Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әлемдегі ең ірі қаржы алаяқтары: Виктор Кожены

Әлемдегі ең ірі қаржы алаяқтары: Виктор Кожены

Чехиялық бизнесмен Виктор Кожены әлемдік қаржы қауымдастығы "теңіз қарақшысы" және "браконьер" ретінде таниды. Десе де ол сәл бұған дейін бизнестегі әріптестерінің арасында сыйлы, танымал тұлға болған. Шынында да, ол бар-жоғы 36 жасында әлемдегі ең бай және ең тәжірибелі адамдармен  жұмыс істеген.

Виктор Коженың негізгі құралы – тез тіл табысу мен сүйкімділік еді. Ұлы Гэтсби секілді оған да табиғи талантының арқасында ешкім қарсы келе алмаған. Виктордың өзіне сенімді болғандығы соншалықты, кез келген адамға кез келген нәрсені қиналмастан сата білген.

Виктордың ата-анасы жас кезінен бастап баласының болашағынан үлкен үміт күтеді. 16 жасында ата-атасымен бірге Чехославакиядан Германияға көшеді. Дәл екі жылдан кейін бір күні ол Мюнхен қаласында атақты америкалық физик Марлан Скаллидің лекциясына қатысады. Кожены профессорға блокнотын шималақтай отырып, «Мен - физик-данышпанмын, ал блокнотымдағы жазбалар - менің жаңа физикалық теориям» дейді. Адам таңқалатын нәрсе, бірақ жас баланың сөзіне сенген профессор оны Нью-Мексико университетіне оқуға шақырады.

Профессор Америкаға жеткенде үйінің алдында Виктор тұрады. Жасөспірім профессордан қарызға 100 доллар ақша сұрап, үйінде түнеп шығуды өтінеді. Сол кезде профессор чехиялық  жас «данышпанның» физикаға ешқандай қатысы жоқ екендігін түсінді. Сонда да профессор университет басшылығымен оқу жайында келісіп, оны өз үйіне кіргізеді. Бірнеше ай өткен соң, жақсылығының қайтарымы сол Виктор профессордың 37 жастағы әйелімен бірге қашып кетеді.

Оның келесі аялдаған нүктесі - Кембридж, Массачусетс штаты болды. Виктор ол жерде жаздық колледжде білім алып жүріп,  Гарвард университетіне оқуға түсті. 6 жылдан кейін «экономика» мамандығын тәмамдаған ол  Британияның астанасы Лондонға жол тартады.

Ол еш қиналмастан атақты лондондық Flemings банкіне жұмысқа тұрады. Коженнің білімі мен ойлау қабілетіне қызыққандығы сонша, бастығы оны түйіндемесін оқымай-ақ жұмысқа алады. Бірақ, кейін бірте-бірте оның оғаш қылықтары байқалады. Жаңа қызметкер жұмысқа жеңіл-желпі қарап, тіпті қарапайым тапсырмаларды орындаудан да қалады, әйтеуір күні-түні телефонға маза бермей чех тілінде небір келіссөздерді жүргізіп жатады. Өзінің бұл іс-әрекетін бастығына: «Менің Шығыс Еуропада маңызды тірлігім бар. Бұл соншалықты маңызды және құпия болғандығы сонша, сізге не екенін де айта алмаймын» деп жауап береді. Келіссөз жүргізгіш 6 айдан кейін ол жұмыстан босатылады.

