Соңғы 3 жылда «Көлсай көлдеріне» демалыс ұйымдастырушы компаниялар көбейді. Интернеттен іздесеңіз 15 мыңнан басталатын баға ұсынған туристік компаниялар көп.
Жұма күні кешкі 7-ден кейін Алматыдағы Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы Орталық стадион маңына барсаңыз Көлсайға қарай жүретін автобустар тұрады. Ұйымдастырушыға бірден ақысын төлеп, Көлсайға тартып кетсеңіз болады. Әдетте алматылықтар көбіне осы «жолмен» барады. Адам толысымен автобустар (22.00-23.00 шамасында) Алматыдан шығады. Құлжа трассасымен-Шелек-Бәйсейіт-Сөгеті-Көкпек-Аласа-Жалаңаш бағытында шамамен 280 шақырым жүрген соң Саты ауылына тоқтайды. Бұл шамамен таңғы 5.30-6.30 шамасы. Жол Жалаңаш ауылына дейін тақтайдай болғанымен, ары қарай ой-шұңқыры көп. Былтырдан бері күрделі жөндеуден өтуде. Сатыда көпшілік тұрғындар үйлерін қонақ үй ретінде жабдықтаған. Алматылық туристік агенттіктердің бұл үйлермен келісімі бар. Ұйымдастырушылар туристерді топтап осы үйлерге түсіреді. Заттарыңызды қойып, таңғы ас ішіп алуға 1 сағаттай уақыт беріледі. Бұдан әрі ауыл ішіндегі белгіленген орынға жиналып, автобустармен Көлсайға тартасыз. Жол шамамен 30-40 минуттай уақыт алады. Көлсай үш көлден тұрады. Бұл күні сіз бірінші, екінші көлге барып, қайтуға үлгересіз. Бірінші көл мен екіншщі көлдің арасы тік, таулы жер. Оған жаяу жүрсеңіз 2 сағаттай уақыт жұмсайсыз. Бірінші көлден екінші көлге дейін апарып-алып келу үшін жалға ат алуға болады. Оның бағасы шамамен 5 мың теңгенің көлемінде. Немесе атпен бірінші көлдің айналасында серуендеуге болады. Оның сағаты 4 мың теңгенің айналасында. Түскі тамақты көлдің жағаында ішесіз. Кешкі 5-терге қарай Сатыға қайтып, демалыс үйлеріне келесіз. Кешкі тамақ ішіп, ертесі Қайыңды көліне аттанасыз. Қайыңдыға дейін жол өте нашар болғандықтан, ауыл тұрғындарының Уазик көлігімен баруға тура келеді. Бұл жерде де екі көл бар. Бірі ортасында қарағайы көкке шаншылған үлкен Қайыңды, екіншісі шағын көл. Шағын көлдің жағасында түскі ас ішуге болады. Мұнда да жалға ат алып серуендеуге, жергілікті адамдардан құрт, май, кілегей сатып алуға болады. Суретке түсіп, көл жағасында серуендеп, кешкі 4 шамасында Саты ауылына қайтып, кешкі тамақтан соң Алматыға қарай шығасыз. Түнімен Алматыға жетесіз. Бірақ, көп адамдар мұндай сапардың шаршататынын айтады. 2 күндік демалысыңызды ұмытып қаласыз. Көлсай мен Қайыңдыда ауа-райы тез құбылады. Егер жауынды күнге тап келсеңіз, аса көп қыдырып үлгермейсіз де. Таулы жер болғандықтан салқындау болады. Сондықтан аяғыңызға тауға арналған кроссовка, жылы күртеше, бас киім, қара көзілдірік, дәрі-дәрмек алғаныңыз жөн.
