Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы
Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Мен өзіміздің әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер тобының ішінен орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздер мыналар деп білемін.
Біріншіден, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл — жеке меншік институты мен келісім-шарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылығы мен іскерлігіне негізделген экономика.
Екіншіден, біз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған қоғам, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам құрудамыз.
Үшіншіден, біз еркін, ашық әрі демократиялық қоғам орнатудамыз.
Төртіншіден, біз дәйекті түрде саяситежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесіне негізделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта береміз.
Бесіншіден, біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз. Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз.
Алтыншыдан, біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.
Жетіншіден, біз өз елімізді халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде қарастырамыз, ал мұның өзі біздің аса маңызды басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарып отыр. Бүгін, cіздерге, құрметті қазақстандықтар, өзімнің жыл сайынғы Жолдауымды арнай отырып, мен Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына қарай қадам басуы жолындағы негізгі басымдықтарды ұсынғым келеді.
- Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі
Біз Қазақстанның жаһандық экономикалық үрдістерге сәйкес дамып келе жатқан ел болуын қалаймыз. Әлемдегі жасалған жаңа мен озық атаулыны бойына сіңірген, дүниежүзілік шаруашылықтан шағын да болса өзіне лайық “орнын” иемденген, әрі жаңа экономикалық жағдайларға жылдам бейімделуге қабілетті ел болуын қалаймыз. Біз қатаң бәсекеге әзір тұрып, оны өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиіс те, өйткені олар біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі сол арқылы біздің қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымызға және қолымыздағы ресурстарымызға сүйенеді. Мемлекет өз тарапынан іскерлік бастамашылықтың жолындағы заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді ысырып тастауға, жеке меншік капиталдың келешегі үлкен кемел бастамаларына тікелей қолдау көрсетуге міндетті. Қазақстанның экономикалық дамуындағы сапалық “серпілісті” әлемдік экономикаға кірігудің қажетті шарты ретінде пайымдай отырып, мен мынадай бағыттарға баса назар аудару керек деп санаймын.
1.1. Халықаралық маңыздағы “серпілістік” жобаларды іске асыру, индустрияны дамыту, әлемдік рыноктың белгілі бір тауашаларында бәсекеге қабілетті бола алатын тауарлар мен қызметтерді өндіру
Біз түпкі өнімдерін экспортқа шығаруға бағдарланған өндірістерді, мұнай-газ, көлік саласында және машина жасау мен металлургиядағы, химия мен агроөнеркәсіп кешеніндегі басқа да ішкі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға және дамытуға арқа сүйеуіміз керек. Алдымызда халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен биотехнологиялық орталықтар; өңірлік ІT-орталық ретінде ақпараттық технологиялар паркін дамыту міндеті тұр. Үкімет ұлттық тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар қабылдауы қажет. Жеке меншік бизнесті қолдаудың және оның тауарлары мен қызметін әлемдік рыноктарға жылжытатын мамандандырылған құрылымдар болуы шарт, мұндай ұйымдардың әлемдік тәжірибесін зерделеп, оны еліміздің жағдайына бейімдеуіміз керек.
1.2. Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық бірлестіктер мен ассоциацияларға қатысуы жолымен халықаралық экономикаға кірігуі
Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады және қатысуға тиіс, мұның өзі біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі біздің экспорттаушыларымызға қолдау көрсетеді. Өңірлік серіктестікке келгенде, біз ЕурАзЭҚ шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және Біртұтас Экономикалық кеңістікті қалыптастыруға одан әрі септесе беру ниетіндеміз. Сонымен қатар Бүкілдүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және таяуда құрылған Еуразия даму банкінің жобаларына баса назар аудару керек.
1.3. Қазақстанды экономикалық жаңарту мен халықаралық рыноктарда бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың қосымша құралы ретінде БСҰ-ға кіру
Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жолындағы келіссөз үдерісі тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Республиканың сыртқы сауда режимін реттейтін заңдарының едәуір бөлігі қазірдің өзінде БСҰ нормаларына сәйкес келтірілді немесе Парламентте талқылану үстінде. Еліміздің осы халықаралық экономикалық ұйымға енуі Қазақстанның дүниежүзілік рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Дегенмен осы мүмкіндіктерді ұтымды әрі тиімді пайдалана білу керек. Біз әлі қолға алынбаған секторлардағы шетел инвесторларының құрылтайшылық қатысуы деңгейіндегі экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайтын шектеулерді алып тастауымыз керек.
1.4. Экспорттық-импорттық кредиттеуді дамытуды мемлекеттік қолдау
Шикізаттық емес тауарлардың экспорты мен жоғары технологиялық жабдықтардың импортын қолдау мен кредиттеу басымдыққа айналуға тиіс. Бүгінгі күні дайын өнімдер экспортының көлемі жылына 2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Шикізаттық емес экспорт он жылға жуық осы деңгейде қалып келеді. Ендігі жерде осы көлемді үдемелі түрде ұлғайтатын уақыт жетті. Біз үздік әлемдік тәжірибеге сүйеніп, шет елдердің экспорт-импорт агенттіктерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуымыз керек.