1990 жылды Виктор жұмыссыз, шотындағы 3 мың доллар мен жүкті әйелімен қарсы алады. Бірақ Кожены мойымайды. Ол енді Шығыс Еуропа нарығына көз тігеді. Бір жыл өткен соң өзінің әйелі мен кішкентай қызын тастап, хатшысымен бірге Прагаға көшіп келеді. Өзін бизнес-кеңесші деп таныстырып, «жұмыс» бастайды. Кожаны ақша табудың жолын көздеп өзінің отанындағы шенеуніктер мен саясаткерлермен  қарым-қатынас орната бастайды. Бұл жолы да оған сәттілік серік болады. Жекешелендіру кезінде Викторда нағыз мүмкіндік пайда болады. Чехияның әрбір азаматының 35 доллар көлемінде ваучер иеленуге (орташа айлық табысының ¼ бөлігін құрайды), ал кейінірек оны кәсіпорын акцияларына айырбастауға құқығы бар. Бірақ бұл адамдар бір жапырақ қағазға өз үлестерін айырбастауды жөн көрмеген. Мұндай мүмкіндікті Виктор пайдаланбай қалсын ба?! Аз күннің ішінде ол «Гарвард Қоры» деп атап, инвестициялық қорлардың тобын ұйымдастырады және кімде-кім бұл қорға өз ваучерлерін аударса, сол адам бір жыл көлемінде 10 есе көп пайда көреді деп мәлімдейді. Кожены барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарнаманы жақсы жасап, салымшыларды өзіне оп-оңай қаратады. Нәтижесінде «Гарвард Қорына» 820 мың чех азаматы өз үлесін аударды.

Кожены ақшаны қайдан табамын деген сұрақтар мазаламады. Ваучерлерінің арқасында ол үкімет басындағылармен жақсы байланыс орнатып алған еді. Мысалға ол, Чехияның Ішкі Істер Министрімен жиі сквош ойындарын ойнайтын. Оның қол астындағы ваучерлерінің саны бүкіл Прага қор нарығының 15 пайызын басқаратындай дәрежеде еді. Кожаны ваучерлерін ірі-ірі 50 компанияның акциялар пакетіне айырбастап отырды. Акциялар айналымға түскен кезде олардың құны 20 есеге дейін, ал Гарвард қорының активтері 1 миллион долларға дейін артты. Осыдан кейін Коженың есімі әлемге таныла бастады.

БҰДАН КЕЙІН ЧЕХИЯ ҮКІМЕТІ КЕЗ-КЕЛГЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚОРЛАРҒА КОМПАНИЯЛАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗДАН АРТЫҚ АКЦИЯСЫН САТЫП АЛУҒА ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАЙДЫ.

Кожены бір сұхбатында: «ОЛАР МЕН ҮШІН МҰНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ. СЕБЕБІ МЕН ТҮГЕЛ ЕЛДІ САТЫП АЛА АЛАТЫНДАЙ ДӘРЕЖЕДЕ ЕДІМ» - деп жауап берді.

Баспасөзде өсек-аяң көптеп етек алды. Екінің бірін Коженнің қалай байып кеткендігі қызықтырды. Кейбіреулері тіпті оны «бұрынғы полиция агентімен байланысы болған» деп шығарып, «саяси құпиялар мен компания туралы ақпараттарды солай біліп отырған» деп айыптады. Бизнесмен мұны «бопсалау», деп ақталды, бірақ тексерістер басталғаннан кейін халықты алдамауды жөн көреді. Бар құпияны жайып салады. Бұдан кейін ол тұрғылықты жерін ауыстырып, 1994 жылдың қаңтарында Швейцарияға бет алады. Тексерістер уақыт өте келе тоқтатылады, бірақ Кожены «Прага браконьері» деген лақап атқа ие болды.

Бұдан кейін ол Багам аралдарынан бір-ақ шықты. Мұнда ол Дэвид Макгрэтпен танысады. Дэвид Лайфорд-Кэй қаласындағы атақты танымал адамдар мен байларды бес саусағындай жатқа білетін. Кожены мүмкіндікті жібермей Макгрэтпен тез арада келісімге отырады: Макгрэт оны танымал тұлғалармен таныстырмақшы болады, ал Кожены әрбір жасаған келісімінің 10 пайызын Макгрэтке беріп отыруға уәде береді.

Бірінші кезекте – Ford Motor компаниясының директоры Майкл Дингманмен танысу көзделеді. 63 жастағы американдық бизнесмен Дингманмен Виктор тез арада тіл табысып кетеді. Көп ұзамай олар бір офисте жұмыс істейді. 1995 жылы олар қайтадан Чехияның компанияларымен жұмысты бастайды.