Бұдан бөлек өзіңіз баруға болады. Достарыңызбен жиналып, өз көліктеріңізбен шықсаңыз, Саты ауылына барып демалыс үйлерін жалдауға немесе Көлсай, Қайыңдыға барып, көл жағасына шатыр тігіп, бірнеше күн жатып демалған дұрыс. Дұрысы соңғысы. Көлсайда киіз үй, шағын коттедждер де бар. Киіз үйді бір тәулікке 15-20 мыңға, коттедждерді адам басына 8 мың теңгеге алсаңыз болады. Киіз үйде тамақ осы сомаға кіреді, коттедждерде тамақты қосымша аласыз. Екі көлдің жағасында кәуап, қымыз, құрт, кілегей, айран сатып алуға болады. Бір күн бірінші көлдің, екінші күні Ортаңғы көлдің, үшінші күні үшінші көлдің таза ауасымен тыныстап, шаршамай кері қайтып, тағы бір, екі күн Қайыңдының жағасында аялдап, демалу 2 күндік «экстремалды демалыспен» салыстырғанда нағыз демалыс. Жолға ары бері бір күн кететінін, жолдың кейбір бөлігі нашар екенін ескерсек, көлігіңізді қаладан шығарда жүріс бөлігін тексеріп алыңыз. Қайыңдыға шағын көліктер бара алмайды. Сондықтан мүмкіндігінше жол талғамайтын көлікпен барған дұрыс. Ол болмаса жеңіл көлік те жарай береді. Онымен Көлсайға бара аласыз. Ал Қайыңдыға бару үшін Саты ауылынан Нива, Уазик жалдауға тура келеді. Ары-бері адам басына 2 мың теңге жұмсайсыз. Баға жағына келсек әрине өзіңіз барған үнемді. Бірақ күнмен салыстырғанда. Мысалы: 2 күнге туристік агенттікпен бару мен жеке өзіңіз барғанның арасында агенттіктің комиссиясы, қызметкерлер ақысы қосылады.
Ең дұрысы өз көліктеріңізбен, достарыңыз, туыстарыңызбен барған дұрыс.
Жатын орын ретінде өзіңізбен шатыр алып барсаңыз болады. Бұл үнемді, әрі романтика. Саты ауылындағы қонақ үйлер мен Көлсай, Қайыңдыдағы киіз үй, коттедждерге қону ақысын жоғарыда жаздық.
Міндетті түрде үш Көлді, Қайыңдыны көріп шығыңыз. Бірақ шаршап қалмау үшін үш күн уақыт арнаған дұрыс.
Қайыңдыға тамыз айының басында барсаңыз малина теруге мүмкіндігіңіз болады. Бірақ бұл үшін рұқсат керек, керек емесін Ұлттық парк инспекторынан анықтап алыңыз.
Қымыз, құрт, кілегей, айран, кейде бал өнімдерін Қайыңды мен Көлсайдың жағасынан немесе Сатыдан алуға болады.
Міндетті түрде фотоаппарат алыңыз.
Жылы киім, тауға арналған крассовка міндетті.
Дәрі-дәрмек қобдишасын алғаныңыз жөн.
Көлсай мен Қайыңдыға кіре берісте экологиялық постқа ақы төлейсіз.
Бұл аумақ мемлекеттік табиға парк болғандықтан, ерекше қорғалады. Қоқыс тастауға, өз бетіңізше от жағуға, кез-келген жерге шатыр тігуге тиым салынған. Сондықтан экологиялық поста немесе екі көлдің жағасындағы орманшыдан мұны анықтап алғаныңыз жөн.
Көлсай мен Қайыңдыда ақысын төлеп, атпен серуендеуге болады.
Өзеннен балық аулауға болады. Өзіңізбен қармақ алып алуды ұмытпаңыз. Өзен, көлде форель балығын ұстауға болады. Өте дәмді.
Жергілікті орманшылар тарапынан кейде заңсыз ақы сұрауы кездесуі мүмкін. Адам факторы болған жерде бәрі болады. Чексіз ештеңе төлемеңіз. Егер заңсыз әрекет, дөрекі қылықтарын байқасаңыз Саты ауылында орналасқан Ұлттық парктің кеңсесіне барып шағым жасауға болады.
Егер жазатайым жағдайларға тап болсаңыз Саты ауылында амбулатория, учаскелік полиция бар.
Сапарыңыз сәтті болсын!
Дінмұхаммед Алдаберген
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024