1.5. Қазақстанның жаңа технологияларды әзірлейтін және дамытатын халықаралық компаниялардың құрылтайшысы және акционері ретінде қатысуы
Қазақстанға өзінің ғылыми әлеуетіне қоса жоғары технологиялардың халықаралық бизнесіне қатысатын және оған бастапқы құрылтайшылық деңгейінде қатысу жөнінде бастамашылық танытатын уақыт жетті деп білемін. Бұл жерде осы жұмыс үшін жауап беретін Инновациялық қордың атқаратын рөлі өте маңызды. Біздің осы орайда экономикалық дамудың барынша “серпілісті” бағыттарындағы озық технологиялық идеяларды игеру үшін күллі дүние жүзіндегі жаңа немесе енді қалыптаса бастаған жоғары технологиялық компаниялар акцияларының пакеттерін сатып алатын басқа елдердің өнегесіне ден қойғанымыз абзал. Осы арқылы біз тиісті авторлық құқық пен зияткерлік меншіктің иесі бола аламыз. Мұндай жобалар үшін бізге өзге елдердегі “құрметті консулдар” институтын кеңінен пайдалану керек. Үкімет Қазақстанның халықаралық рыноктағы технологиялық бастамашылығы мәселесін мұқият пысықтауы тиіс.
1.6. Қазақстанда зиаткерлік меншік құқығымен және сауда маркасымен қорғалған тауарлар өндірісі үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру
Қазақстанның авторлық құқық пен сауда белгісін қорғаудың қатаң кепілі ретіндегі беделін нығайту бізге экономиканың жаңа секторларын белсенді түрде дамытып, әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда алдамыш өнімдерге төзбестік көзқарас туғызуға бағытталған жариялы науқан жүзеге асырылуға тиіс, сонымен қатар зияткерлік меншік құқығын бұзу мен сауда белгілерін қолдан жасаушылар үшін әкімшілік және қылмыстық қудалау шараларын қабылдау керек. Мұндай шаралардың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өнімдер шығарушылардың мақұлдауы мен қолдауына ие болатынына, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар ағысын қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.
1.7. Ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру
Қазақстанда халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы заманғы ғылыми орталықтар мен “технологиялық парктер” құру мен дамыту, жаңа технологияларды игеру үдерісіне қолдау көрсету мен кадрлардың білігін бағдарлаудың икемді жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуға тиіс. Көш басында жүрген академиялық институттар мен орталықтарды Қазақстанға тарту үшін тиісті алғышарттар жасау қажет. Бұл үшін бізге Қазақстанда халықаралық оқу орындарын бірлесе дамыту үшін “инкубациялық жобалар” үлгісіндегі құралдарды пайдалануымыз керек. “Инкубациялық жобаларды” дамытуды көтермелеу мақсатында Үкімет, Үндістанда жасалғандай, ғылыми орталықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерін шешуге тиіс деп санаймын.
1.8. Осы заманғы және бәсекеге қабілетті көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту
Қазақстанның көлік-коммуникация кешенінің басты мақсаты еуразиялық көлік жүйесіне кірігу болып қала береді. Көлік-коммуникация кешенін дамыту Еуропа мен Азия ортасындағы аралық көпір болып отырған еліміздің геостратегиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалануды толығымен қамтамасыз етуге тиіс. Жүктердің тез өткізілуін ұйымдастыру жөнінде тиімді рәсімдер енгізу үшін көршілермен арадағы нақтылы уағдаластықтарды дамыту қажет. Осы және басқа да міндеттердің бәрі Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясын әзірлеу мен іске асыру барысында ескерілуге тиіс. Бұл мәселелерді шешуде біз мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті қамтамасыз ету тетіктеріне баса назар аударуға тиіспіз.
1.9. Табиғат ресурстарын пайдаланудың ашық саясатын іске асыру
Біз табиғи ресурстарды пайдаланудың, трансұлттық компаниялармен және өңірдегі басты көршілерімізбен ынтымақтастықтың айқын әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етудің ашық саясатын жүргізуге бастама көтердік және оны одан әрі жүргізе беретін боламыз. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отырған келешегі зор сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайта түседі. Біз қазір Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рынокқа жеткізудің арналарын әртараптандыру мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай-газ кешеніне тікелей қатысты тереңдете өңдеу салаларының ең озық қарқынмен дамытылуына баса назар аударуымыз керек.
1.10. Алматыны қаржы және іскерлік белсенділіктің ірі өңірлік орталығы ретінде дамыту
Орталық Азия өңірінің басты қаржы орталығы ретінде Алматының серпінді дамуы Қазақстанның ірі қаржы ұйымдарын өңірлік үлкен бизнес-жобаларға арналған займдар беру, сақтандыру мен қаржы қызметін көрсету саласында негізгі “мердігерлерге” айналдыру үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызу мақсатына бағытталуға тиіс. Қаржы орталығының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымдар, ең алдымен, телекоммуникациялар жасақтау қажет. Сонымен қатар іскерлік қасиетімен танылған әрі осындай орталықтар мен сырт жерлерде еркін аймақтар құру жөніндегі жұмыс тәжірибесі мол мықты менеджерлер тарту қажеттігі де анық. “Еркін” қаржы-экономикалық аймақтарында ілеспе қызмет көрсету рыногын дамытуға да ерекше назар аудару керек.
1.11. Нақты іске асыру
Бірінші басымдықты нақты іске асыру мақсатында Үкіметке мына міндеттерді тапсырамын:
- 2006 жылы қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық базаға талдау жасап, ретке келтіретін болсын. Қазақстан Республикасының “Бәсекелестік және монополистік қызметті шектеу туралы” Заңының жаңа редакциясын, “Концессиялар туралы” және “Өңірлік қаржы орталығы – Алматы қаласы туралы” заңдарды әзірлесін.
- Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізу реформасын іске асырсын, отандық өндірушілерге мемлекеттік көмек көрсетуді қайта бағдарласын, техникалық реттеудің ішкі стандарттарын БСҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келтірсін, қаржылық қызмет рыногын реформалауды жалғастырсын.
