Экономика
Выбор редактора
"Халықтық ІРО" бағдарламасы қалай аяқталды?
2011 жылдың 11 ақпанында "Нұр Отан" партиясының съездінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке "Самұрық-Қазына" қорының құрамына кіретін кейбір компаниялардың акцияларын қор нарығында жариялау туралы тапсырма берді. "Халықтық IPO" бағдарламасының негізі қаланды.
Қазақстан президентінің идеясы бойынша, қор нарығына "Самұрық-Энерго", KEGOC, "Қазпошта", "ҚазМұнайГаз" және "Қазатомпром" тәрізді ұлттық компаниялар шығарылуы керек.
"Халықтық ІРО" жүз мыңдаған қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындарының акцияларына және өз қаржысын көбейтудің жаңа құралына ие болуға мүмкіндік береді", - деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
«Халықтық ІРО» бағдарламасының ерекшелігі:
- бағдарламаны «Самұрық-Қазына» қоры жүргізеді
- бағдарламаға тек әлемдік нарықтағы баға өзгерісіне тәуелді болмайтын, сенімді компаниялар ғана қатыса алады.
- құнды қағаздардың бақылау пакеті мемлекет құзырында қалады
- бағдарлама бойынша акцияны тек ел азаматтары сатып ала алады
- бағдарлама бойынша нарықтық құнынан 10-15-ке төмен бағамен сатылады
"ҚазТрансОйл" қалай бастады?
"Халықтық ІРО" бағдарламасы Қазақстанда
2012 жылдың желтоқсанында басталды. Алғашқы болып нарыққа акцияларын
"ҚазТрансОйл" (ҚТО) АҚ шығарды. ҚазТрансОйл - ішкі нарыққа және экспортқа мұнай тасымалдау қызметтерін көрсетуші Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай құбыры компаниясы.
Барлығы Қазақстандық қор нарығына ҚТО-ның
38 463 559 қарапайым акциялары шығарылды. Елімізді
33 989 мың азаматы халықтық акционер атанды. "ҚазТрансОйл" акцияларына деген сұраныс ұсыныстан асып түсті. Яғни компанияға жоспарланған 25 мрд теңгенің орнына
55 млрд-қа жуық табыс келді.
Географиялық жағынан алматылықтар "ҚазТрансОйл" акцияларына көбірек ие болған. Астана тұрғындары жалпы "Халықтық ІРО-ның" 14,35%, Маңғыстау облысы 6,24% үлесіне ие болды.
"Қазтрансойл" акцияларының 10 пайызы алғашында
725 теңгемен сатылымға шығарылды. 2014 жылы "Қазтрансойл" акциялары
1 140 теңгеден саудаланды.
Мамандар "ҚазТрансОйл" құнды қағаздарының нарыққа шығарылуына жақсы деген баға берді. " Бұл шығарылым Қазақстанның қор нарығы үшін бетбұрыс болды. Бірінші рет шын мәнінде салмақты ІРО өткізілді. Акциялардың қомақты пакетін жеке инвесторларға және Қазақстанның ішкі нарығына ұсынды. Нәтижесінде біз халық тарапынан қор нарығына деген қызығыушылықты аңғардық. 50 мыңнан астам брокерлік есептер ашылды", - деді "Асыл Инвест" брокерлік компаниясының бақылаушы кеңесінің төрағасы Аслан Дүйсембеков.
[caption id="attachment_26999" align="aligncenter" width="614"]
Есеп ipokz.kz сайтынан алынды[/caption]
"KEGOC" - Қазақстанның электрлік жүйесін басқарушы компания, елдің электроэнергетикалық жүйесінің жүйелік операторы.
2014 жылы "Халықтық ІРО" аясында "KEGOC" АҚ-ны
25 999 999 қарапайым акциялары сатылымға шығарылды.
41 991 өтініш түсті.
Алғашында KEGOC акцияларын сатып алуға өтініш қабылдау 2013 жылдың 13 мамыры - 11 маусымы аралығында өтуі қажет еді. Бірақ кейін шегерілді, нақты себебі айтылған жоқ. Сарапшылардың сөзінше, құқықтық мәселе болуы мүмкін.
Алғашқыда акциялар нарыққа
505 теңгемен шықты. Қазір олардың құны 700 теңгеден асады. 2015 жылдың мамырында «KEGOC» АҚ 2014 жылға қарапайым акциялар бойынша дивиденттер төлейтінін хабарлады. Бір қарапайым акция дивидендінің көлемі 33,13 теңге.
Мамандар KEGOC акцияларын кем дегенде 3-5 жылға алуға кеңес береді. Сарапшылардың бағалауынша, жалпы алғанда компания өте тартымды, табысты. Бірақ алғашқы жылдары қомақты дивиденттер күтудің қажеті жоқ.
KASE президенті Мақсат Қабашев "ҚазТрансОйл" АҚ мен "KEGOC" АҚ акцияларын Қазақстандық қор биржасындағы
ең өтімдісі деп есептейді.
