Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Даму банктеріне шектен тыс еркіндік берілмеуі керек

Даму банктеріне шектен тыс еркіндік берілмеуі керек

НЬЮ-ЙОРК – Осы аптада әлемдегі қаржы саласының көшбасшылары Вашингтонда Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы көктемгі кездесуіне жиналады. Бұл жолы олар әлемнің салық төлеушілерінен жаһандық инфрақұрылым олқылықтарының орнын толтыру үшін Дүниежүзілік банк пен басқа да көпжақты даму банктеріне көбірек қаржы бөлуді сұрамақ.

Капиталды ұлғайту және бар капиталды тиімді пайдалану – көпжақты даму банктері үшін ең маңызды мәселе. Бірақ бұл қаржы әлемнің экономикасын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары мен 2015 жылғы Париж Климат келісімінің талаптарына қарай бағыттауға пайдаланылса ғана бұл жұмыстың мәнісі болмақ. Брукингс институты зерттеушілерінің айтуынша, жаһандық жылынуды өнеркәсіп кезеңіне дейінгі деңгеймен салыстырғанда 2 градус төмен қалыпта ұстайтындай тұрақты инфрақұрылымға жер шары жыл сайын қосымша 3 триллион доллар салып отыруы керек. Тұрақты даму мақсаттары мен Париж келісімінде осы меже көрсетілген. Ал қазіргі инфрақұрылым керісінше, жаһандық жылынуды одан сайын тездетіп жатыр, себебі  жылыжай газының 70 пайызы инфрақұрылым құрылысы мен оны ұстап тұру кезінде бөлініп жатыр. Демек, жаһандық климаттағы мақсаттарымызға жету-жетпеуіміз біз салып жатқан, я салуды тоқтататын инфрақұрылымға тәуелді деген сөз. Оның үстіне, басқа да тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін, мәселен, кедейлікті жою үшін, қауіпсіз де арзан инфрақұрылым қызметтерін (су, тазалық, электр энергиясы, денсаулық сақтау) ұсыну мүмкіндігі де осыған байланысты болмақ. Жеке сектор мен ұлттық үкіметтер көбіне бұл салаға инвестиция салудан қашқақтайтынын ескерсек, көпжақты даму банктері мұнда өте маңызды рөл ойнай алады. Жекеменшік капитал нарықтары бұрыннан қысқамерзімдік жобаларға тартып тұрады, сондықтан олар инфрақұрылымға ұзақмерзімді қаржы салуға құлықсыз. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, әлемнің экономикасы қарқынды өсіп келе жатса да, жеке сектордың инфрақұрылымды қаржыландыру көлемі азайып барады. 2010 жылы  көрсеткіш 210 миллиард доллар болса, 2017 жылы бұл салаға тек 38 миллиард доллар жұмсалған. Инфрақұрылым құрылысының 75 пайызын ұлттық үкіметтер қаржыландырып отырғанымен, олар жаңа жобаларға, әсіресе тұрақты даму инфрақұрылымына қомақты қаражат салмауға тырысады. Оның үстіне, көп үкіметтер мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестік орнатып, міндеттемелерді бюджеттен тыс құрылымдардың мойнына артуға мүдделі. Бұған қоса, ХВҚ-ның таяудағы тұжырымына сенсек, үкіметтер көбіне сайлау қарсаңында дауыс жинау үшін инфрақұрылым жобаларын қолға алады екен.  