Экономика
Авто
Дәуренбек Боқаев: «Экономика негіздері» пәні барлық мектепте оқытылуы керек
Қаржылық сауатымыз неге төмен?
Қазақстан егемен ел болып, нарықтық қатынастарға көшкелі көп болған жоқ. Сондықтан біздің кеңес өкіметінен келген халқымыз несиені тегін беріп жатқан қаржы сияқты қабылдайды. Осындай жаңсақ түсініктер несие қайтарым қабілетін бірден жойып жібереді. Яғни, көп азаматтар несиені қалай алу керек, оны қалай пайдаланып, жұмсау керектігін білуі керек.
***
Егер несиелік тарихың өте жақсы болса, келешекте кез келген уақытта төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар екендігін көбі түсіне бермейді. Көбіне жастарымыз, кейде үлкендер жағы да өздерінің мүмкіндігіне, несиені қайтару қабілетіне қарамай үлкен сомада несие алып қояды. Бұл біздің қаржылық сауаттылығымыздың төмендігін көрсетіп тұр.
***
Қаржылық сауаттылықты дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінде, тіпті мектеп бағдарламасына енгізіп оқытады. Бізде де «Экономика негіздері» пәнін оқыту кейбір мектептерде бар. Бірақ жалпы мектептерде бұл пән енгізілмеген. Алдағы уақытта бұл пән міндетті түрде барлық мектепте енгізілуі керек.
***
Жастарымыздың қаржылық сауаттылығы жоғары болса, онда олар келешекте жақсы қарыз алушы болып шығады. Қарызды қайтара алмай отырған адамға не шара қолдана бересің? Кепілге қоятын заты жоқ, жалақысы аз немесе оның өзін уақытылы ала алмайды. Бұл банк жүйесінің үлкен проблемасы болып тұр. Сондықтан банктер бір тұлғаның қайтара алмай қалған қарызының есебін басқалардың есебінен өндіріп алу үшін пайыздық үстемақыны жоғары етіп қояды.
Қаржылық сауаттылық не үшін қажет?
Банктің беретін несиесінің пайыздық үстемақысы қайдан қалыптасады? Банк – негізінен делдал мекеме. Банктер ақшасы бар тұлғалардан депозитке ақша тартады, соны несиеге береді. Депозитке ақша салу – оны уақыты келгенде белгілі бір үстемақымен алу. Қазақстанда депозитке ақша салу 2016 жылы 10-15 пайыздың шамасында болды. Статистика бойынша банктен несие берудің үстемақысы орта есеппен 17 пайыз болды. Ресми жағдай осылай. Кейбірінде 25 пайыз, енді бірінде 15 пайыз дегендей. Мұны мемлекет реттеп отыр.
****
Екінші жағдай бар, мысалы, «Хоум кредит банк» сияқты банктердің келісімшартын қарасаңыздар, 17 пайызбен несие беріп отыр. Бірақ оның ар жағында «Несиеге қызмет көрсету» деген пункт тұр. Ол жерде де 17-18 пайыздың сомасы жазылған. Онда пайызбен емес, сомамен жазылған. Ол соманы да несиеге қызмет көрсету деп, ай сайын несиеге қосып төлей бересіз. Халық көп несие алатын кейбір банктердің келісімшарттарында осындай қиын жағдайлар бар, бірақ халық көбіне оны түсіне бермейді. «Несиенің үстемақысы қанша пайыз?» десе, «17 пайыз» деп жауап береді, «Мұнда жақсы екен. Өзгелерде 25 пайыз» деп ала береді. Ар жағындағы ай сайын қайтаратын «несиеге қызмет көрсету» пунктіндегі тағы 17 пайызды қосып, сол соманы да қайтарады. Бұл негізі дұрыс емес. Бұл Ресейден келіп, жұмыс істеп жатқан банк, ол жақта мұндай құйтұрқылар көп болады. Бұл жерде бір қарасаң заң бұзылып тұрған жоқ, 10-17 пайыз, ал «несиеге қызмет көрсету» деген пункт келісімшартта көрсетіліп тұрғаннан кейін алушы мен берушінің арасындағы қатынасы деп қоя салады. Біздің сауатсыздық осыдан келіп туындайды. Осы жерде біздің банктермен жасап отырған келісімшарттарды дұрыс оқып, дұрыс талдап, түсінбегенімізді сұрап алмағандығымыздан болады.
Сондықтан осы жөнінде, осы төңіректе әлі де көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет.
Несие аларда есте ұстаңыз!
Банктердің пайыздық үстемақысы дегенді көбіміз түсінбейміз. Мұны түсінбей көпшіліктің несиеге ұрынуы тоқтайды деп ойламаймын.
Көпшілік «Маған несие берді» деп, оны алғанына мәз болып кете береді. Осыны естігенде таңғаламын. Несиені жұмыс істеп жүрген, төлем қабілеті бар кез келген адам ала алады. Бірақ банк немесе басқа да қаржы институттары несиені сізге қандай жағдайда берейін деп отыр? Қанша үстемақымен бермек? Табысыңыз қанша? Оны қалай қайтарасыз? Несиені алғаннан кейін дәл бір тегін, қайтарымы жоқ ақша сияқты оңды-солды жұмсап, артынан өкініп жүреді.
***
Кез келген, яғни, бірінші рет несие алмақ болған адам телефон немесе теледидар сияқты шағын тұрмыстық техникадан бастағаны жөн. Оның сомасы онша көп емес. Кішкентай затты несиеге сатып алып, үйрену керек. Сонда адам жағдайды өз бойынан, жүрегінен өткізеді. Несие деген не екенін, оны қалай қайтару керектігін түсінеді. Табысыңыздың белгілі бір бөлігі кетіп қалып жатады. Сол уақытта адам несиенің не екенін сезінеді.
***
Оны сезінбей, « Мен – қызметкермін, 200 мың теңге айлығым бар» деп бірден 50 мың доллардың үйіне ұрынса, бұрын басынан өтпеген, тәжірибесі жоқ адамға қиынға түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан көп сөзден кейде іске көшкен дұрыс. Шетелдерде бұл үрдіс көптен қалыптасқан. Олар қажет затын несиеге алады. Біз теледидар қажет болса, бірден сатып алуға тырысамыз. Екі-үш жыл ақша жинап тоңазытқыш аламыз. Олар тұрмыстық техникалардың бәрін негізінен несиеге алады. Соған үйреніп, қалыптасқан. Айлығының 10 пайызы, көп дегенде 20 пайызы кетер. Қалған 80 пайызы күнделікті күнкөрісіне жарайды. Осындай қатынас болуы керек. Айлық жалақының әрі кеткенде 20-30 пайызы ғана несиеге кетуі тиіс.
***
Несиені алатын тұлға өзі басқарушы болуы керек. Ешкімнің сөзіне, үгіт-насихатына ілесіп кетпеуі керек. Банктер несие бере береді. Оны қайтаратын адам өзінің жағдайына қарай әрекет етуі тиіс.
Д
әуренбек БОҚАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, Нархоз университетінің доценті
Дереккөзі: «Айқын» газеті, Гүлнар Жұмабайқызының «Қайтарылмаған несие мәселесі қашан шешіледі?» атты мақаласы.