Экономика
Малайзия премьер-министрі пара алды деп күдіктеліп отыр
Малайзия билігі елдің премьер-министрі Наджиб Разактың жеке есепшотына мемлекеттік 1Malaysia Development Bhd (1MDB) инвестициялық қорынан 700 млн доллар аударылуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр деп хабарлайды vestifinance.ru порталы.
Өткен аптада The Wall Street Journal премьер-министрдің есебіне үлкен көлемдегі ақшалай соманың аударылғандығы туралы мәліметтер жариялап, қажетті құжаттарды Малайзияның бас прокуратурасына берді. Премьер-министр Разак өзіне тағылған барлық айыптаулардан бас тартып отыр. Ол өзін қорғау үшін барлық шараларды қолға алатындығын мәлімдеді.
Қазір елдегі екі оппозициялық партиялар осы мәселеге байланысты парламентте дебат ұйымдастыруды жоспарлап отыр деп хабарлайды ВВС.
Осыған дейін 1MDB топ-менеджерлеріне қатысты дау инвестициялық қордың банктер мен облигация иелеріне 11 млрд доллар қарыз болуынан байланысты туындаған еді.
Малайзиялық ринггиттің АҚШ долларына қатысты бағамы дүйсенбіде соңғы 16 жылдан бері минимальды белгіге дейін құлдырады. 2015 жылдың басынан бері ол 8,2% төмендеген.