- БСҰ-ға кіру шеңберінде біздің экономикамыздың кейбір салаларын, әсіресе, шикізатты өңдеуді дамыта отырып, ауыл шаруашылығын қолдауға мүмкіндік беретін арнаулы экономикалық “бейімделу бағдарламасын” әзірлеп, іске асыратын болсын.
- Халықаралық рыноктың Қазақстан бәсекеге қабілетті өнім беруші бола алатын барлық секторларын ізерлей зерделеуді жалғастырсын және соны ескеріп, халықаралық бәсекеге қабілетті ұлттық тауарлар мен қызметті қолдаудың нақтылы және нысаналы бағдарламасын жасайтын болсын.
- Даму институттарымен және жетекші қазақстандық компаниялармен бірлесіп, мақсатты орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік жобалар тізбесін түзетін болсын. Индустриялық аймақтардың, атап айтқанда, Астанадағы аймақтың, арнаулы экономикалық аймақтардың, көлік-логистикалық орталықтардың мәселелерін пысықтасын. Қытаймен шекаралық ынтымақтастықтың “Қорғас” орталығын дамытуға ерекше назар аударылуға тиіс.
- Мемлекеттік даму институттарының іс-қимылын үйлестіру үшін құрамына барлық даму институттары кіретін Басқару компаниясын жасақтасын.
- Биылғы жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы бекітіліп, онда мемлекет-жеке меншік серіктестігі негізінде инфрақұрылымды дамыту бойынша бизнеспен арадағы тиімді ынтымақтастық қамтамасыз етілсін. Еуропа – Азия аралығында сапалы тасымалды қамтамасыз ету үшін кем дегенде 2-3 авиациялық торап құрылсын. Әуе тасымалына сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін Астана қаласында қызмет көрсету орталығы құрылсын.
2.Екінші басымдық: Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру
Ел экономикасындағы өрлеудің тұрлаулы әрі серпінді сипатын ұстап тұру үшін мемлекет қазынагерлік, кредит-ақша саясатының, өндірістің негізгі факторларын тиімді қайта бөлуді мемлекеттік реттеу тетіктерін пайдаланып, жоғары сапалы өнім мен қызметке деген сұранысты көтермелеп отыруға міндетті. Қазақстан экономикасын алдағы уақытта одан әрі жаңарту мен әртараптандыру мақсатында нақтылы тұрғыда мынадай бағыттарға баса көңіл бөлу керек деп санаймын.
2.1. Ақша-кредит саясаты
Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – инфляцияны тежеуді қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа жету жолындағы жауапкершілік Ұлттық банк пен Үкіметке жүктеледі. Олардың қолында сол үшін барлық өкілеттіктер мен құралдар бар. Ақша-кредит саясатының келесі міндеті – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляция өсімінің залалды зардаптарын төмендету, сонымен бір мезгілде экономикалық өрлеуді ынталандыру үшін нақтылы айырбас бағамының икемділігін сақтап тұру. Осы орайда Ұлттық қор маңызды рөл атқаруға тиіс. Үкімет Қор қаражатының ашықтығын және ұтымды құралуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс деп санаймын.
2.2. Қадағалау тәртібі мен тиімді салық саясаты
Салық және кеден саясатын реформалау күллі экономикалық жаңару саясатының маңызды құралы болуы керек. Экономикамыздың жаңа салаларын әртараптандыру мен дамытуды ынталандыру, бұл салаларға шетел капиталы мен соны ілімді тарту мақсатында икемді салық және бюджет саясатын пайдалану маңызды. Өндірісті дамыту мен кеңейту мақсатында қосымша құн салығының мөлшерлемесін төмендету қажет деп санаймын. Ірі салық төлеушілерден түскен салық түсімдерін жинауды тексеру үшін Қаржы министрлігінің Салық комитетінде арнаулы бөлім құруды ойластыру керек. Ол бөлім тексеру ісіне мүдделер қайшылығынан ада халықаралық аудиторлық фирмаларды тартуға тиіс. Қатаң бюджет және салық тәртібі сақталуға тиіс.
2.3. Экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторларының тиімділігі мен экономикалық қайтарым деңгейін арттыру
Ішкі және әлемдік рыноктардың жаңа тауашаларын біз өндіруші өнеркәсіптің мұнай, газ және басқа салаларында терең өңдеуді дамыту есебінен игеруіміз керек. Әрбір мұнай-газ кеніші кәсіпкерлікті дамытудың осы заманғы тұрмыстық қызмет көрсетуден бастап, ең озық инженерлік және бағдарламалық қамтамасыз ету саласына дейінгі ауқымды қамтитын өзіндік тұтас аумақ ретінде қарастырылуға тиіс. Тұтынушыларының алдында Қазақстан сенімді өнім берушінің абыройын жоғары ұстауға тиіс. Биылғы жылдың ішінде Үкімет Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың таяудағы он жылға арналған кешенді Бас жоспарын нақтылы орындауға кіріседі деген ойдамын.
2.4. Мемлекеттік активтерді тиімді басқару
Үкімет мемлекет активтерін басқарудың ашық және айқын жүйесін жасауы қажет. Мемлекеттің меншігіне түгендеу жүргізіп, күллі еліміз үшін біртұтас деректер базасын жасаған жөн. Медетшілік жасау немесе банкроттық туралы шешім шығарған кезде біртұтас өлшемдер қолданылуы керек. Банкроттық шығынды мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі қалмаған жағдайда жасалатын соңғы қадам болуға тиіс. Банкроттықты мемлекеттік мүлікті басқарудың өзі үшін ең ұтымды тәсілі санайтын белгілі бір конкурсты басқарушыларды қайталап қатыстыру тәжірибесінен арылып, бұл салада барынша бәсекелестік туғызуды ойластырған дұрыс. Қажеттігіне қарай, мемлекеттің неғұрлым ірі активтерін басқару үшін халықаралық компанияларды да жалдау керек.
