Жыл соңына дейін қалалардың 98,5% сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл Үкімет басшысының мамыр айында айтқаны. Мұның ар жағында 2025 жылы халық 100% ауызсумен қамтылуы керек деген мақсат тұр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) мәліметінше қазір қаланы сумен қамту бойынша Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облысына қарасты қалалар 100% суға қол жеткізген. Ал ең артта қалғаны Жамбыл облысы. Мұндағы қалалардың 91% ғана ауызсумен қамтылған. Жамбыл сияқты өңірлердегі «қатарға қосу» үшін биыл бюджеттен 215 млрд теңге бөлінген. Оның 120 млрд теңгесі қалаларды сумен қамту, сонымен қатар салаға инновациялық технологияларды енгізіп, автоматтандыруға бағытталмақ. Әзірге ауызсудағы инновацияның ұшқыны - auylsu.kz интерактивті картасы жұмыс істейді. Биыл министрлік картаға "Е-өтініш" платформасы арқылы тұрғындармен кері байланыс формасын енгізді. Енді тұрғындар сумен қамту бойынша сұраныстары мен кейбір кемшіліктер туралы ақпаратты тікелей жолдай алады. Аталған картада әр ауылдағы ауызсуға қатысты толық дерек берілген. Алайда бұл карта тек ауылдарға қатысты. Ал Алматы сияқты ірі қалалардың сумен қамтылуы қандай? 7kun.kz тілшілері еліміздегі ең ірі қаланың сумен қамтылуына шолу жасап, 2025 жылғы жоспар орындала ма, деген сұраққа жауап іздеді.
Алматы 2000 жылдары еліміздегі ауызсу мәселесі мүлдем жоқ қаланың бірі еді. Алайда соңғы жылдары қала аумағының ұлғайып, түрлі шағын аудандар пайда болғалы ауызсу мәселесі жиі айтыла бастады және суға қатысты үлкен мәселенің бірі құбыр желілерінің тозуы. 2019 жылы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге баса назар аударып, 18 миллиардтан астам теңге бөлінген. Бұл қаражатқа шағын аудандарды сумен қамту үшін инженерлік желілерді тарту, ескірген құбырды жаңарту жобасын бастаған. Биылға дейін жоба аясында 15 шағын ауданға желі тартылып, сумен қамтылған. Биыл тағы 8 шағын ауданның ауызсу мәселесі шешіледі. Сонымен қатар Қарғалы өзенінің бойында суды дайындайтын және тазартатын станция салынуда. Бұған дейін екі су сүзу станциясы жұмыс істеп келген. Негізгі суқоймасы Талғар ауданы аумағындағы Гүлдана ауылында орналасқан. Ол жерден қала тұтынатын судың 30% келеді. Негізі қалаға келетін судың 40 % тау суы, ал 60% - жерасты суы. Сонымен қатар қала аумағында 390-ға жуық скважина бар.
Қазіргі таңда алматылықтар күніне 700 мың текше метр су тұтынады. Алайда халық санының артуына орай сұраныс та көбейіп келеді. Десе де қалаға су келетін негізгі 6 су көзі 1 миллион 377 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендері (тәулігіне 286,6 мың м3 немесе 21%), сондай-ақ Алматы және Талғар кен орындарының жер асты су алғыштары (376 ұңғыма, 1090,5 мың м3/тәу, немесе 79%).
Қала әкімдігінің деректеріне көз салсақ, 1,8 миллион тұрғын орталық су құбырымен қамтылған. Бұл жалпы қала тұрғындарының 91 пайызы. Жеке құдықтар Медеу, Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарында тұратын алматылықтардың 7 пайызын (138,2 мың адам) сумен қамтамасыз етеді. Импорттық сумен жабдықтау 40,1 мың тұрғынды немесе жалпы санның 2%-ын қамтиды. Сырттан келетін суды пайдаланатындардың дені Алатау ауданында тұрады. Ал орталықтандырылған сумен қамтылмаған тұрғындар саны - 178,3 мың.
Су құбыры желілерінің ұзындығы 3,6 мың км құрайды, оның 59%-ға жуығы 30 жылдан астам қызмет ету мерзімі және апаттың жоғары деңгейі бар тозығы жеткен құбырлар. Қолданыстағы желілердің негізгі бөлігі кеңестік жылдарда салынған және 90-жылдары елдегі экономикалық жағдайға байланысты тиісті жөндеу көрмеген. 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешілуі тиіс іргелі мәселенің бірі осы.
Былтыр қалада 530 шақырым су құбыры желілері жуылып, 2,5 мың құдық жөнделді, 800 құдық ауыстырылған. Тор түріндегі 4 мыңға жуық қосымша люк қақпақтары орнатылған. Сонымен қатар 1640 өрт сөндіру гидранттары жөнделді және орнатылған, 5 мыңнан астам ысырма клапандары ауыстырылды және жөнделген.
Алматыдағы су бағасы республикадағы ең төменгі тарифтердің бірі болып қалып отыр және 1 м3 үшін 48 теңгені құрайды. «Алматысу» есебінше 2025 жылы Алматы су мәселесі толық шешілген қаланың қатарында болады.