Ұлттық тәрбие мен салт-дәстүріміз секілді халық үшін маңызын жоғалтпайтын ұлттық құндылықтардың жанашыры осы тақырып төңірегінде қалам тербеген-ді. Қазақы қазынамызды насихаттаушы Зейнеп апамыздың бүгінгі сылқымдардың сән үшін таққан әшекейдің мәні мен мағынасына салғырт қарайтындығына көңілі толмайтындығын жеткізген. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атасының бабын келтіріп, батасын алған келін Зейнеп Ахметованың келер ұрпақ қыздары мен келіндеріне айтқан қажетіңізге жарар кеңестерінен...
Санғасырлық тарихпен дарыған тектілік қазіргі қазақ қыздарының бойынан қаншалықты көрініс табуда? Сәнге құмар бүгінгінің қыздары таққан әшекейдің мән-мағынасына қаншалықты мән беруде?
«Амал – ниетке сай». Бұл – екі дүние сардары, күллі әлемге мейірім мен шапағаттың көрінісі ретінде жіберілген соңғы Пайғамбар Мұхаммедтен (с.а.с) мұсылман жұртшылығына қалған құнды өсиеттердің бірі. Хадис пен аяттарды тұрмыс-тірлішігіне сіңіре, өмір заңдылықтарына айналдырған қазақ қоғамы үшін де бұл өсиет таңсық емес. Сүннет пен аяттан құралған, әуелгі қазақтан кейінгі оның ұрпағының бойына қанмен сіңген заңдар жүйесі халқымыздың күнделікті өмірімен біте қайнасып, ажырамастай бөлігіне айналған. Өкініштісі сол, кейінгі буын бойына атадан дарыған тектілігін сақтап қала алмауында.
Қолыңыздағы үлкен, дөңгелек пішінді, екі саусақты бірдей жауып, біріктіріп тұрған, жас қыздардың сәндік құралына айналған бұйым туралы сіз не білесіз? Оның мәніне тоқталып, мағынасын ашайық. Екі саусақты біріктіріп, бірдей тағылатын бұйымның атауы – құдағи жүзік. «Бір сақинаның ішіндегідей тату болайық!» - деген ниетпен құдағидың құдағиына сыйлайтын жүзігі. Оның екі саусаққа киілетін түрлері де бар. Құдағи жүзік — арадағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. Ертеде ел ішіндегі үлкендер қолында құдағи жүзігі бар егде қайыненелерді көріп, оның үй-ішіне, жақын-жұрағатына сыйлы, қадірлі кісі екенін бірден білетін болған екен. Аталған жүзіктің түріне күмістің қомақты бөлігі жұмсалып жасалады екен.
Үш саусаққа тағылған сақиналардан бастау алып, отауға, оның ар жағы білезікке бекітелетін әшекейдің де өзіндік орны мен мағынасы бар. Қазіргі күні аталған бұйымның мән-мағынасын түсінбеген аруларымыз екі немесе бір саусағына сақина тағып, білезігіне бекітеді. Барлық адамның үш жұрты болады. Яғни, үш сақина өз жұртын, қайын, нағашы жұртының бірлігінен отаудың, бір әулеттің пайда болып, ал осындай үш жұрты түгел әулеттерден біздің қасиетті отанымыздың білезікке бекітіліп құралатынын түсіндіріп тұрғандай. Бір өкініштісі бірлік пен берекенің маңызын ашуды мақсат еткен бұл бұйымның мағынасы мен мәніне бүгінгі арулар назар салмайды. Үш жұрттың татулығы мен ынтымағынан кішігірім отанның өмірге келетінін түсіндіретін бұйымды тек сәндік үшін емес, мағынасын түсіндіру үшін пайдалансаңыз нұр үстіне нұр болмақ.
Дана халқымыз әшекей бұйымдарды тек сәндік ниетте ғана пайдаланбай, оның қандай металдан жасалатынына ерекше назар аударған. Осы орайда зергерлер бағалы металдардың ішіндегі ең қолайлысы — күмісті қолданған. Қазақ зергерлері күмістің жылтыраған түсін әртүрлі пішіндер жасауға қолайлығын шебер пайдалана білген. Аталған металдың тартымды, түрлі қасиеті бар деп есептеп, көптеген сырқаттан сақтайтын, тазартатын қасиеті бар деп сенген. Сол себепті де ертеде үй шаруасындағы әйел ас қамдаса да бала шомылдырса да қолынан күміс жүзігін алмаған екен.
Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарханға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде күмістен жасалған сақина болуға тиіс. Қазақтар арасында «Сақинаны сәнге салмайды, ол — тазалыққа таразы» деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің төркіні сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын аңғартады. Дана халқымыз сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап, білген. Оның емдік қасиеті қазіргі медицинада дәлелденген. Ғалымдар күмістің ерекше қасиеттеріне ХІХ ғасырдың аяғында ғана мән беріп, зерттей бастапты. Күмістің ерекшелігі сумен әрекеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады екен. Күміс тек ауру тудыратын элементтерді жойып қана қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды шығарады. Шетелдік Роберт Бекер күміс иондарының адам ағзасындағы жасушалардың көбеюіне әсер ете алатындығын дәлелдеген дәрігер. Ол өзінің ғылыми кітабында күміс иондарының қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдардың жасушаларын қайта тірілтіп, көбеюіне көмегі барын жазған. Тамақ ішуге күміс қасық пайдалануға мән берілген. Егер қасық жұмсақ қақталған, ақ күмістен жасалса күміс иондары суға бөлініп, ерітінді түрінде, ағзаға сіңеді. Қолданыла келе күміс қасықтың жиегі мүжіле бастайды. Бұл ағзаға күміс иондарының қаншалықты енгенінің көрсеткіші болған. Күмістің біз біле бермейтін тағы бір қасиеті бар. Ол - залалсыздандырушы. Осы қасиеттерді білген қазақ халқы ертеректе күмісті тек сәндік үшін ғана пайдаланбай, косметологияда, керек десеңіз, бағбандар саяжайларда тыңайтқыш ретінде қолданған. Ал, аспаздар күміс қосылған сумен тағам әзірлеген.
Халқымызда «Саусақ бөлек болғанмен білек бір, тіршілік бөлек болғанмен тілек бір» деген дана сөз бар. Ендеше тектілік тұнған тарихпен жеткен салт-дәстүр, құндылықтарымызды бар қазақтың бойына сіңіру әр қазақтың міндеті. Ұмыт болған ұлт құндылығы бүгіннен бастап жаңарса, ертеңіміз жарқын болмақ. Ананың ақылы, әженің нақылымен ел көркіне айналар аруларымыздың бойына қазақылықты сіңіріп, тарихпен сусындадып тәрбилеу бүгінгі ата-ананың еншісінде.
Гүлжанат Қанибаева
«Азаматтық журналистер» жобасының мүшесі
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024