2.5. Нарық қағидаттары негізінде мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы экономикалық өзара қатынастардың тиімділігін арттыру
Біз экономикаға мемлекеттің қатысуын әкімшілік реформаның есебінен оңтайландыруымыз керек. Жаңа экономика жаңа басқару шешімдерін қажетсінеді, ал ондай шешімдерді осы заманға сай ойлай білетін және түпкі нәтижеге бағдарланған мемлекеттік менеджерлер ғана қабылдауға қабілетті. Қоғамдағы келісім-шарттық қатынастарды дамыту мен жеке меншік институтын нығайту үшін қосымша заңнамалық және әкімшілік шаралар, сондай-ақ даулар мен төрелік ету рәсімдерін тәуелсіз тұрғыда қарау жүйесін дамыту қажет. Келісім-шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін экономикалық, әкімшілік, керек десеңіз, қылмыстық жауапкершілік билік органдарының өкілдеріне де, сондай-ақ экономикалық өмірдің басқа да барлық агенттеріне қолданылуға тиіс. Біз үшін миноритарлық акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бара-бар заңнаманың болуы өте-мөте маңызды. Сондай-ақ, ұлт меншігінен қайтадан алуға қарсы заңнамалық кепілдіктер берілуін қарастыру қажет. “Электрондық үкімет” жүйесін шұғыл енгізу қажеттігін әдейі баса көрсеткім келеді. Ол мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырып, сыбайластық пен әкімшілік кедергілерді кемітуге қол жеткізеді.
2.6. Кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекеттік қолдауды іске асыру, шағын және орта бизнестің тұғырын кеңейту мен нығайту
Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры халықтың кәсіпкерлік әлеуеті мен бастамашылығын іске асыруға тырысқан түрлі топтары үшін қаржы ресурстары мен сараптама жасаудың нақты қайнарына айналуға тиіс. Қордың өкілдік желісін кеңейту, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар, металлургияда, банк саласында, сақтандыруда, химия өнеркәсібінде және басқа салаларда сақталып қалған “жасырын” монополияларды құрту қажет. Мұны монополияға қарсы заңнаманы реформалау арқылы, сондай-ақ отандық және шетелдік жаңа компаниялардың экономиканың осы секторларына кіруі үшін тартымды әрі ашық жағдайлар туғызу арқылы, яғни осы секторлардағы бәсекелестікті арттыру арқылы жасау керек. Бюрократияның өндірістік активтерге бақылау жасауға ұмтылған әрекеттеріне жол бермеу керек.
2.7. Өңірлік әлеуметтік даму мен кәсіпкерлік корпорацияларын құру есебінен экономикалық өркендеудің өңірлік “локомотивтерін” жасақтау
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) – бұл өз қызметін өндірістен және тауарлар мен қызмет сатудан пайда табу мақсатында ұйымдастыратын тұрлаулы бизнес-құрылымдар. ӘКК-нің коммерциялық корпорациялардан басты айырмашылығы сонда, олар алынған пайданы өздері мүддесін көздеп құрылған сол өңірдегі халықтың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттары үшін қайтадан жұмсайды. Қазақстанның түрлі өңірлерінде бастапқы кезеңде қолдарына коммуналдық меншікті, жерді, жаңа бизнес жасау үшін пайдалануға болатын жұмыс істеп тұрған рентабельсіз кәсіпорындарды беру арқылы ӘКК жасақтауға болады. Әрбір ӘКК өзіндік бір өңірлік даму институтына айналуға тиіс, оның еліміздің тиісті өңіріндегі мемлекеттік активтерді басқаратын холдинг компаниясы ретінде жұмыс істеуі мүмкін. Содан кейінгі кезеңде басқару тәжірибесін жинақтауы мен ӘКК-нің капиталдану деңгейінің артуына қарай олардың өңірлік және халықаралық рынокқа шығуымен қоса, “жауапкершілік аясын” кеңейту мен әртараптандыру жөнінде әңгіме қозғауға болар еді. Бұл корпорациялардың қызметі жаңа жобалар тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, кооперациялануды күшейтуге бағытталады. Сөйтіп ӘКК ірі жұмыс берушілерге әрі ел дамуының жолбасшысына айналады, бұл ретте ол мемлекеттік қызметшілер санын өсіріп, мемлекетке салмақ салмайтын болады.
2.8. Экономиканы теңдестіре дамыту қажеттігіне сай келетін аумақтық даму
Бүгінгі таңда тұтас алғанда еліміздегі экономикалық жаңарудың “локомотиві” болуға қабілетті дамыған өңірлік орталықтардың экономикалық қызметін жандандыруға, сондай-ақ өңірлердің ұтымды экономикалық мамандануын қалыптастыруға бағытталған осы заманғы жаңа аумақтық даму стратегиясы қажет. Мұның бәрі де Қазақстанның 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында бейнеленуге тиіс.