Бұрыңғы «Гарворд қоры» арқылы олар қайтадан 8 ірі өнеркәсіптік компаниялардың акцияларын сатып ала бастайды. Олардың үшеуі – үкіметтік бақылаудағы компаниялар еді. Дингман бұған жеке қаражатынан 140 миллион доллар жұмсайды. Кәсіпкерлердің негізгі көздегені – Чехияның өнеркәсібін түгелімен қайта құру еді. Алайда чехиялықтар қарсы болғандықтан, ендігі көздегені – тезірек ақша тауып, тезірек бұл арадан кету болады. Бірнеше ай ішінде Кожены мыңдаған қаржылық операциялар жүргізіп, соңында «Гарвард қорының» бүкіл акцияларын сатады. Ол 200 миллионнан 700 миллион долларға дейін пайда тапса, «Гарвард қоры» 80 пайызға дейін құлдырайды. Бұл ел экономикасына зиянын әкеліп, Чехия мемлекеті дағдарысқа тап болады. Алайда елінің экономикасы Кожены алаңдатпады.

БАЙЫҒАН ВИКТОР АҚШАНЫ ОҢДЫ-СОЛДЫ ЖҰМСАЙ БАСТАЙДЫ. МЫСАЛЫ КЕШКІ АС ҮШІН РЕСТОРАНҒА 21 МЫҢ ДОЛЛАР ТӨЛЕП, 8 МЫҢ ДОЛЛАРДЫҢ ВИНОСЫН АРЗАН САНАЙДЫ.

Қалтасы қалыңдап, мақсаты орындалған соң ол ескі досы Макгрэтке опасыздық танытты. Алғашқыда келіскен 10 пайызы сұрала бастаған кезде, Виктор мас кезімде мені солай мәжбүрлегенсің деп бопсалайды. Сот шешімі бойынша соңында Макгрэт өз үлесінің тек 1 пайызына ғана ие болды.

Ал Дингман мен Коженнің қарым-қатынасы достыққа ұласады. Танымал бизнесмен арқылы Виктор көптеген америкалық байлармен танысады. Кожены өзіне жеке ұшақ, сәнді автокөліктер паркі мен Багам аралдарынан жер сатып алады. Жеке бассейнінің құны 14 миллион долларды құрайды. Соңында Кожаны композитор Эндрю Ллойдың Лондондағы үйі мен Аспеннен саяжай, 19,7 миллион долларға Колорадо штатында тау етегінен курортқа дейін сатып алады.

Аспенде жүргенде Дингман Кожены Dooney Bourke сән компаниясының иегерімен таныстырады. Бурк әккі Коженың кезекті құрбанына айналады. Кожаны оны әлемді саяхаттауға шақырады. 1997 жылы мамыр айында олар Виктордың жеке ұшағымен жер шарын аралайды. Саяхат барысында олар ең экзотикалық жерлерде: «Минск, Бухарест, Қазақстан мен Әзірбайжанда» болып қайтады. Мұндағы мақсат ақша жасайтын жаңа нысан қарастыру болатын.

Коженнің көзі Әзірбайжанға түседі. Әзірбайжан азаматтарына ваучерлерді иелену тегін болатын. Кожаны осыны пайдаланып 150 миллион долларға ваучер сатып алады. Оның негізгі жоспары – ең ірі әзірбайжандық мұнай компаниясы SOCAR-ды сатып алу еді. Әзірбайжан экономикасының негізгі көзі мұнай болып табылады. Ресей мен Иранның ортасында орталасқан кішкентай ғана мемлекет – әлемдегі мұнай өндірісі жақсы дамыған елдердің қатарында. Тоқсаныншы жылдары жалғыз Әзірбайжанның өзінде әлемдік мұнай ресурсының жартысынан көбі шоғырланған еді. Билікке Гейдар Алиев келгеннен кейін нағыз дау-дамай басталады: 10 милиард баррель қоры бар мемлекет шетел инвесторларының азығына айналады. 1997 жылы Кожаны кәсіпорынының маңына инвесторларды жинай бастайды. Желтоқсан айында ол Аспендегі саяжайында керемет кеш өткізеді. Кешке тіпті Виктордың өзі көрмеген 150 ең ірі байларды шақырады. Қонақ ретінде танымал миллиардер, қазіргі АҚШ президентінің қызы Ивана Трамп та келеді. Кешке танымал әншілерді шақырып, қымбат ішімдіктер құйылып, келген әрбір қонаққа Лондондық Asprey & Garrard брендінің сәндік әшекейлері сыйға тартылады. Осының бәріне Кожены бір милиард доллар ақша жұмсайды. Кожены осылай өзінің жаңа достарын «екінші Кувейтке» ақша аударуға көндіріп, жүз есе артық пайда табатындығына сендіреді.

