Астана. 13 желтоқсан. 7kun.kz - Мұнай көлемін 20 мың баррельге қысқарту Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау кеніштеріндегі өндірісті қысқарту есебінен болмайды. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндіріс көлемі азаймайды. Бұл туралы Энергетика министрлігінен хабарланды.
Айта кетейік, Қазақстан мұнай өндіруші елдермен жасасқан келісім бойынша өндіріс көлемін тәулігіне 20 мың баррельге азайтады деп хабарлады бүгін энергетика министрлігі.
10 желтоқсанда Венада мұнай өндіруші елдер ұйымы (ОПЕК) және оған кірмейтін елдер (Әзербайжан, Бахрейн, Боливия, Экваторлық Гвинея, Қазақстан, Малайзия, Оман, Ресей, Судан және Оңтүстік Судан) министрлерінің жиыны өткен. Онда мұнай өндірісі көлемін азайту туралы ортақ келісім жасалған.
Келісім бойынша, ОПЕК елдері мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 миллион баррельге дейін азайтып, тәуліктік норманы 32,5 миллион баррельге түсіреді. Ұйымға кірмейтін елдер өндірісті 558 мың баррельге дейін азайтады. Келісім келесі жарты жылдықтың соңына дейін күшінде болмақ.
Қазақстан келісім бойынша өндіріс көлемін қарашада өндірген мұнай көлемінен азайтпақ. Қазақстан қарашада 1,7 миллион баррель мұнай өндірген.
Келісімге сай, Ресей тәуліктік өндіріс көлемін 300 мың баррель, Мексика 100 мың баррель, Әзербайжан 30 мың баррель, Малайзия 20 мың баррельге азайтуға міндеттеме алған.