2.9. Астананы осы заманғы әлемдік стандарттарға сай келетін қала ретінде, Еуразиядағы халықаралық ықпалдастықтың ірі орталықтарының бірі ретінде дамыту
Қысқа мерзімнің ішінде Астана еліміздің осы заманғы жедел өсіп келе жатқан ірі қаласына айналып үлгерді. Оның еуразиялық кеңістіктегі үлгілі астанаға айналуы үшін, еліміздің тұрлаулы дамуын қамтамасыз етудің негізіне айналуы үшін толық мүмкіндігі бар. Біз бұл үшін бірнеше ауқымды жобаларды іске асыруымыз керек. Астананың сол жағалауында осы заманғы медицинаның негізгі бағыттарын біріктіретін жаңа орталықтың негізінде осы заманғы, инновациялық және серпінді медициналық қызмет кластерін құру қажет. Елордамызда бірегей академиялық орта қалыптастыру үшін біз халықаралық деңгейдегі беделді университет құратын боламыз. Сонымен қатар, құрылыс материалдары, жиһаз, азық-түлік өнеркәсібі салаларының өндірістері және басқа да бәсекеге қабілетті бағыттар шоғырландырылатын индустриялық аймақтың дамуын да қамтамасыз ету қажет. Әрбір құрылыс салушы өз капиталының бір бөлігін қаланың әлеуметтік саласының дамуына жұмсауға тиіс. Бұл қаланы дамыту үдерісіне бизнесті және халықты тартудың маңызды факторы болып табылады. Әлемдік бизнестің, іскерлік туризмнің, халықаралық маңызы бар ғылыми және мәдени шаралар өткізудің тартымды орынына айналдыру үшін қаланың беделдік бейнесін көтере беруге баса көңіл бөлу керек. Келешекте қаланың дамуы Теміртау, Қарағанды агломерациясы және Щучье-Бурабай курорттық аймағы қалаларын қамту арқылы құрылатын желілік “өсу аймағының” жасақталуы арқылы өзгеруге тиіс.
2.10. Нақты іске асыру
Екінші басымдықты нақты іске асыру мақсатында Үкіметке мыналарды тапсырамын:
- Валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін оңайлату арқылы “Валюталық реттеу туралы” Заңға тәуелді актілерді әзірлеу жұмыстарын аяқтайтын болсын.
- 2007 жылдан бастап қосымша құн салығының ставкасын 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2 %-ға азайту.
- 2008 жылдан бастап әлеуметтік салық шамамен 30%-ға азайтылып, ол жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын өсіруге ынталандыруы керек.
- 2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшін табыс салығының 10%-дық белгіленген мөлшерлемесі енгізілсін. Еңбекақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейін сақтау мақсатында айлық есептік көрсеткіштің орнына олардың салық салынатын табысынан ең аз жалақы мөлшерін алып тастауды ұсынамын.
- 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін салық салудың кемітілген бірыңғай мөлшерлемесі енгізілсін.
- Алты ай ішінде жоғарыда айтылған Салық қызметінің арнайы бөлімін құру жөнінде нақты ұсыныс әзірлесін.
- 2006 жылы мұнай-химия өндірісін дамытудың таяудағы он жылға арналған кешенді Бас жоспарын белсенді түрде іске асыруды қолға алсын.
- Пайдалану мен тиімділік өлшемінің нақты мақсаттарын айқындау арқылы Мемлекеттік меншіктің бірыңғай тізілімін жасасын.
- 2006 жылдың ішінде келісім-шарттық міндеттемелерді орындау үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған қосымша шаралар кешенін әзірлеп, талқылауға ұсынатын болсын.
- Ұлттық банк пен Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын қадағалау және реттеу жөніндегі агенттік компаниялардың жарғылық қорындағы үлестері аз инвесторлардың, акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау туралы заңды әзірлесін.
- “Электрондық үкімет” жобасын іске асыруды жеделдетсін. Ол үшін биылғы жылы “Біріздендірілген номерлердің ұлттық тізілімі туралы” Заң қабылдануға және “Ақпараттандыру туралы” Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге тиіс. Нақты іске асырылған жағдайда мұның өзі әрбір азаматтың енді қазіргі кезде жиі талап етіліп жүрген СТН, ӘЖК, төлқұжат нөмірі және басқа да құжаттардың орнына өзінің әмбебап дербес кодын иеленуіне мүмкіндік береді.
- Алты ай ішінде монополияға қарсы және бәсекелестікті қорғау туралы заңнамаларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілсін.
- 2006 жылы Қазақстанның 2015 жылға дейінгі Аумақтық даму стратегиясын әзірлеуді аяқтайтын болсын.
- Үш ай ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасын әзірлесін және 2006 жылдың қыркүйегіне дейін нақты көрсетілген өңірлерде ӘКК құрайтын болсын.
- 2006 жылы Астана қаласының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолға алсын.
- Алты ай ішінде заңнамаға “Самұрық” мемлекеттік холдинг компаниясының қызметіне қатысты өзгерістер енгізсін және ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын қаржы рыногына шығару бағдарламасын әзірлесін.
- Үшінші басымдық: Халықтың неғұрлым “әлжуаз” топтарын қорғайтын және экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясат
Әлеуметтік саланы одан әрі жаңартудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.
3.1. Халықтың неғұрлым “әлжуаз” топтарына қолдау көрсету
Мемлекет, бұрынғысынша, халықтың әлеуметтік жағынан “әлжуаз” топтарына қолдау көрсету үшін қаражат аямайтын болады. Өңірлік әскери жанжалдарға қатысушылар мен халықтың бірқатар басқа да санаттарына мемлекеттік қолдау көрсету деңгейін көтеруге болады әрі солай істеу қажет деп санаймын. Әлеуетті құрылымдар зейнеткерлерінің зейнетақыларын төлеуде орын алған келеңсіздіктер жойылып, мұнда тиісті тәртіп орнатылуға тиіс. Жеке сектордың әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қамтамасыз етуге, әсіресе білім алу мен жаң мамандықтар беру ісіне қатыстыратын, сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік тұрақтылықтағы жауапкершілігін күшейтетін уақыт жетті.