Үгіттеу жұмыстары Аспенде жүргізіледі. Енді Коженың саяжайында жиі-жиі кештер ұйымдастырылып, қонақтар шақырылады. Олар Коженнің жеке ұшағымен қыдырып, қымбат ресторандарда тамақтанады. Бұның бәрі Коженнің өзін таныту үшін жасалған қитұрқы іс-әрекеттері еді. 1998 жылы олар Коженнің табынушыларына айналады. Екінің бірінің аузынан «Виктордың тірлігі» деген сөздер жиі естіледі. Осылай тез арада ол танымал тұлғаға айналып шыға келеді. Бір ерекшелігі Виктор ешкімнен ақша сұрамаған. Оған ақша айтқызбай-ақ келген. Басты артықшылығы – адамдарға манипуляцияны жақсы жасай білетіндігі.

Викторға қарызға миллиондап ақша бергендердің қатарында: оның досы, саяхатшы, зергер Бурк, бизнесмен Ричард Фридман, сенеттың бұрыңғы төрағасы Джордж Митчелл болды. Коженнің ізі Уолл-Стритті де жатыр. Сауық кештерінен кейін көп ұзамай Omega Advisors хеджинг қоры мен америкалық AIG сақтандыру компаниясы Коженнің мұнай жобасына 450 миллион доллар жалға береді. Бұрыңғы досы Дингманның өзі 250 миллион доллар қосады. Кожаны ақшаларын швейцариялық банктердің біріне аударады. Кожені Әзірбайжан президенті Алиевті, өзге де инвесторлардың барлығын: «Бәрі жақсы болады. SOCAR-ды жекешелендіру жақын арада жүзеге асады» деп сендіреді. Ал оларға Коженнің қонақжайлылығына қарап, оның сөздеріне құдайдай сенулеріне тура келеді.

КОЖЕНЫ ВАУЧЕРЛЕРІН БОЛАТТАН ЖАСАЛҒАН ЕСІК, ТӘУЛІК БОЙҒЫ КҮЗЕТ ПЕН ТЕМІРДЕЙ ҚАТАЛ БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАДЫ.

1998 жылдың көктем айында американдықтар жақын арада ваучерлерінің акциясы еселеп пайда түсіретіндігіне кәміл сеніммен жүреді. Кожаның сенімді өкілі Том Фаррел ваучерлерді қораптап сатып алады. Чемодандап әкелінген ақшалар қолма-қол төленеді. Коженнің болжамынша, әрбір чемоданға 5 миллион доллар сыяды. Виктор Бакуда Minaret Group деп аталатын инвестициялық банк пен қаладағы ең қымбат кеңсені сатып алады. Онда АҚШ-тағы басшылар мен қызметкерлерді шақырып, жиналыс барысында акцияларын өсіммен қайтаратындығына уәде береді. Оның тірліктерін енді әзірбайжандық банк жүргізеді.

Америкалықтар кез-келген жағдайда әзірбайжандық достарына көмек көрсетуге аянбайды. Мысалы, елдегі ең беделді шенеуніктердің бірі Нуриевтің ұлына Мичиган Университетіне түсуге көмектессе, ал қызына танымал Backstreet Boys -пен кездесуге жағдай жасайды. Бірақ жекешелендіру ісі әлі басталмайды. Істің басталғанына бір жылдай уақыт өтеді. Көп айлар бойы Нуриев пен өкімет инвесторларды сендіріп келеді. Іс сәуірден маусымға қалдырылса, кейінірек – жаздың соңына ауысады.

Ақыры инвесторларға SOCAR –ды жекешелендіру ісі президент сайлауынан кейін болатындығы туралы айтады. Бірақ кенеттен келісімдер өздереді. Нуриев Бакуды 15 миллионға қайта құру ұсынысынан бас тартады. Ал президент сайлауынан кейін жекешелендіруден үзілді-кесілді бас тартатын еді.

