Көктемгі санақ нәтижесі бойынша қазақ даласындағы киіктер саны 1 318 000 бас болды. Көңіл қуантар дерек. Үкімет 2015 жылғы соңғы киік қырғынынан кейін ерекше қорғауға алған. Сайын далада жөңкілген жануарды киелі санаған жұрт қатты уайымдаған еді. Заңды күшейтті, ерекше қорғауға алды. Биыл ақжолтай жаңалық жетті. Артынша, мал бағатын, егін егетін шаруалар киік басының көбеюіне қарсы деген хабар да тарады. Шабындықты таптап, егіс даласын күйретіп кетті деген қожалық иелерінің шағымы ұлғая берді. Себебі 1300000 киіктің 800 мыңы Орал өңірінде жайылып жүр. Эколог маман, киіктанушы болмасақ та, журналист ретінде Батыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтары мен кең далада еркін жөңкілген киіктерді 7kun.kz редакциясы атынан арнайы көріп қайттық.
“Киіктерді қыру керек демеңдер қорғалсын!”
Үтірдің қай жерге қойылары өте маңызды болып тұр. Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі дала еркесі киіктерге қатысты тарихи маңызы орасан шешім қабылдамақшы. Киіктің саны ұлғайып, зияны көбейді деген батыстық шаруалардың шағымы ерекше назарда. Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оралдықтар мұңын тыңдап, 15 шілдеге дейін нақты шешім қабылдаңдар деп жауапты министрлікке тапсырма берген. Ал министрлік Зоология институтына киіктердің популяциясы мен көбеюіне, оның санын азайтуға қатысты зерттеу қорытындысын беріңдер деген. Институт ғалымдары 20 маусымда ғылыми қорытынды бермекші.
“Киік емес күйік болды біз үшін”
Батыс Қазақстан облысының алты ауданы киіктер шабындықты таптап, егістікті күйретіп кетті деп қатты ашулы. Ерекше қорғаудағы аң алдында дәрменсіз күй кешудеміз дейді. Мысалы, Казталов ауданында шаруаларға тиесілі 360 мың гектар жер болса, соның 210 мың гектарын киіктер жайлап кеткен. Билік өкілдері үшін адам қымбат па, аң қымбат па деген қожалық иелері киік санын шұғыл түрде қысқартыңдар деп талап қойып отыр Үкіметке. Егер нақты шешім шығарып, киік санын реттеуге шұғыл кіріспесеңдер, қолға қару аламыз дейді ашулы шаруалар. Ашулы топтың айқайы орынды. Көпшілігі кредит алып, мал шаруашылығын қолға алған. Лизингке техника рәсімдеген.
Киіктер қалай көбейді
Қазақстан жерінде жосыла шапқан дала еркесі қырылып кетуге аз қалғанда ерекше қорғауға алынды. Экобелсенділер мен «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлері киіктерді браконьерлерден қорғап зор еңбек еткені анық. Ерлан Нұрғалиевтің аңшылар қолынан қаза тапқанын ел ұмытқан жоқ. Заң қатаң, айыппұл үлкен болды. Қазір киік атқан адам 7 жылдан 12 жылға дейін сотталады, 4 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді. Батыс жұртының киік санын азайтыңдар деп табандап тұруына бір себеп – бірнеше жерлестері киік атамыз деп ұсталып, бірнеше жылға сотталып кеткен. Сондықтан олар киік атаулыны ұнатпайтындай.
Кім кінәлі
Шаруалар мұңы орынды. Алайда сол шаруаларға жайылым жерді оңды-солды таратқан жергілікті әкімдік. Экобелсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, жер бөлу кезінде әкімдік киіктердің жайылым жері, олардың миграциясын ескермейді, жануарлар дүниесін қорғау мекемесімен кеңеспейді дейді. Жайылымы тарылған киіктер өзге аймаққа қоныс аударайын десе, жолы жабық. Өткел жоқ. Дамыған елдер жабайы жануарлар үшін арнайы өткелдер, экодуктар жасап қояды. Біздің елде бірде бір экодук жоқ екен.
«Шаруалар мемлекеттен алатын субсидияға ғана үміт артып отыра береді. Өздері құдық қазып су шығаруға әрекет етпейді. Даладағы шабындық жерді шауып, шөп дайындауды да білмейді. Енді келіп бәріне киік кінәлі. Ату керек, қыру керек деп жатыр. Әр бес жыл сайын киіктер қырылып жатыр. Әлем алдындағы мақтанышымыз болған бұл жануарлардан айырылып қалсақ, масқара боламыз», - дейді Сәкен Ділдахмет.
Одан бөлек, кейбір шаруалар мыңдаған гектар жерді иемденіп алған. Қуаңшылық болып, шөп шықпай қалса да, жерінің шетіне киік келіп жайылса да Үкіметтен қолдау күтеді. Жерін қоршауға да, құдық қазып су шығаруға да субсидия сұрайды екен. Бір ғана Ақжайық ауданының шаруалары биыл 1 млрд теңге мемлекеттік субсидия алған.
«Шөп шабатын жер де қалған жоқ. Сай-сала, ойдым-ойдым жерлер. Бәрін таптап, жеп кеткеннен кейін 90% жарамсыз. Тағы да шөп сатып алу керек. Балам мен менің шаруашылығымды қосқанда 5 мың гектар жерім бар. Жылқы бар, ірі-қара бар 700 бастай малым бар. Сол бес мың гектардың 90%-ын таптап кеткен. Шөп сатып алуға мәжбүрміз», - дейді шаруа қожалықтың иесі Нұх Қайыров.
Шешім бар ма
Батыс Қазақстанның Жәңгір хан атындағы университетінің ғалымдары киіктерге қатысты өздері зерттеу жүргізіп, жиналған көпке зерттеу нәтижесін жариялады. Тоқ етері – киіктердің санын азайту. Бірнеше нұсқаны да ұсынды. Соның бірі – киіктерді қамап ұстап, адалынан сойып, ет дайындау. Келесі нұсқа – киіктерді өзге аймақтарға мәжбүрлі түрде қоныс аударту. Бұл екі нұсқа да батыс шаруаларына қатты ұнайды. Айтылған екі нұсқаның алғашқысын облыстық әкімдік ерекше қолдайды. Себебі ет дайындайтын орынды да, кәсіпорынды да дайындап қойған. Ал Экология министрлігі нақты шешім шығаруға тежеліп отыр. Себебі сонша жыл тер төгіп санын ұлғайтқан киіктерді бір ғана шешіммен қайта қырып салу – дұрыс қадам деп санамайды олар. Жуырда Бөкей орда резерваты құрылып, киіктерді ерекше қорғауға алатын арнайы аймақ болады. Ол үшін Батыс Қазақстан облысының әкімдігі шаруаларға бөліп берген резерватқа тиесілі жерін қайтару үшін жұмыс жүріп жатыр екен. Мамандар 1300000 бас көрсеткіш киіктерді атуға рұқсат беретін сан емес дейді. Тым болмағанда, үш млн басқа жеткізіп, содан кейін санын реттеуге болады деген пікірде. Дегенмен дәл қазір шаруаларға да қолайлы, жабайы жануарларға да зияны тимейтін дұрыс шешім шығару өте маңызды. Ал министрлік асығыс шешім шығармау үшін қоғам пікірін де ескеру қажет. Себебі киік – халық қазынасы.
Жарас Ниязбек
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024