Алматы. 19 наурыз. 7kun.kz – 2019 жылы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 50 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрі Роман Скляр хабарлады.
«Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съездінде берген тапсырмаларыy іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы және сатып алынатын тұрғын үйдің құрылысына өңірлерге 50 млрд теңге бөлінеді. Жалпы аталған іс-шараларға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған» , - деді Роман Скляр Үкімет отырысында.
Министірдің айтуынша, бюджеттен бөлінген сома жыл сайын 6 мыңнан астам көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі.
Сондай-ақ, Скляр дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге бөлу қарастырылғанын атап өтті.
«Жастар жылы аясында 2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1000 жалдмалы пәтерге 7,2 млрд теңге қарастырылды. Жас мамандар үшін 3 жылда 3000 пәтерге 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр»,- деді министр.
Айта кетейік, бюджетке қатысты барлық мәселелерді Бюджеттік комиссия мақұлдаған, қазіргі таңда Мәжіліс қарауында.