сәйкес келтіру арқылы қол жеткізіледі. Сондықтан оның көрсеткіштері көпнұсқалық есеп-қисаптармен негізделуі тиіс, бюджеттердің атқарылуына, ведомстволардың өткен кезеңдегі қаржы жоспарларына жасалған терең талдаудың нәтижесі, болжамдық бағалау есепке алынуы қажет. Дүниежүзілік практика бюджет ресурстарының қозғалысын ағымдағы жылға, анағұрлым ұзақ мерзімге үлгілеуді, сондай-ақ оларды нақтылы жағдайлардың өзгеруіне байланысты қаржы жылы ішінде түзетуді пайдаланады. Реалистік қағидатына ең алдымен жеке қаржы жоспарын, сметаларды және жалпы тиісті деңгейдің бюджет жобасын жасау процесінде қол жетеді.

Реалистік қағидаты бюджет тізімдемесін бұрмалауды болдырмау және бұзылуын жою үшін қажет. Ол бюджетте мемлекеттің қаржы операцияларының шынайы көрсетілуін, бекітілген сомалардың бюджеттік арналымдардың атқарылуына сәйкестігін алдын ала қарастырады. Нақтылық дамудың болжамдары мен бағдарламаларының көрсеткіштеріне негізделетін және бюджеттік резервтердің болуымен нығайтылған кірістердің барлық көздері мен шығыстар бағыттарының есеп-қисаптарының негізділігімен анықталады.

Транспаренттілік қағидаты – бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, бекітілген бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептемелерді, мемлекеттің фискалдық саясатына  қатысты басқа ақпаратты міндетті түрде жариялау, бюджет процесінің ашықтығы, мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу.

Дәйектілік қағидаты – дегеніміз мемлекеттік басқару органдарының бюджет қатынастары сферасында бұрын қабылдаған шешімдерінің сақталуы.

Тиімділік пен нәтижелілік қағидаты – бұл бюджеттік бағдарламалардың паспорты қарастырған нәтижеге жету үшін қажетті бюджет қаражаттарының оңтайлы көлемін пайдалана отырып белгілі бір нәтижелерге жетудің қажеттігіне қарай бюджеттерді әзірлеу және атқару.

Басымдық қағидаты – бюджеттік процесті республиканың немесе аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына сәйкес жүзеге асыру.

Жауапкершілік қағидаты – бюджеттік процеске қатысушыларды бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тарту.

Бюджеттердің жариялылығы қағидаты – бекітілген бюджеттер мен алдағы қаржы жылына арналған бюджет туралы заң мен өткен кезеңдегі олардың атқарылуы туралы есептердің жариялануы арқылы қамтамасыз етіледі.

Бюджет жүйесін құрудың барлық қағидаттары өзара үлестірілген және бірін-бірі толықтырып отырады, олар егеменді еліміздің Конституциясында және Бюджет кодексінде, «Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы», «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы» арнайы заңдарда және басқа да заңнамалық актілерде қамтып көрсетілген.

Қорытынды

Қорытындылай келсек, мемлекеттік қаржылар жүйесінде мемлекеттік бюджет басты орын алады.

Ел бюджетінің құрылымы, алдымен осы елдің мемлекеттік құрылымынан тәуелдңі болады. Унитарлық мемлекеттерде бюджет жүйесі екі қабаттан тұратын құрылымы түрін алады – мемлекеттік және жергілікті бюджет. Федералдық мемлекеттік құрылымы бар елдерде (АҚШ, ФРГ) арабуын болады – штаттардың, жерлердің және осыларға сәйкес келетін әкімшіл құрылымдардың бюджеті.

Мемлекеттік бюджет – бұл мемлекеттік аппаратты, қарулы күштерді қаржыландыруға, қажетті әлеуметтік – экономикалық қызметтер атқаруға бағытталған ел үкіметінің қарамағында болатын ақша ресурстарының орталықтанған қоры болып табылады.

Бюджет, осымен қатар, экономикаы мемлекеттік реттеудің, шаруашылық конъюктураға ықпал етудің, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың қуатты құралы болып табылады.

Бүгінгі мемлекеттердің бюджеттері олардың көпсалалы қызметтерін бейнелейтін күрделі құжат деуге болады. Ол – мемлекеттік шығындардың және олардың өтейтін қаржы көздерінің жылдық жоспары. Бюджеттің жобасы жыл сайын заң шығаратын органда талқыланады және елдің, штаттың парламентінде, немесе, муниципалдық жиналыста қабылданады. Қаржылық жыл біткеннен соң атқару үкіметінің өкілетті өкілдері, алдыңғы жылғы бюджет туралы қабылданған заң бойынша өздерінің табыстарын жинақтау туралы және жасалған шығындар туралы есеп береді.