3.2. Әлеуметтік қолдау көрсету жүйесінің нарықтық экономика талаптарына сай қайта бағдарлануы
Нағыз пәрменді әлеуметтік саясат – ол халықты жұмыспен тұрлаулы қамту саясаты болып келді және болып қала береді. Мемлекет қоғамның шын мәнінде осындай көмекке зәру мүшелеріне ғана қолдау көрсету жөніндегі толық жауапкершілікті өз мойнына алуға міндетті деп санаймын. Осыған орай әлеуметтік көмек көрсету саясаты “әлеуметтік топтардың мұқтаждықтарымен” айқындалуға тиіс емес, қайта “еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысшылар сапына қосуға даярлау” міндеті ауқымында шоғырландырылуға тиіс. Азаматтарға қолдау көрсетудің мемлекеттік жүйесі олардың қайта оқып-үйренуі мен жаңа кәсіпті меңгеруіне ынталандыру бағытында құрылуы керек. Өткен жылдың тамызында менің қазақстандықтармен тікелей эфир арқылы жүздесуім кезінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді әр айдың өзінде төлеу жайында өте көп ұсыныстар келіп түсті. Бұл мәселені шешетін боламыз. Әлеуметтік қызмет көрсету саласын, әлеуметтік қызмет көлемін кеңейту және олардың сапасын арттыру үшін әлеуметтік қызметтің кепілді және қосымша тізбесін әзірлеп, оны заң жүзінд бекіту және оларды беру тәртібіне өзгерістер енгізу қажет. Әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік стандарттарын енгізу, әлеуметтік қызмет көрсету ісімен шұғылданатын ұйымдардың қызметін міндетті түрде лицензиялауды кіргізу және олардың жұмысшыларын тіркеу керек болады.
3.3. Тұрғын үй құрылысы және жылжымайтын мүлік рыногын дамыту мәселелері
Бізде тұрғын үй бағдарламасы іске асырылып жатқанына үшінші жыл. Осы уақыт ішінде біз оның артықшылығын бағалауға толығымен көз жеткіздік. Тек 2005 жылы ғана қаржыландырудың барлық көздері бойынша бағдарламада көрсетілген 3 миллион шаршы метрдің орнына 5 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2004 жылғы деңгейден 1,8 есеге көп. Осы саладағы табыстар мен кемшіліктерді тыңғылықты зерделеп, тұрғын үй бағдарламасына түзетулер енгізу керек. Жеке тұрғын үй құрылысын кең ауқымда дамыту үшін ынталандыру жағдайларын жасауымыз керек. Ипотекалық несиелеу жүйесі бойынша тұрғын үй сатып алуға табысы жетпейтін азаматтар үшін тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесін одан әрі дамыту керек. Елімізде тұрғын үйді жалға беру рыногын әлемдік стандарттарға сай дамытып, оны мемлекет үшін ашық, бизнес үшін тартымды ету керек.
3.4. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруда осы заманғы қағидаттар мен стандарттарға көшу
2005 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын дамыту мен реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы саланың таңдап алынған стратегиялық даму бағытының негізінен дұрыс және тиімді екенін дәлелдеді. Бұған қоса, жаңа міндеттерді есепке алып, халықаралық стандарттарға көшуді ескеретін болсақ, биылғы жылы саланың заңнамалық және әкімшілік реформалар пакетін іске асыру жөніндегі жұмыстарды аяқтау керек деп санаймын. Қазақстанда ең жоғары деңгейдегі осы заманғы клиникалар құру мен оларды басқару үшін шетелдік жетекші компанияларды тарту қажет. Медициналық қызметкерлерге ақы төлеуде көрсетілген медициналық көмектегі еңбектің сапасын, көлемі мен күрделілігін, сондай-ақ біліктілік деңгейін ескере отырып, жұмыстың соңғы нәтижесіне қарай жаңа қадамдар жүзеге асырылуға тиіс.
3.5. Халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
2006 жылы біздің экологиялық заңнамаларымызды халықаралық озық актілермен үйлестіруге, жаңа стандарттарға көшуге, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экология кодексі қабылдануға тиіс. Тұтас алғанда, біз 2010 жылы қоғамның тұрлаулы дамуының негізгі экологиялық стандарттарын жасауға тиіспіз.
3.6. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің халықаралық стандарттарын енгізу
Қазақстандық бизнес қазірдің өзінде аяғынан нық тұрды, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін пайымдай бастады және өз қызметін соған сәйкес құруда. Бұл істе ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар қайырымдылық шараларына, білім, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет жобаларына қаржы бөлу, әлеуметтік жағынан қорғаусыз азаматтарға нақты қолдау жасау арқылы үлгі көрсетуде. Мұндай тәжірибе дамыған елдердегі сияқты бизнес-орта үшін қалыпты жағдайға айналуы керек. Мәселен, экономика үшін білікті кадрлар даярлау саласында бизнес пен білім беру жүйесінің бірлескен қызметі компаниялар үшін де, тұтастай алғанда бүкіл еліміздің мүддесі үшін де пайдалы болмақ. Әлбетте, бұл жерде байыпты түсінік жұмыстарының жүргізілуі және бизнес бастамаларына қолдау көрсету бағдарламасы қажет етіледі. Бізге бизнестің әлеуметтік есептілігінің жалпыға ортақ ережесін әзірлеп, жалпыұлттық міндеттерді шешуде осы саладағы халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, оның әлеуметтік жауапкершілігін арттыратын уақыт келді деп ойлаймын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің стандарттары БҰҰ-ның Жаһандық шартында айқындалған.
