Алматы. 4 қазан. 7kun.kz – 2 қазанда Лондонда Kazakhstan Global Investment Forum 2018 өтті. Шараға 150-ден астам бизнес өкілдері қатысты. Қазақстан длегациясына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.Жұмағалиев басшылық етті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Форум бизнес пен инвестициялар саласындағы жаңа мүмкіндіктерге, сондай-ақ, Қазақстан экономикасының аса жылдам дамушы секторларында қазақстандық–британдық жобалардың келешегіне арналған. Басты тақырыптар — салықтық және кедендік жеңілдіктерді қоса алғанда, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту саласындағы өзекті жаңашылдықтар, мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы, Еуропа мен Азия тоғысындағы ҚР-ның қолайлы географиялық жағдайы, «Бір белдеу, бір жол» қытай бастамасына және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуы, сондай-ақ, аумағында ағылшын құқығының нормалары әрекет ететін АХҚО қызмет етуі болды.
Қатысушылардың қатарында өңдеу саласы, ауыл шаруашылығы, химия, тау-кен өнеркәсібі және қаржы секторлары, сондай-ақ, металлургия, баламалы энергетика, логистика және цифрлық технологиялар саласындағы ұйымдардың 150-ден астам басшылары, сондай-ақ, «Mitsubishi UFJ Financial Group», «JP Morgan Bank», «Deutsche Bank», «Morgan Stanley», «Ernst & Young LLP», «PricewaterhousCoopers», Лондон қор биржасы секілді ірі халықаралық корпорациялардың өкілдері болды.
Форум ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев, АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі А. Қабыкенов және «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы С. Тұяқбаев сөз сөйледі.
«Қазақстан өздерімен экономикамызды табысты әртараптандыруға және оны жаһандық жүйеге біріктіруге қажетті қаражат, технологиялар мен бизнес жүргізудің үздік тәсілдерін әкелетін британдық инвесторларды тартуға мүдделі», — деді А. Жұмағалиев форумда сөз сөйлеу кезінде. Ұлыбритания — Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ірі инвесторлардың бірі. Оның үлесіне тәуелсіздіктің 27 жылында тартылған $300 млрд-тың $13 млрд-ы тиесілі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының» басқарушысы Қ. Келімбетов өз сөзін АХҚО-ның жұмыс істей бастауына орай инвесторлар үшін туып отырған мүмкіндіктерге арнады. Мәселен, АХҚО өз қатысушыларына 50 жылға дейін арнайы салық режимін ұсынады, ағылшындық жалпы құқық нормалары негізінде дауларды шешудің тәуелсіз жүйесіне кепілдік береді. Қаржы орталығының ресми ашылуы биыл шілде айында болды.
«Биыл “Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмыс істей бастауы Астананы аймақтық қаржы орталығына айналдырады, ол келешекте сіздердің бизнестеріңіздің жаңа биіктерді бағындыруына ықпалын тигізеді», — деп түйіндеді форум қатысушыларына арнаған сөзін Қ. Келімбетов.
Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың дамуы туралы ҚР инвестициялар және даму вице-министрі А. Қабыкенов айтып берді. Қазіргі таңда Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business 2018» рейтингінде 190 елдің ішінде 36-шы орынға ие. Бұл «Азшылық инвесторларын қорғау» бөлімінде 1 нөмір және «Келісімшарттар жасау» бөлімінде 6 нөмір. 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуы тиіс. Экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметі инвестицияларды тарту саясатын жалғастыруда. Өткен жылы инвестицияларды тартудың басым секторларын анықтайтын Ұлттық инвестициялық стратегия қабылданған болатын. Бүгінде экспорттың 21%-ын құрайтын тау-кен және металлургия саласы экономиканың маңызды секторларының бірі болып отыр. Сонымен қатар, мыс, алтын, фосфат және сирек кездесетін металдар, оның ішінде литий мен ванадийді барлау мен игеру ісінің бүгінде әлеуеті жоғары. Шикізатты өңдеуге арналған жаңа технологияларды игеруге және барлауға инвестиция салу ерекше қызығушылық тудырып отыр.
