ПРИНСТОН – Жаңа жыл басталғалы әлемдік тәртіптің өзгеретіні белгілі болды. Дональд Трамп АҚШ-тың президенті қызметіне кірісті, Қытай төрағасы Си Цзиньпин Давоста жаһандануды жақтап сөз сөйледі, Марин Ле Пен, Гирт Уилдерс сияқты әсіреоңшыл саясаткерлер Германияның Кобленц қаласында «Еуропаның балама саммитін» өткізді.
Трамп пен оның Еуропадағы жақтастары жаһандануды жамандаса, Си Цзиньпин оны қызғыштай қорғауға кірісті. Алайда, әсіресе Трамптың бұл пікірі қайшылыққа толы: ұлттық экономикалық мүдделерді көздеу халықаралық ынтымақтастықты онша қажет етпегенімен, қауіпсіздікті қорғау саласында ынтымақтастық өте-мөте керек.
Трамптың инаугурацияда сөйлеген сөзі АҚШ-ты Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыспауға шақырған «Американың бірінші комитетінің» баспасөз хатшысы болған расист ұшқыш Чарльз Линдбергтің изоляционистік риторикасын еске түсірді. Енді Трамп америкалықтардың басындағы экономикалық қиындық үшін бұдан бұрынғы басшыларды кінәлап, АҚШ-тың соғыстан кейінгі тәртіпті қалыптастырып, ұстап тұрудағы тарихи рөлінен бас тартты. «Ғаламдық Америкаға» қарсылар бұрын да болғанымен, бұл пікірді АҚШ президентінің айтуы – ерекше жаңалық.
Трамптың бұл көзқарасы қарыз саясатына негізделген. Қарыз арқылы қаржыландырылатын ірі бизнесті бақылап үйренген ол қарызды қайтару шарттарын өзгерту арқылы «басқа елдер» Америкадан алып кеткен нәрселерді қайтаруға болады деген ой түйген. Ол Қытай мен Германияға шүйлігіп отыр, себебі олар 2015 жылы АҚШ-пен екіжақты саудада тиісінше 366 миллиард және 74 миллиард доллар оң сальдоға қол жеткізген. Инаугурацияның алдында ол неміс көліктерінің импортына жоғары тариф енгізетінін айтты, соның ішінде BMW-ға ерекше тоқталды.
Ағымдағы операциялар бойынша есеп-шоттарда профицитті ұлғайтқан екі елдің де АҚШ-тан алашақтары өте көп. Қытайда бұл мемлекеттік қарыз түрінде болса, Германияда – қауіпсіздендірілген активтер күйінде. Қытайдың сыртқы резервтері жылдам азайып жатса, Германиянікі көбею үстінде. Бірақ, екі жағдайда да Американың екіжақты дефицитті жою әрекетінің соңы америкалықтарды кедейлендіре түседі. Грекияның Еуропаның басқа елдерімен арадағы дефицитті бірден жойып тастағанынан мұның еш айырмасы болмай қалар еді.
Бұрындары АҚШ саясаткерлері ел ішіндегі жұмыс орындарын көбейту үшін профициті бар елдерді бюджет дефицитін арттырып, ақша-несие саясатын жұмсартуға көндіріп келген. Соның арқасында олар көбірек дамып, Американың тауарларын көп ала бастайтын. АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джимми Картер мен Рональд Рейган 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдары осы тактиканы қолданған, президент Барак Обама да 2009 жылы басталған еуро дағдарысының орта тұсында осы әдісті тағы пайдаланды.
Бұл – халықаралық экономикалық жүйедегі реттеудің классикалық формасы, сондықтан АҚШ-тың бұрынғы басшылары екіжақты қысым жасау, G7 және Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық институттар арқылы осы әдісті пайдаланып келген. Дегенмен, бұл келіссөздер көбіне әркелкі нәтиже беріп отырған. Ақыр соңында екі жақ та қанағаттанбай, процесс дұрыс болмай шығады.
Трамптың ойынша, бұл процестің дұрыс болмайтын себебі – профицитті елдер көзбояушылық жасайды-мыс. Осы көзқарасқа сүйенсек, Қытай 2015 жылға дейін әдейі валюта курсын төмен ұстап, қытай бизнесіне субсидия беріп, шетелдердің меншік құқын шектеп келді. Германия да алдымен 1979 жылдан кейін Еуропаның қатаң валюта бағамы жүйесі шеңберінде, ал 1999 жылдан кейін еуроаймақ аясында өз ақшасына осылай манипуляция жасаған. Трамптың тұжырымы бойынша, Еуропа одағы мен еуроаймақ – Германияның мүддесін қорғайтын және оның ықпалын күшейтетін механизм.
Классикалық түзету тәсілдемесіне екі түрлі балама бар. Жүзеге асу ықтималдығы жоғары балама – екіжақты келісімшарттарды нысанаға алу. Тарихта мұндай прецеденттер де болған. Мәселен 1980-жылдары Жапония «өз еркімен» АҚШ-та сататын көлік санын азайтқан. Соның нәтижесінде Жапония арзан көлік сатуды доғарып, бағаның тізбегін қымбаттатып жіберді.
Екіншісі – радикалды балама. Трамп солшылдардың талабын ұлтшылдық сарынға салып, қарыз мерейтойын не қарызды кешіруді талап етуі мүмкін. Оның бұл стратегиялық ойы Қытайдың ішкі қарызын арттырып, еуроаймақтың шешілмей тұрған қарыз мәселесін өршітіп жіберуі мүмкін.
Британия премьер-министрі Тереза Мэйдің 27 қаңтардағы Вашингтондағы Трамппен кездесуі «англо-америкалық капитализмге» негізделген жаңа қауіпсіздік шаралары туралы пікірді көбейтін жіберді. Англо-америкалық капитализмнің ескі стилі өнеркәсіпке негізделген, ал жаңа стиль қарызға, соның ішінде тұтынуды және өмір сүру стандарттарын жоғары деңгейде ұстау үшін үй иеленуге негізделеді.
Мэйдің үкіметі жаңа халықаралық тәртіп орнатуда шешуші рөл ойнай алады. Бірақ Ұлыбритания Еуроодақтан “hard Brexit” жолымен толық ажырасатынын ашық айтқанымен, Еуроодақ пен НАТО-ның ғаламдық қауіпсіздікті сақтаудағы рөлінің жоғары екеніне ерекше тоқталды.
Егер Мэй Трампты қарыз ақшаның құмар ойынынан гөрі қауіпсіздіктің маңызды екеніне сендіре алса, ол оның ел ішіндегі стратегиясының маңызды бөлігін өзгертіп, «ортақ жаудан бірлесе қорғану» тенденциясын сақтап қалған болар еді. «Алдымен – Америка» деген сөзді қолданған АҚШ-тың жалғыз президенті Вудро Вильсонның биліктегі мерзімінің соңында ортақ қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа негізделген жан-жақты халықаралық жүйе құруға талпынғанын еске сала кеткен жөн шығар.
Автор туралы: Гарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынас профессоры, Халықаралық басқару инновациясы орталығының аға зерттеушісі.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024