3.7. Еңбек ресурстарын дамытудың тиімді жүйесін құру
Бізге осы заманғы көші-қон саясатының тұжырымдамасы керек. Қазақстанда қалыптасқан қолайлы әлеуметтік-экономикалық ахуал шетелдік жұмыс күшінің ағылып келуіне жағдай туғызып отыр. Үкімет басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып, республика аумағында жұмыс істеп жүрген заңсыз еңбек мигранттарын ішкі істер органдары мен басқа да тиісті ведомстволарда тіркеу арқылы заңдастыру жөніндегі бір реттік акциялар өткізудің тетіктерін әзірлеуі қажет. Сонымен қатар бізге республикамызда тұрақты негізде жұмыс істей алатын жоғары білікті және кәсіпқой жұмысшыларды тартудың тетіктерін әзірлеу керек. Бұл ретте біз өзіміздің отандық жұмысшыларды тәрбиелеп, олардың біліктілігі мен кәсіпқойлығын арттыруды естен шығармауға тиіспіз. Бізге оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, қоғамымызға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай туғызуға көбірек зер салуымыз керек. Басқа елдердегі сияқты кәсіпке баулып, тіл үйретсек, олар жаңа жағдайға тезірек бейімделетін болады.
3.8. Нақты іс жүзіне асыру
Халықты әлеуметтік қорғаудың жоғарыда аталған мәселелерін шешу үшін Үкіметке:
- 2007 жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 30 пайызға көбейтуді;
- 2006 жылдың 1 шілдесінен арнайы әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін:
- соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға 2,4 есе (2472 теңгеден 5974 теңгеге дейін);
- соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 1,2 есе (5871 теңгеден 7313 теңгеге дейін);
- Ұлы Отан соғысы кезеңінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне 1,6 есе (2781 теңгеден 4326 теңгеге дейін);
- қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына бір жарым есе (2884 теңгеден 4429 теңгеге дейін);
- қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне, ерлеріне 2,7 есе (927 теңгеден 2472 теңгеге дейін);
- Ұлы Отан соғысы жылдарында қажырлы еңбегі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ тылда алты айдан аз емес уақыт жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдарға екі есе (1030 теңгеден 2060 теңгеге дейін);
- 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысушылар қатарындағы адамдарға төрт есе (515 теңгеден 2060 теңгеге дейін) көбейтуді тапсырамын.
- Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуетті құрылымдардың зейнеткерлері үшін зейнетақы мөлшерінің бір жолғы сараланған өсімі жүргізілсін.
Сонымен қатар мен Үкіметке республикамыздағы әлеуметтік жүйені жақсарту үшін тағы да бірқатар шараларды іске асыруды жүктеймін:
- 2007 жылдан бастап зейнетақылық және әлеуметтік төлемдерді ағымдағы айдан кешіктірмей төлеуді жүзеге асыруға көшу керек, бұл мақсатқа шамамен 30 миллиард теңге бөлінсін.
- 2007 жылы Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасы әзірленсін.
- Кәсіби-техникалық және жоғары білім беру мекемелері жүйесі арқылы білікті ұлттық кадрларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту және кәсіби жағынан даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленсін.
Бағдарламада кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне қатысуы үшін ынталандыру және оның тетіктерін жасау арқылы Қазақстанда жұмыс істейтін ұлттық компаниялар мен жеке бизнестің әлеуеті іске қосылуы қажет.
- 2006 жылы тұжырымдамасы барлық халықаралық стандарттарға, Халықаралық еңбек ұйымы мен Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарына сай келетін Еңбек кодексін қабылдау қажет.
- Үкімет 2006 жылы оралмандардың білімі мен біліктілігін ескере отырып, оларды иммиграция квотасына енгізудің объективтік өлшемдерін әзірлейтін болсын.
Қымбатты қазақстандықтар! Экономикалық игілігімізді арттыра түскен сайын біз әр кездерде түрлі жағдайларда өздерінің туған елі үшін қажет болғанда өмірі мен денсаулығын қиған жандарды, олардың отбасылары мен жақындарын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Қазақстан да олардың алдарындағы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан ұмытпайды. 2002 жылдан бастап 2006 жылға жоспарланған шығынды қоса есептегенде, республикалық бюджеттегі әлеуметтік көмек көрсету мен әлеуметтік қамсыздандырудың жыл сайынғы шығыны 160 миллиард теңгеден 362 миллиард теңгеге дейін, яғни екі еседен астамға өсті. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мүмкіндігінің артуына қарай мемлекет оларға көрсетілетін көмек мөлшерін одан әрі көбейте беретін болады.
- Төртінші басымдық: Осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі
4.1. Осы заманғы білім беру және білікті кадрлар даярлау жүйесін дамыту
Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет. Сондықтан он екі жылдық оқуға көшу шеңберінде техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарында одан әрі оқуды таңдағысы келетіндерге он жылдық орта білім беруді жоққа шығаруға болмайды. Адамның өмір бойы білім алуы үшін жағдай туғызуымыз керек. Жоғары білім алғысы келетін адамдар үшін мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен 12 жылдық білім алу жөніндегі ұсыныстар әзірленуге тиіс. Жоғары білім беру саласында техникалық білім беруді дамытуға ерекше назар аудара отырып, жоғары оқу орындары желісінде оңтайландыру жүргізілуге тиіс. Осы заманғы мемлекеттік менеджерлер даярлау үшін Мемлекеттік басқару академиясының негізінде шетелдік серіктестердің қатысуымен ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ұлттық басқару мектебі құрылуы қажет. Білім беру жүйесін дамытуды ынталандыру мақсатында жеке сектор мен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайту, мемлекеттік-жекеменшік білім беруге кредиттер бөлу жүйесін жетілдіру қажет. ЖОО-лардың мәртебесі мен мамандыққа қарай мемлекеттік гранттардың құнын саралауды ойластыруымыз керек.