"KEGOC-тың акциялары сатылымға шығарылған кезде нарық құрылымы жайсыз еді. Мұнай мен рубльдің, ресейлік компания акцияларының құны төмендеп жатты. Яғни инвесторлар құнды қағаздар нарығына қаржы салуға дайын емес еді. Бүгінде біздің қор биржамыздағы 9 қағазға белсенді қызығушылық танытып отыр. "Халықтық ІРО" бағдарламасы арқылы пайда болған "ҚазТрансОйл" және "KEGOC" акцияларын ең тиімді қағаздар деп айта аламын", - дейді ол.
"Халықтық ІРО-дан" үлкен нәрсе күтудің де қажеті жоқ
2015-2016 жылдары мемлекеттің қатысуымен
"Самұрық-Энерго", "Қазақстан темір жолы" АҚ, "Қазатомпром" АҚ құнды қағаздарын сатылымға шығаруы қажет. Бірақ осы жылдың 12 қарашасында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай
«Халықтық ІРО» бағдарламасы тоқтатылатындығын мәлімдеді.
ІРО-ға кіретін бірнеше компаниялардың тізімін қарап жатырмыз. Бірінші кезекте, олар инфрақұрылымдық компаниялар болатынын айта кетейін. Бұл жай ғана ІРО болады. «Халықтық ІРО» енді болмайды» , —
деді ол TECHCONNECT.TECH инновациялық конгресінен кейінгі жиылыста. Оның сөзінше, ІРО-ға кіретін дайын компаниялардың бірі — «Самұрық-Энерго». Алайда ол жекешелендіруге қатысатын 38 ұлттық компанияны атаудан бас тартты. «Шамамен екі апта ішінде нақты тізім бекітіледі. Бұл көп көңіл бөлуді қажет ететін сұрақ. Біз нақты нәтижеге жету үшін бағдарламаны толық қарап шығуымыз керек. Қарапайым түсініктемелер көмектеспейді», — деді Д. Ердебай.
Бағдарламаның жоспарлы мерзіміне жетпей аяқталуын мамандар қаржы тапшылығынан деп біледі. Қысқа ғана ғұмырында "Халықтық ІРО-ға" қатысты сын да айтылған.
"ҚазТрансОйл" АҚ-ның "Халықтық ІРО-да" акцияларын сату үшін 28 млрд теңге салынды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша 28,8 млрд теңге көлемінде дивиденттер төленді. Бұл кәсіпорын табысының 85 пайызын құрайды. Аталған жүйе кәсіпорындарды дамыту үшін қаржы тартудың орнына үлкен жарнамалық кампанияға немесе айла-шарғыға ұқсап кеткен тәрізді", - деген еді мәжіліс депутаты А.Қоңыров.
Ал экономист-сарапшы Мақсат Сералы "Халықтық ІРО-ның" өтуіне жақсы деген баға беруге болады деп есептейді.
"Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елімізде дәл осындай деңгейдегі үлкен жобалар болған емес. Бұл еліміздегі бизнес деңгейін, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жүзеге асырылды. Осы уақыт ішінде 52 мың жеке есепшот ашылған. Елімізде 17 млн халық бар. Оның ішінде өз-өзін қамтамасыз ете алатын, әлеуметтік жағдайы орташа 9-8 млн адам бар. Осыны есептегенде, 17 млн адамның "Халықтық ІРО-дағы" үлесі 0,5 -0,6 пайызды құрайды екен. Бұл өте аз көрсеткіш. Бірақ жобаны алғаш рет өткізіп отырғанымызды және еліміздегі қаржылық сауаттылығы жоғары адамдардың үлесі аз екендігін ескерсек, жақсы көрсеткіш болды деп айтуға болады ", -дейді ол.
Оның сөзінше, ІРО барысындағы назар аударарлық мәселе - қажетті ақпараттың жеткіліксіздігі. "Сіз компанияның ішкі қаржылық жағдайын, нарықтағы ролін нақты білмейсіз. Қандай-да бір экономикалық жағдайда оның акцияларының құны төмендеп кетуі мүмкін. Осы орайда "Халықтық ІРО-ның" келесі толқынында компаниялар туралы көбірек ақпарат айтылуы керек. Қатысатын компаниялар тізімі кеңейіп, олар туралы мәлімет кеңінен таратылуы керек. Компанияға деген сенімділік артса, ол табысының көбеюіне кепіл болмақ",-деп есептейді сарапшы.
Мақсат Сералы науқанның тоқтатылуы елімізде орын алған экономикалық дағдарысқа байланысты деп біледі. ""Халықтық ІРО-ның" қамтитын ауқымы кең болуы керек. Халыққа кеңінен түсіндірілуі керек. Бірақ қазіргі өткізілген жобаның өзін жақсы нәтиже көрсетті. Елдің қаржылай сауаттылығының артуына және компаниялардың табысын арттыруда септігін тигізді. Менің ойымша, алда екінші, үшінші толқыны жалғасуы қажет. Көп нәрсені күтудің қажеті жоқ жоба ретінде қарау қажет деп білер едім",- деді ол.
Фото: procredit.kz
Ақсәуле Әбітай "7"