Көкшетауда прокурор қылмыскерді ұстау үшін 9 миллион теңге пара алғандай кейіп танытқан
CashVille казиносының заңгері прокурорға пара беруге тырысқан. Оған параның 40 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салынады немесе ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz – 2023 жылғв 26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті Бас прокуратураның Ішкі тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп «Cash Ville» казиносы заңгерінің қылмыстық әрекетіне ден қойды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокурорлық тексеру кезінде казино өкілі прокуратура қызметкеріне пара ұсынған.
«Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде қылмыстық әрекетті имитациялаған қадағалау органының қызметкеріне 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру фактісі құжатталған», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2023 жылдың 28 қаңтарында Көкшетау қаласының тергеу соты күдіктіге 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.