Халық банкінің акциялары Қазақстандық қор биржасында (KASE) айтарлықтай түсіп кетті.
16 наурыз қорытындысы бойынша, Халық банкінің акциялары алты пайыздай арзандап, 28,5 теңге болды. Қағаздарға деген мұндай баға 2013 жылдан бері болмаған. Айта кетер жәйт, бір айда банктің акциялары 9 пайызға, екі айда 24,8 пайызға, жарты жылда 43 пайызға төмендеп кетті.
2014 жылы қаржы институтының акциялары 54 теңге, жыл соңында 43 теңге болған еді. Алайда, олардың бағасы ақпанда арзандай бастады. Ал, наурыздың басында бір қағазы 31 теңгеге бағаланды.
16 наурыз күні Халық банкінің сауда көлемі 13 миллион теңгені немесе 70 мың долларды құрады. Сонымен бірге, KAZ Minerals PLC бен KEGOC акцияларының бағасы да арзандады. KAZ Minerals акциялары бес пайызға төмендеп, 565 теңге, KEGOC қағаздары екі пайызға арзандап, 262,9 теңге болды. Жыл басынан бері инвесторлардың қазақстандық банктердің акцияларына деген сұраныстары азая бастаған еді. Соның ішінде, Халық банкі мен ҚазКом акцияларына. Ал, ЦенртКредит банкінің акциялары ақпан айынан бастап түсе бастады.