Бюджеттен тыс қорлар мақсатты міндет атқаратын және мемлекеттік бюджетке жатқызылмаған бюджетпен тығыз ұштасып жатады. Бюджеттен тыс қаражаттар орталық және жергілікті үкімет қарамағында болады және олар, әрқайсысы белгілі қажеттер үшін құрылған арнаулы қорларда жинақталады. Мысал ретінде ҚР зейнетақы қорын атап өтуге болады. Бюджеттен тыс қорлар арнаулы (мақсатты) салықтар, заемдар, бюджеттік субсидиялар есебінен құрылады.

Бюджет шығындарының бірінші орнына ие болушы әлеуметтік баптар: әлеуметтік жәрдемдер,білім, денсаулық сақтау және басқалар. Бұл мемлекеттік экономикалық саясатының басты мақсатын дәлелдейді - әлеуметтік-экономикалық құрылысты тұрақтандыру, нығайту және оны өзгермелі жағдайлармен үйлестіруді.осы шығындар нарық шаруашылығына тән болатын әлеуметтік топтардың жіктелу зардаптарын жеңілдетуді, әл-ауқатты төмен топтпрдың лайықты білім алуын және медициналық қызметімен қамтамасыз етілуін көздейді. Олар тұрғындарға белгілі бір тіршілік дәрежесін қамтамасыз етуге тиіс.

Қарулануға, сыртқы саясатты материалдық қамтуға және әкімшілік-басқаруға жұмсалатын шығындар көлемі жағынан елеулі болады.

Мемлекеттік бюджеттің идеалдық орындалуы – табыстардың шығындардан артылуы, немесе, шығындардың табыстармен толық өтелуі және қаржылардың қалдығының болуы. Қалған қаражаттарды мемлекет болжамсыз жағдайлар туғанда, ұзақ мерзімді төлемдер жасауға немесе келесі жылдың бюджеттік табыстарына айналдыру үшін қолдана алады.

Шығындардың табыстардан артып кетуі, ішкі және сыртқы мемлекеттік заемдармен өтелетін бюджеттік тапшылықты тудырады. Мемлекеттік заемдар мемлекеттік құнды қағаздарды сату, бюджеттен тыс қорлардан заем алу (мысалы, жұмыссыздықтан, сақтандыру қорынан немесе зейнетақы қорынан) және банктерден несие алу (бюджеттік тапшылықты қаржыландырудың осы нысанын көбінесе жергілікті үкіметтер жиі қолданылады) арқылы қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері біріншіден орталық және жергілікті органдар жинайтын салықтардан, мемлекеттік заемдардан, бюджеттен тыс немесе мақсатты қорлардың төлемдерінен құралады. Мұндай қорлардың құрылуы ірі қаржы ресурстарын нақты мақсаттарға, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мақсаттарға шоғырландыру қызметінен туады. Бұлардың қатарына әлеуметтік қамсыздандыру, жол құрылысы, қоршаған ортаны қорғау, жұмыс күшін даярлау, қайта даярлау және т.б жатады.

Бюджет кірістерінің шоғырланып, шығыстарының бағытталуы Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшіне неген «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» жарлығына және Қазақстан Республикасының «Бюджет жүйесі туралы» Заңына сәйкес іске асады.

Бюджеттік жүйені жетілдірудің негізгі жолы бюджеттік жоспарлау болып табылады.

Жоспарлаудың нақтылығы, ақиқаттығы арнайы әдістерді қолдануды талап етеді. Бюджеттік жоспарлаудағы қолданылатын әдістер құбылмалы болып келеді, өйткені ол нарықтық экономикада тауарлар мен қызметтерді өткізетін нарыққа, оның негізгі механизмдері: ақшаға, бағаға, құн заңына, сұраныс пен ұсыныс заңына тәуелді.

Нарықтық экономика заңдарына сәйкес бюджетті жоспарлауда мынадай әдістерді қолданған жөн: экономикалық талдау, нормативтік, баланстық, экономика-математикалық.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Қаржы – қаражат», Финансы Казахстана – 1998 /8
  2. «Қаржы – қаражат» 2004/1
  3. Қ.Қ Ілиясов, С.Құлпыбаев «Қаржы» Алматы:2005ж.
  4. С.Әкімбеков «Экономикалық теория» Астана:2002ж.
  5. Я.Әубәкәров «Экономикалық теория негіздері» Алматы, «Санат»,1998ж.
  6. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі.Алматы: Юрист.2004ж.
  7. Егемен Қазақстан – 2005ж. 16 – ақпан.
  8. К.Ильясов, В.Саткалиева « Государственный бюджет» Алматы – 1994ж
  9. Панорама № 35, 13 сентября 2002 года.
  10. В.Крымова «Экономикалық теория» кестелі оқу құралы – Алматы:2003ж.

Похожие материалы