4.2. Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы болуы негізінде мәдениеттің ел мемлекеттілігінің қалыптасу үдерісіндегі рөлін нығайту
Қазір мәдениет саласын дамытуға мемлекеттік-жекеменшіктік қатысуды оңтайландыратын, яғни біздің таланттыларымыздың өзінің шығармашылық қызметінің есебінен лайықты өмір сүру деңгейіне жетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасайтын кезең туды. Бұлар – елімізде ірі халықаралық өнер аукциондарын өткізу кезінде мемлекеттік қолдау да, талантты музыканттар мен орындаушыларға қолдау көрсету де, сондай-ақ, айталық, өнер көрмелерін сақтандыру мен тасымалдау жөніндегі мемлекет мейлінше аз қатысатын жекеменшік компания құру және басқа осындай шаралар. Мәдениет саласындағы жұмыспен қамтылу дегеніміз – халқымыздың әл-ауқатынан бірден көрініс табатын икемді жергілікті сұраныстың орасан зор қайнары.
- Бесінші басымдық: Демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңарту
Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылы елімізде Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы кеңінен талқыланды. Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия өткізілген пікірталастардың нәтижесін қорытындылады. Біз елімізде Қазақстанның саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды саяси реформаларды жалғастыра беретін боламыз. Демократиялық және өркендеген мемлекеттер орнатудың ортақ заңдылықтарын, сондай-ақ біздің қоғамның маңызды мәдени-тарихи белгілері мен дәстүрлерін үйлесімді ескеруіміз қажет. Былтырғы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысын сайлау кезінде қазақстандықтар көрсеткен ауызбірлік біздің қоғамның топтасқандығына күмән туғызбаса керек. Біздің азаматтар мұның өзі еліміздің тұрақты дамуының қажетті шарты болып табылатынын айқын түсінеді. Біз сайлауалды науқанның барысында тұңғыш рет қазақстандықтардың елдің тұрақсыздануы мүмкін деген алаңдаушылығы, ал кейбір тұстарда, тіпті үрейге бой алдыруы сияқты ерекше құбылыспен де ұшырастық, оның үстіне, әлдекімдер бәлкім солай дәмеленген болуы керек. Сайлаудан кейін азаматтарымыздың көңілдері орнына түскен кездер де біздің есімізде. Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек. Бұл біздің өткен президенттік додадан алған сабағымыз. Біздің қателесу себептеріміздің бірі биліктің либерализмін оның әлсіздігі және бетімен кеткен бейпіл даңғойлардың қайсыбір “еркелігі” мен “қыңырлығына” тыйым салуға дәрменсіздігі ретінде қарадүрсін қабылдауда жатыр. Бізге аңдамастық пен адасушылықтан арылу керек. Сондықтан елдің ішіндегі және сырттан айтылған сынға қарайлай бермей, біз демократиялық дәстүрлерді дамытумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйесін қарастыруымыз керек. Сайып келгенде, заңды бұзғаны үшін қатал талап етуді жүзеге асырып, жалақорлық, ақшамен сатып алушылық пен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік шаралары айқындалуы тиіс, ал қажет болса, тиісті заңдарды қайта қарауымыз керек. Азаматтардың Конституция мен еліміздің заңдарын орындауын қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының міндеті. Олар үшін “қай жерде және кім не айтады?” дейтін сұрақ туындамауға тиіс, есесіне, “заңды бұзған екенсің – оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың” дейтін нақты ереже бар. Олай болмаған күнде біз кеңестік кезеңдегі “заң қалай бұрсаң солай бұрылатын тәртенің” керін қайталайтын боламыз. Құқық қорғау органдарының осы ережені орындамайтын басшысы өз лауазымында қалмауы керек. Біз құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды басқаша құра алмаймыз. Біз діни экстремизмнің таралуына қатаң тосқауыл қоюымыз қажет. Біз әлеуметтік саланы дамытуға, елді дамыту бағдарламаларын орындауды бақылау үшін ҮЕҰ-ны белсенді түрде тартуға тиіспіз. Сонымен бірге олардың заңда көзделмеген қызметіне жол бермеуіміз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясы, міне, он жылдан астам уақыт бойы көпұлтт Қазақстан халқын біріктіру міндеттерін ойдағыдай шешіп келеді. Осы уақыт ішінде еліміз бен халқымыз үшін маңызды шешімдер қабылдаған кезде, біздің Ассамблеяны назардан тыс қалдырған немесе оның ұстанымын есепке алмаған оқиға менің есімде жоқ. Осы қоғамдық институттың рөлін арттыра беру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселелердің бәрін Демократияландыру мәселелері жөніндегі мемкомиссия қарайтын болады.
- Алтыншы басымдық: Осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру
Біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.
6.1. 2006-2010 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы
Қазақстанның мемлекеттілігін, ұлттық егемендігі мен тұтастығын нығайту жаңа Әскери доктринаның негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Ол күш пен құралдардың жедел қанат жаюын жүзеге асыруға қабілетті, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби армияның жасақталуын көздеуге тиіс.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024