Ал тұрақты дамудың ұзақмерзімдік мәселелері (соның ішінде инфрақұрылымды ұстап тұру жайы) саясаттың қалтарысында қалып қоя береді. Осындай қиындықтар болып жатқандықтан, даму банктерінің тәжірибе жинап, қызыққан тараптарды дұрыс инфрақұрылымды қаржыландыруға жұмылдыратын мүмкіндігі бар. Осы мақсатта 2015 жылы Дүниежүзілік банк пен көпжақты даму банктері даму қаржысын “миллиардтан триллионға арттыру” мақсатында стратегия жасады, мұнда олар жеке инвестицияны, әсіресе зейнетақы және сақтандыру қорлары сияқты ірі инвесторлардың ақшасын жинауға мемлекеттің қаржысын пайдалануды көздейді. Бірақ, кейіннен Дүниежүзілік банк бұл тәсілді “даму қаражатын көбейту” (“maximizing finance for development”) деп қайта брендтеді, бірақ мұның тұрақты даму мақсаттарына қалай қол жеткізетінін дәлелдей алмады. Бұл стратегиялық сенімсіздік көпжақты даму банктерінің рөлі ерекше екенін, бірақ оларға карт-бланш берілмеуі керек екенін дәлелдейді. Біздің Бостон университетінің Жаһандық даму саясаты орталығындағы есептеуіміз бойынша, көпжақты даму банктері 1,9 триллион долларға дейін жинай алады. Көпжақты даму банктерінің, соның ішінде Дүниежүзілік банк тобындағылардың көбіне көміртегін пайдалану жобаларын қаржыландыратын ерекшеліктерін ескерсек, оларға шектен тыс еркіндік беруге болмайды. Оның үстіне, Америкааралық даму банкінің жақында жариялаған зерттеуі бойынша, қазіргі модель негізінде көпжақты даму банктері қаржыландырған жобалар әлемнің түкпір-түкпірінде теңсіздік пен конфликт тудырған. Сондықтан, салық төлеушілердің инфрақұрылымдағы олқылықтың орнын толтыруға арналған ақшасын жинайтын көпжақты даму банктерінің стратегияларын тұрақты даму мақсаттары мен Париж Климат келісіміне қарай бағыттау керек. Бұл үшін көпжақты даму банктерінің басшылық және жоба деңгейіндегі басқару әдістерін өзгерту қажет. Әсіресе климат өзгерісінен қатты жапа шегіп жатқан дамушы елдер даму банктерінің жоғары деңгейдегі басшылығына сөзін өткізе алатын болуы тиіс. Бұған қоса, кедей де әлжуаз қоғамдардың алдын ала толық келісімін алу үшін олар бұл процеске ең басынан тартылуы керек. Жапа шеккен елдер инфрақұрылымға салынған инвестицияның шығынын арқаламай, пайдасын көруі тиіс. Климаттың өзгеруіне тікелей қарсы тұру үшін инфрақұрылымға салынған инвестицияның барлығы алдымен “Париж сынағынан” өтуі керек. Яғни, жобалар жаһандық жылынуды 2°C, болмаса тіпті 1.5°C-тан төмен деңгейде ұстау мақсатын жүзеге асыруға көмектесетіндей болуы тиіс. Дүниежүзілік банктің мұнай-газ өндірісі саласындағы жобаларды қаржыландыруды тоқтатуға уәде беруі – дұрыс бағыттағы шешуші қадам, бірақ бұл талаптың ауқымы ұлғайып, көпжақты даму банктері де осындай міндеттеме алуы керек. Оның үстіне, жол, теміржол, су жолы жобалары жергілікті халықтың өміріне және маңайдағы экожүйеге кері әсерін тигізбеуі үшін қатаң тексерістен өтуі қажет. Мұның соңы жылыжай газының көп бөлінуіне, өмірлік маңызы бар биоалуандықтың жойылуына алып келуі мүмкін. Сонымен бірге, көпжақты даму банктерінің жаңа форматтағы жұмысын қамтамасыз ету үшін лайықты мониторинг және бағалау жүйелері қажет болады. Есептілік болмаса, әрі тұрақты даму мақсаттары мен Париж келісімінің талаптары бағытында міндет алмаса, онда олар салық төлеушілердің дегенімен жүре береді, ал бұл бүкіл әлемдегі климатқа, қоршаған ортаға және әлеуметтік теңдікке кесірін тигізеді.
Авторлар туралы: Кевин Галлахер – Бостон университеті Парди Жаһандық зерттеулер мектебіне қарасты Жаһандық даму саясаты орталығының директоры және G20-нің Тұрақтылық пен даму мақсатындағы халықаралық қаржы архитектурасы мақсатты тобының тең төрағасы.
Йорг Хаас – Генрих Белль қоры халықаралық саясат бөлімінің басшысы.
© Project Syndicate 1995–2018

Похожие материалы