Экономика
Ходорковскийге қарсы адам өлімі үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
Ресейде Нефтеюганск мэрінің өліміне қатысты тергеу амалдары қайта басталды. РФ тергеу комитеті бұл іске Ходорковскийдің қатысы бар болуы мүмкін деп жорамалдайды. Бұл туралы кеше аталған органның ресми өкілі Владимир Маркин хабарлаған.
"Бұл істі зерттеу аясында осы және басқа да ауыр қылмыстық істерге қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, куәгерлер мен күдіктілер тергеледі, бұлардың ішінде М.Ходорковский де болуы мүмкін. Біздің қолда бар ақпаратқа сүйенсек, осы және басқа да ауыр қылмыстарға М.Ходорковскийдің қатысы болуы мүмкін", - деді В.Маркин. Оның ондай әрекетке баруына "ЮКОС" компаниясы жергілікті бюджетке салық төлемегені үшін мэрмен арадағы жанжал себеп болуы мүмкін. Мэр аталған компанияға қатысты қылмыстық іс қозғауды талап еткен еді.
Еске сала кетейік, Нефтеюганск мэрі Владимир Петухов 1998 жылы 26 маусымда жұмысқа барар жолда өлтірілген болатын. Оның өлімі үшін "ЮКОС"-тың қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы Александр Пичугин 2006 жылы 24 жылға, 2007 ждылы іс қайта қаралып өмір бойыға сотталған болатын. 2008 жылы осы және басқа тапсырыстарға қатысы бар болғаны үшін ЮКОС-тың Израильде тұратын құрылтайшыларының бірі Леонид Невзлин сырттай өмір бойыға сотталған еді.
Маркиннің бұл мәлімдемесінен кейін Ходорковскийде жауап беріп үлгерді. Тіпті Twitter парақшасында олардың жауап алмасуы, пікірталасқа ұласып кетті.

Ходорковский парақшасында мұны "саяси тапсырыс" деп бағалап, Маркинге ЮКОС-тың бұрынғы акционерлеріне 50 миллард доллар төлеу туралы Гаагада өтетін сотқа назар аударуға шақырды. ЮКОС-тың экс-басшысы бұл жерде Ресейге қарсы ЮКОС-тың бұрынғы акционерлерінің мүддесі үшін болуы мүмкін сот процессін меңзеген болуы мүмкін. В.Маркин оның бұл жазбасына "Тергеу комитетін саясат қызықтырмайды" деп жауап қатты.