Қытай экономикасына тағы бір өсім қаупі төніп, ол қайта бәсеңдеді. Бұл, әрине, Қытай қатты құлайды деп күткен Батыстың даналығына мүлде сәйкес келмейді. Батыс перспективасы тағы да тұрақтылыққа ерекше мән беретін Қытай контекстін ескермей қалды.
Премьер Ли Кэцян жақында «Қытайдың даму форумын» қорытындылаған сөзінде осының барлығын айтып берді. Бұл жиынға соңғы 17 жыл бойы қатысып келемін, сондықтан премьерлердің сөзінің астарын түсінуге дағдыланып қалғанмын. Қытайдың жоғары басшылары көбіне содан екі апта бұрын Халық өкілдерінің жалпықытайлық жиналысына жіберілген экономика туралы есепте көрсетілген жетістіктер, мақсаттар мен реформалар туралы іш пыстырарлық сөз сөйлейтін.
Бұл жолы басқаша болды. Басында Л.Кэцян әлемдік деңгейдегі білімділердің сауда кикілжіңдері, жаһандану, сандық жүйе және автоматтандыру туралы сауалдарына қинала жауап беріп, көнбістік танытып тұрғандай көрінген. Бірақ сөзін аяқтай келе ол Қытай экономикасының күш-қуатын паш ететін тосын пікір айтып, «Біз қатты құламаймыз» деп дауыстап жіберді.
Кэцянның баршаға түсінікті бұл ишарасы 2017 жылдың алғашқы екі айына қатысты ресми мәліметтермен сай келеді: бөлшек саудада, өнеркәсіп өндірісінде, электр энергиясын тұтынуда, болат өндіруде, инвестиция тартуда және қызмет саласын жандандыруда едәуір ілгерілеу бар (соңғысы Қытайдың Статистика жөніндегі ұлттық бюросы жариялаған ай сайынғы жаңа индикатордан белгілі болды). Оның үстіне, соңғы сегіз айда алғаш рет ақпанда шетелдік валюта қоры қайта өсті, бұл капиталдың сыртқа кетуі саябырсығанын аңғартады.
Сонымен бірге, Қытай халықтық банкі АҚШ Федералдық резервінің үстемені көтеру ишарасын түсініп, Қытайдағы ставканы он базалық пунктке көтерді. Қытай өз экономикасының жалпы жағдайына алаңдаған болса, орталық банк мұндай қадамға бармаған болар еді.
Дегенмен, ең жағымды жаңалық сауда туралы мәліметтен келді. 2016 жылдың төртінші тоқсанында 5,2 пайызға құлдыраған жылдық экспорт өсімі биылғы қаңтар-ақпанда 4 пайызға өскен. Бұл Қытайдағы соңғы және оның алдындағы қауіптердің арасындағы айырмашылықты көрсетеді.
Мұны «Трамп әсері» деп атауға болады: соңғы айларда әлемдік экономикада «жануар түйсігінің» оянуы әлі де экспортқа тым тәуелді Қытай экономикасына үлкен жеңілдік әкелді. Мұның алдындағы қауіптер дағдарыстан кейінгі ғаламдық сұраныстың шашырауынан болған кері кетушілік кесірінен ушықса, бұл жолы жел қарсы беттен емес, арт жақтан соға бастады.
Алайда, Қытайдың қысқа мерзімдік жоспарлары көпшілік күткендегіден әлдеқайда жақсы болғанымен, бәрін жоққа шығаратын, өркөкіректікке жақын сезім Қытайдың стратегиялық топтық ойлау жүйесіне кірігіп алғанға ұқсайды. АҚШ ішкі мәселелеріне ойысқанда, Қытайдың басшылары ғаламдық көшбасшылықтағы сейсмикалық өзгерістерден болған мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап жатса керек.