Minaret Groupта күмән туа бастайды. Пайда таппақ түгілі, бар ақшаңнан айырылып қалу қаупі сезіледі. Істің мән-жайын білу үшін Omega компаниясы өкілдері мен көптеген инвесторлар Әзірбайжанға арнайы ұшып келеді. Алайда жергілікті саясаткерлер оларды дәмді таңғы ас пен «бәрі де тамаша» деген сөзбен шығарып салады. Инвесторлардың біреуі Коженнен «ваучерлердің аяқталу уақытын» сұрайды. Соңғы уақыт 2000 жылдың тамыз айына дейін жарайды екен. «Жекешелендіру осы уақытқа дейін басталмаса ше? » деген сұраққа Кожены: «Олардан қабырға тұрғызуға» деп жауап береді.

Негізгі сұрақ – кім кімді алдады? Инвесторлар Коженнің  өкіметтен опциондарды 25$-ға емес, небәрі 1$-дан аз ақшаға сатып алғандығын біліп қояды. Ірі корпоративті инвесторлар (Omega мен AIG) -дің өзі опциондарға 100 миллион доллар бөлген болатын. Бірақ Еуро Одақ құжаттарында әзірбайжандық шенеуніктердің опциондар үшін барлығы 13 миллион доллар алғандығы жазылады. Инвесторлар қалған сумма Коженіде қалуы мүмкін немесе әзірбайжандықтармен өзара бөлісіп алуы мүмкін деп топшалайды.

Кожаны әлемдік іскер ортада алаяқ деп таныла бастайды. Келген хаттарға жауап бермей, кездесулерден бас тартады. Ал ваучерлердің уақытының аяқталуына жарты жылдан аз уақыт қалады. Амалы құрыған батыстық инвесторлар күн өткен сайын үмітін үзеді.

Тасқа отырған инвесторлар кінәні  бір-біріне сілтейді. Шығынның орнын толтыру үшін Omega мен AIG Кожанды сотқа береді. Ал Кожені бәріне жайбарақат қарайды, бар кінәні әзірбайжандық шенеуніктердің мойнына асады. «Менің өзімді миллион ақша пара алып, алдап кетті» деп ақталады.

Алайда Әзірбайжан билігі елімізде жемқорлық жоқ деп өздерін ақтайды.

Әзірбайжанның АҚШ-тағы елшісі Хафиз Пашаев: «Батыс Әзірбайжанның экономикасына Коженнің  көмегінсіз инвестициялар тарта алады» - дейді. Нуриев болса бірде-бір шенеуніктің Кожаннен пара алмағандығын айтады.

Ресейде 10 жыл тұрған, Әзірбайжанға Коженнің тапсырмасы бойынша келген Том Фаррел «Виктордың әріптестеріне жаны ашымайтындығын» білдірді. «Олардың мұндай қадамға барып отырып, соңы немен аяқталатынын білмеуі мүмкін емес» дейді.

Осылайша АҚШ пен Еуропаның танымал байлары үлкен үміт күткен Әзірбайжандағы «батпан құйрық» бос сөз болып шығады. Кожені болса өзінің кезекті айласы арқылы қалтасын қалыңдатады. Бірақ іскери ортада беделден жұрдай болады.

Милионерлер үшін Кожены жақын адамға айналып кеткен еді. Көбісі оны бірге тамақтанып, бірге жүрген досындай көретін. Көңілі қалған Omega-ның бір өкілі оны күшікке теңейді: «Онымен ойнаған кезде, ол сүйкімді әрі сыпайы күйде, ал сырт айнала берсең, бәрін бүлдіретінін көресің».

2005 жылы Америка билігі Кожены мен Фредерик Буркты шетел азаматтарымен жұмыс жүргізудегі ережені бұзғандығы үшін және (Әзірбайжан шенеуніктеріне пара бергендігі үшін) айыптайды. 2009 жылдың жазында сот Буркты кінәлі деп таниды. Кожены пара бергендігін жасырмайды. Бірақ...

Ол қазір Багам аралдарының тұрғыны.

Похожие материалы