Шеберхана Алматы қаласында "Оптовка" деген атымен белгілі базар маңында орналасқан. Шеберхана иесі Ерлан Теміржановтың үйі де, жұмыс орны да бір жерде. Яғни, үйінің қасынан өз күшімен, ағайындарының жәрдемімен тағы бір үй көтеріп, соның бір бөлмесін шеберхана қылған. Үйдің ауласына кіріп келгенде ойға келген бір-ақ сөз. Қарапайым. Қарапайым қазақтың тұрмысы. Үй, шеберхана, машина. Үй иесімен бірге мені мына сүйкімді тазы қарсы алды. Шеберхана иесі - Ерлан Теміржанов. Шәкірттерімен бірге былғарыдан аяқ-киім тігеді, түрлі аксессуарлар (портмоне, сөмке, белбеу) дайындайды. Шеберхана ішінде станоктар орналасқан. Ортада үлкен стол. Кереге бойында түрлі шкафтар тұр. Сөрелерінде түрлі түсті жіп, құрал-сайман, былғарының түр-түрі жатыр. Мен келгенде Ерлан мына жеңіл аяқ-киімді (сандалии) тігіп отырған. "Сөмке мен аяқ-киім түстес жасадым, екеуі бірге жүреді", - деп түсіндірді ол. Ерлан - өзі директор, өзі шебер, өзі есепші, өзі жинап тазалаушы. Жақында жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған "Өз бизнесіңді қалыптастыр" байқауында жеңімпаз атанған еді. Сол гранты шеберхананың төрінде тұр. Бұл қаржыны кәсіпкер шеберханасын кеңейтіп, басқа шеберлерді жұмысқа тарту үшін жұмсамақ. Шебер жеке тапсырыстармен жұмыс жасайды. Адамдар келіп қандай затты қалайтындықтарын, оның түсін, түрін, өлшемін айтады. Мысалы, аяқ-киімге тапсырыс берсеңіз, етік не туфлиді аяғыңызға шақ келтіріп жасап береді. Қазір шебер жазға арналған жеңіл-аяқ киімдерді және түрлі аксессуарларды дайындап жатыр. Киімдердің көбісінде шеберхананың атауы басылған. Қасенғали - Ерланның әкесі. Әкесінің құрметіне дербес брендтің, шеберхананың атауын "Kassengaly handmade" деп қойған. Ерлан былғарымен жұмыс жасаудың қыр-сырын түсіндіре жүрді. Мысалы, мынау қондырғы шеберхананың логосын басу үшін қажет. Мына жабдық аяқ-киімдерді тегістеп, жылтырлатып, бояуға арналған. Шебер әр аяқ-киіміне кепілдік береді. "Меннен алған аяқ-киімді сіз 4-5 жыл киіп жүре аласыз. Судан да, лайдан да қорықпасаңыз болады", - дейді Е.Теміржанов. Байқауды жеңгеннен соң жаңа жабдықтар әкелініп, шеберхана кеңейе түспек. "Бірер айдан соң жаңа шеберханамыз ашылады, сонда қонаққа келіңіздер, есігіміз әрдайым ашық", - деп білдірді жылы лебізін жас шебер.Made in Kazakhstan. 7kun.kz сайты ашылған күннен бастап "Қазақстанда жасалған" өнімдер мен отандық кәсіпкерлерді қолдауды мақсат тұтады. Біз бұл бағытта әсіресе жаңа ашылып жатқан бизнес нысандарына ақпараттық қолдау көрсетпекпіз. Осы мақсатпен алғашқы фоторепортажды назарларыңызға ұсынамыз. Бүгін 7kun.kz тілшісі "Kassengaly handmade" шеберханасында қонақта болды.
Дайындаған Алмас Өтебай "7"