Менен Қытайға негізделген жаһандану туралы – соның ішінде көпжақты саудадағы Қытайдың шешуші рөл ойнауы (16 мемлекет кіретін Аймақтық көпжақты әріптестік ұйымы), аймаққа инвестиция (Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы) және институционалдық архитектура (Қытайдың үстемдігіндегі Азия инфрақұрылым инвестициясы банкі және Жаңа даму банкі) туралы жиі сұрайды. Құдды Дональд Трамптың «Алдымен Америка» ұранының арқасында қалған бос кеңістікті Қытай толтыратын сияқты.
Қытайлар тарихтан жақсы сабақ алады. Әлемдік көшбасшылық пен экономикалық күш-қуаттағы өзгерістер бірден емес, біртіндеп болатынын біледі. Олар қазіргі қалыптасқан жағдайды басқа бір тұрғыдан қарастырып отырған сыңайлы: ұлы «талқандаушы» ретінде Трамп АҚШ-қа негізделген жаһанданудағы ойын ережелерін өзгертті. Қазір Қытайдағы жұрттың көбі ғаламдық билік тізгінін қолға алатын мүмкіндік тумады ма деп ойланып отыр.
Бәрі де болуы мүмкін, әсіресе белгісіздік жалғыз белгілі нәрсеге айналған қазіргі қоғамда. Бірақ, мұнда қытайлар қаперінде ұстауы тиіс тарихтың тағы бір сабағы бар. Йель университетінің тарихшысы Пол Кеннеди бұрыннан айтып жүргеніндей, ұлы державалардың өсуі мен өшуі «геостратегиялық қызудың» әсерінен болады, яғни, мемлекеттің ғаламдық күш-қуаты ішкі экономикалық негіздердің әлсіреуінен төмендейді. Ғаламға көшбасшылық ішкі күш-қуаттан басталады, ал Қытай «жаңа қалыпты жағдай» деп атайтын көшбасшылық деңгейіне жету үшін әлі қайта теңгеру мен қайта құрылымдаудың ұзақ жолынан өтуі керек.
Бірақ мұнда Қытайдың өз ішіндегі көзқарас пен Батыстың көзқарасы арасында қайшылық бар. Сырттың көзқарасы бойынша, Қытайдағы қайта теңгеруді көздейтін реформалар төраға Си Цзиньпин билікке келгелі баяулап қалды. Оның алдындағы Ху Цзиньтаоның он жылдық билігі тұсында да осындай көзқарас басым болған. Бірақ бұл Қытайда болып жатқанды бағалайтын дұрыс әдіс пе?
Аттандаған сөзден гөрі нәтиже маңыздырақ. Қытайдың бұрынғы премьері Вэнь Цзябао 2007 жылы Қытай экономикасын түбірімен қайта құрғалы бері оның «тұрақсыз, теңгерімсіз, бақылаусыз әрі тұрлаусыз» құрылымға айналған экономикалық жүйесі үлкен трансформациядан өтті. Екінші сектордың (өнеркәсіп пен құрылыс) ЖІӨ-дегі үлесі 2007 жылғы 47 пайыздан 2016 жылы 40 пайызға дейін түсті, ал үшінші сектордың үлесі (қызмет көрсету) 43 пайыздан 52 пайызға дейін өсті. Бұл масштабтағы құрылымдық өзгерістер ерекше маңызды. Реформаны жоққа шығарушылар естен шығарған бір маңызды нәрсе – Қытай қайта теңгеру жолында қарышты қадаммен өрлеп барады.
Осының барлығы бізді биылғы Қытайды дамыту форумында көтерілген мәселелерге қайта алып келеді. Қытайдың тез икемделгіштігі мен АҚШ-тың ішкі саясатқа ойысуы Қытайға тамаша мүмкіндік ашып тұрған сияқты. Бірақ Қытай әлемдік держава болудың арбауына алданбай, ішкі даму стратегиясына көңіл бөлуі керек. Қазіргі мәселе – «қатты құламайтындарын» шегелеп айтқан кезінде Ли Кэцян ескерткен «тамаша мүмкіндікті» жүзеге асыру.
Автор туралы: Стефан Роч – Йель университетінің оқытушысы, Morgan Stanley Asia компаниясының бұрынғы төрағасы, «Теңсіздік: Америка мен Қытайдың өзара тәуелділігі» кітабының авторы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024