«Биыл біз “бірінші келгенге бірінші қызмет көрсетіледі” қағидасымен жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс қабылдадық. Бұл геологиялық ақпаратқа еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қатты пайдалы қазбалар жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімін 18 айдан 10 күнге дейін қысқартады», — деді А. Қабыкенов.
Өз кезегінде, Kazakh Invest басқарма төрағасы С.Тұяқбаев форумға қатысушыларға компания экономиканың басым секторлары — ауыл шаруашылығы, химия және мұнай химиясы, тау-кен және металлургия, машина жасау және металлургиялық инженерия, туризм мен энергетика салаларындағы 70 жобаны анықтап, дайындағанын жеткізді.
«Біз жергілікті компаниялармен байланыс орнатудан инвестиция салуды қолдау үшін жобаларды іске асыруға жәрдем етуге дейінгі кең қызмет түрлерін ұсынамыз, сөйтіп, барлық инвестициялық сұраныстар мен қажеттіліктер үшін “әмбебап дүкен” ретінде жұмыс істейміз. Қазақстандағы инвестициялық жобалар үшін ұсыныстар мен шарттарды талқылауларда “Kazakh Invest” Үкімет атынан шығатын бірден-бір түйісу нүктесі болып табылады», — деді С.Тұяқбаев.
«Kazakh Invest»-тің бүкіл әлемде көптеген өкілдері бар екені атап өтілді, олар елшіліктермен тығыз ынтымақтастықта ақпараттар мен уақытылы жауаптар беріп отырады. Бұл инвесторларға бизнестің өсуі үшін мүмкіндіктерді зерделеуді және өңірдегі нарықты кеңейтуді жеңілдетеді. Сонымен қатар, Қазақстанның өңірлерінде жергілікті өкілдіктер бар, олар әкімдіктердің кеңесшілері болып табылады. Олар инвесторлардың еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, мәселелері мен қажеттіліктерін қарастырады.Бұдан басқа, компания инвесторларға кәсібін тіркеуден өткізіп, мемлекеттік қандай да бір қызметке рұқсат алуда, оның ішінде инвестициялық келісімшарт жасасқанда, арнайы аймақтардың қатысушысы ретінде тіркелгенде, инновациялық гранттарға өтінім беру сияқты инвесторларды мемлекекеттік қолдау шараларында мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынасты орнатуда көмектеседі.
Форумда сондай-ақ, Ұлыбританияның Қазақстандағы Сауда елшісі Баронесса Эмма Николсон, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, UK Export Finance атқарушы директоры Лоуис Тайлор, Emerging Markets, Mitsubishi UFJ Financial Group басшысы Кристофер Маркс, ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы директоры Агрис Прейманис сөйледі.
«Ұлыбританияның қызығушылығы тек Қазақстанның тау-кен саласы, жекешелендіру бағдарламасы болмаса Астананы Еуразиялық қаржы хабы ретінде дамытумен шектелмейді. Біз сондай-ақ, сіздердің экономикаларынызды әртараптандыруға қатысқымыз келеді», — деп атап өтті пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ұлыбританияның Қазақстандағы Сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон.
Өз кезегінде, ЕҚДБ басшысы Сума Чакрабарти Қазақстанның барлық қоғамның мүддесі үшін жұмыс істейтін әрі әлем үшін ашық, тұрақты нарықтық экономиканы құруға ұмтылған мемлекет ретінде басқа елдерге үлгі боларлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.
Форумның қорытындысы бойынша көлік және логистика, металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту саласында британдық компаниялармен бірқатар келісімдер жасалды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ЕҚДБ арасында «ШалқияЦинк ЛТД» мен ЕҚДБ арасында несиелік келісімге кепілдік беру туралы құжатқа қол қойылды. Қор Қызылорда облысындағы Шалқия кен орнындағы байыту фабрикасының құрылысын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелердің кепілі ретінде банкпен келісімге келді.
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024