Жылдың ең басты экономикалық оқиғаларының бірі саналған Дохадағы мұнай өндіруші елдердің кездесуі нәтижесіз аяқталды. Катарға жиналғандар мұнай өндіру көлемін қаңтардағы көрсеткіш деңгейінде қалдырудың тиімді тәсілін таба алмады.
Қатысушылар бұған басты себеп Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы келіспеушілік дейді. Біріншісі санкция алынғаннан кейін жаңа тыныспен еуропалық нарыққа шыққысы келеді, екіншісі Еуропадағы үлесінің кемігенін қаламайды. Нәтижесінде Дохада «саяси шешім» қабылданды. Алдын-ала бағдарлама бойынша кездесуі екі сағаттан аспауы керек еді. Алайда арасындағы үзілістермен түнге дейін жалғасты. Жексенбінің таңында, кездесудің алдында ешкім мұндай шешімді күтпеген еді. Кездесу өтетін орынға келген кейбір министрлер журналистерге кездесу туралы айтып, шешімге тек қол қою ғана күтіп тұрғанын емеурінмен білдірген. Ал Оман, Әзірбайжан, Кувейт пен Қазақстанның мұнайға жауапты министрлері кездесудің хатшылығы құжат дайындап қойғанын, ол жерде 2016 жылдың қазанына дейін қаңтар айындағы көрсеткіш көлемінде ғана өндіру туралы жазылғанын, мұнай көлеміне мониторинг жасау үшін арнайы комитет құру көзделгенін ашық айтты. Бұдан кейін кездесудің сәтті боларына ешкімнің күмәні қалмаған. Алайда бір жарым сағаттан соң журналистер арасында Сауд Арабиясының көзқарасын өзгерткені, келіссөздер басталмай жатып тоқтап қалғаны туралы сыбыс тарады. Кейінірек Ресей, Венесуэла мен Сауд Арабиясының министрлері Катар әмірінің сарайына кеткені, кездесудің бірнеше сағаттан кейін басталатыны туралы белгілі болды.Иран бәрін бүлдірді
Иран тарапы кездесуден бір күн бұрын қандай да бір келісімге қарамастан Иран мұнай өндірісін ұлғайтады деп мәлімдеген еді. «Дохадағы кездесу өнімді азайту келісіміне қол қоятындар үшін. Егер біз Катарға біреуді жіберсек, онда бұл келісімді қолдап, келісімге қол қоятынымызды білдіреді. Алайда біз ешқандай келісімге қол қоюды жоспарлаған жоқпыз және мұнай өндірісін азайту шешіміне қатысудың қажеті жоқ деп шештік. Біз Доха келісімін осы жерден (Ираннан) бақылаймыз, құттықтаймыз, табыс тілейміз", деген Иранның мұнай министрі Биджан Намдар Занганның сөзін «Россия 24» арнасы тартатты. Оның айтуынша Иранның бұл келісімге қосылуы өз-өзіне санкция салғанмен бірдей. Мұның артынша Б.Занганның орынбасары Рокнеддин Джавади алдағы күндері Иран мұнай экспортын тәулігіне 2 млн баррелге дейін арттыратынын айтып мәлімдеме жасады. Мұнайдың 30-35% Еуропа нарығына жіберіледі. Бұл нарыққа Сауд Арабиясының да таласы бар. Сондықтан болар кездесудің алдында Сауд Арабиясы нілдей бұзылып, Иранның қатысуымен келісімнің соңғы нұсқасын қайта жазуды талап етті. Bloomberg жазғандай құжатта мұнай өндірісін азайту барлық елге тиімді болатындай қайта жазылуы керек болған. Алайда Иран оған көне ма?! Түстен кейін сағат үш кезінде кездесуге келушілер келіссөз залына қайта жинала бастады. Көпшілігінің көңіл-күйлері бастапқы кездегідей көңілділік байқалмады. Көп министрлер журналистердің жанынан сұраққа жауап беруден бас тартып, көңілсіз кейіппен өтті. Тек ОПЕК-тің Бас хатшысы Абдалла Салем аль-Бадри ғана журналистердің жанына келіп, өсекке сенбей, күте тұруды ұсынды. Бұдан кейін журналистермен сөйлесуге ниет танытқан Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл кездесуде Қазақстанның және басқа кішігірім өндірушілердің ықпалының аздығын, барлығы ірі ойыншыларға байланыстылығын айтты. Келісім мәтінін түзету бойынша келіссөз жеті сағаттан астам уақытқа созылды. Уақыт өткен сайын қатысушылардың көңіл-күйі бұзыла түскенін байқауға болады. Келіссөз залының сыртында бүгін ешқандай келісім болмайтыны туралы әңгіме тарай бастады. Венесуэланың министрі Сауда Арабиясынан келген әріптесіне орындалмайтын шарт қойып отырғанын айтқан соң, бүгін ешқандай келісімнің болмайтынына журналистердің көзі жете бастады. 21:00-ге жақындағанда келіссөздердің нәтижесіз аяқталатыны туралы алғашқы хабар жетті. Мұны бірінші болып Нигерияның мұнай ресурстары министрі Эммануэль Ибе Качикву мақұлдады. Оның айтуынша ОПЕК елдері мұнай өндірісін азайту туралы келісімге маусым айында өтетін саммитте қол қоюға тағы бір талпынады.Келісімге келуге мүмкіндік бар, бірақ...
Әу баста бұл бастаманы жасаған РФ Энергетика министрі Александр Новактың айтуынша келісімге келуге әлі де мүмкіндік бар. Бірақ, қатысушылар Доха кездесуінің алдындағыдай сенімді емес. Оның айтуынша Ресей мұнай өндірісін азайтпайды. Өйткені өндіріс көлемін мемлекет емес, нарық реттейді. Венесуэланың мұнай министрі Эулохио дель Пино келіссөздің сәтсіз аяқталуынан кейін бағаның күрт түсуі келіссөз үстеліне қайта жиналуға себеп болуы керек дейді. Сонымен қатар ол маусым айындағы саммитте келісімге қол қою мүмкіндігі жоққа тән дегенді айтады. Айтпақшы, Венесуэла да мұнай өндірісі көлемін азайтпайды. Тек ішкі нарықтың сұранысын төмендетіп, сыртқы нарыққа бағыттамақ. Ұсыныс жасаған Ресей, Сауд Арабиясы орындалмайтын талап қойып отыр деген Венесуэла да мұнай көлемін азайтпаса, Иран Еуропа нарығына жолымыз енді ашылғанда бұларың не деп отырса, оған Сауд Арабиясы үлесім кемиді деп көз алартса бұл келісімнің жасалуы екіталай. Бұл келісімнің орындалуына бір ғана жағдай әсер ете алуы мүмкін. Мұнай бағасының күрт құлдырауы. Дереккөзі: РБК, Bloomberg.comПохожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024